Нәтижесінде, шектен шыққандар шегенделіп, жүгенсіз кеткендер жөнге келгендей. Олай дейтініміз биыл Жамбыл облысында жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 99,5 пайызға жетіп отыр. Ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 89 пайызды құрады.
Әрине, тақтайдай тегіс автожол жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні анық. Ал жол апаттарының артында адам өмірі мен денсаулығы тұрғаны белгілі. Жамбыл облысы биыл жол саласында 181 жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған. Қазір 81 жоба бойынша жұмыстар атқарылуда. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл өңірдегі жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 млрд теңге қарастырылған. Бөлінген қаржыға барлығы 181 жоба қолға алынып, 470,3 шақырым жол жөндеуден өтпек. Атап айтсақ, Тараз қаласы «Барысхан», «Бұрыл А, Б, В» алқаптарына 17,7 шақырым жол салынады. Ал 8 шақырым жол қайта жаңғыртылады. 444,6 шақырым жол (62,1 шқ – облыстық маңызы бар, 50 шқ – аудандық маңызы бар автожол, 332,5 шқ – елді мекен көшелері) орта жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, 8 көпір мен 2 жол өткелін салу көзделген.
Жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында бөлінген қаржының 4 млрд теңгесі жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталады. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы 24 нысан бойынша 42 инспекциялық тексеру жүргізіп, 149 сынама іріктеген. Оның ішінде, 31 сынама талаптарға сай деп танылса, 52 сынама бойынша сынақ жұмыстары жүргізілуде. Ал 66 сынамада сәйкессіздіктер анықталып отыр.
Ең бастысы өңірде битум тапшылығы жоқ. 2025 жылы жүзеге асырылатын жол жөндеу жобаларына 30 мың тонна битум қажет болса, қазір сыйымдылығы 34,1 мың тоннаны құрайтын жеті битум сақтау қоймасында 7,4 мың тонна қор жинақталған. Әрине, бұл жанға жылу беретін ақпарат. Алайда жол құрылысы саласында әлі де болса шешімін күткен мәселелер аз емес. Мұны аймақ басшысы да ашып айтып жатыр.
– Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары, сондай-ақ қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалдау мәселелері үнемі бақылауда болуға тиіс. Жол құрылысы сапасына ерекше назар аудару қажет, себебі бұл – жол қозғалысы қауіпсіздігінің басты кепілі.
Қоғам тарапынан жолдардың жағдайы мен қоғамдық көлік қызметіне қатысты сын-ескертпелер жиі айтылуда. Осыған байланысты әрбір жағдай бойынша кері байланыс орнатылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылдануы қажет, – дейді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар «Шу-Қайнар» және «Ескі Күйік асуы» автожолдарын күрделі жөндеуден өткізу өзекті мәселенің бірі болып қалуда. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды да жүйелеу қажет.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы