Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті жоспардан тыс тек­серу жүргізіп, бірқатар заң­бұзушылықты анықтады. Олардың қатарындағы Qaz­aqGaz Aimaq АҚ-ы Түркістан өндірістік филиалы реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібін өрескел бұзғаны белгілі болған.
163 миллион теңгені заңсыз алған
2,248
оқылды

Анықталған деректерге сәйкес, 2022 жылғы 4 наурыз бен 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығында QazaqGaz Aimaq АҚ-ның Түркістан облысын­дағы фи­лиалы өңір тұтынушы­лары­нан газды алғаш іске қосу кезін­де қосу және пломбалау үшін заңсыз төлем­дер алған. Негізсіз өндірілген жалпы сома 163 545 574 теңгені құрады.

Сот әкімшілік істі қарау қоры­тындысы бойынша, филиал Қазақ­стан Республикасы Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодексінің 164-бабы 5-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, оған 16 354 557,4 теңге мөл­шерінде айып­пұл салынды. Сонымен қатар Деп­артамент тұтыну­шылардан заңсыз алын­ған соманы қайтару жөнінде міндетті ұйғарым шығарды.

Реттеушінің шешімі газ ком­паниясы тарапынан сот тәртібімен дауланғаны­мен, Түркістан облысы­ның мамандан­дырылған ауданара­лық әкімшілік соты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты, апел­ляциялық инстанция ше­шімді өз­геріс­сіз қалдырды, ал Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына жол­дан­ған кассациялық шағым өтініш беру­шінің өзі тарапынан қайтарып алынды.

Қазір заңсыз өндірілген қара­жатты Түркістан облысы тұрғын­дары­на қай­тару бойынша практи­ка­лық жұмыс жүр­гізілуде. Бұл процесс ерекше бақы­лау­да тұр және азамат­тар­дың құқық­тарын қорғауға, рет­телетін нарықтарға деген сенімді арттыруға әрі коммунал­дық қыз­мет­тер көрсету саласындағы ашық­тықты қамтамасыз етуге бағыт­талған.

Айта кетейік, QazaqGaz Aimaq АҚ-ы Қызылорда облысында да осын­дай заң­сыздықтар анықталған. Қызылорда облыстық мамандан­дырылған аудан­ара­лық сотының қау­лысымен филиал табиғи моно­полиялар туралы заңнама­ны бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, 61,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. 

 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы