Салтанатты іс-шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев пен «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков қатысты. Олар тұрғындарды құттықтап, партияның Жол картасы жүйелі жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Тәуелсіздіктің басты игілігі – ауылдарымыздың өркендеуі. Партияның Жол картасы осындай маңызды инфрақұрылымдық жобалар арқылы халықтың тұрмыс жақсартуға бағытталған. Көкжиде тұрғындары үшін бұл ерекше есте қалар күн. Әр шаңыраққа жылу мен береке тілеймін», – деді Қайсар Маңқараев.
Қала әкімі мен партия филиалының төрағасы ауылда алғашқылардың бірі болып көгілдір отынға қосылған Талғат Райбековтің шаңырағына барып, ізгі тілектерін жеткізді. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары қыста көмір жағып, күл шығаратын әуре-сарсаңнан құтылғандарына ризашылығын білдірді.
«Көгілдір отын ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетеді. Міне, біздің ауылымызға да газ тартылып, қуанып жатқан жайымыз бар. Бұл – ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы», – деді Талғат Райбеков.
Айта кетейік, бүгінде Көкжиде елді мекенінде 153-тен астам абонент газға қосылу мүмкіндігіне ие. Яғни, мыңнан астам тұрғынның тұрмысы жеңілдеді деген сөз. Сондай-ақ биыл мамырда партияның Жол картасы аясында Байырқұм ауылы да табиғи газға қосылды. Алдағы уақытта Жиделі және Аққала ауылдарына да көгілдір отын жеткізу жоспарлануда. Жыл соңына дейін Арыс қаласының орталығы толық газдандырылмақ.