Қазақстанда тура бір айдан кейін ауыл шаруашылығы санағы басталады.
Мақсат Тұрлыбаев: Біз барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, фермерлерге және ауыл тұрғындарына үндеу жолдаймыз
Фото: gov.kz
1,201
оқылды
Бұл ауқымды статистикалық шара республиканың барлық өңірін қамтып, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы өзекті деректердің маңызды көзіне айналады.
2025 жылғы 1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Санақ екі кезеңде өтеді және 2025 жылдың 20 қазанына дейін жалғасады:  
Онлайн кезең – 1-31 тамыз аралығында: өсімдік және мал шаруашылығымен, балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ үй шаруашылықтары қатысуы тиіс. Сауалнама sanaq.gov.kz сайтында өтеді. 
Офлайн-кезең – 20 қыркүйек-20 қазан аралығында: интервьюерлер онлайн-сауалнамадан өтіп үлгермеген, бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үйлерді аралайды. 
«Біз барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, фермерлерге және ауыл тұрғындарына үндеу жолдаймыз. Ауыл шаруашылығы санағына қатысу – жай ғана рәсім емес, бұл еліміздің аграрлық саласының ертеңіне қосқан үлес. Тек толық әрі нақты деректер ғана мемлекеттік қолдауды дұрыс бағыттап, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға және ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саясатын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев. 
Санақта 2 млн жуық үй шаруашылығын және 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту жоспарланған. Бүкіл ел бойынша сауалнама жүргізу үшін 3 500-ден астам интервьюер тартылады. 
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары болады. 
Сондай-ақ азаматтар 1446 байланыс орталығына хабарласып, кеңес ала алады. Аграрлық саланың барлық қатысушыларын санақтан өтіп, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға шақырамыз, – делінген Ұлттық статистика бюросының ақпаратында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.