Қазіргі таңда цифрлық шешімдерді енгізу нәтижесінде АГИС жүйесі Астана, Алматы, Қызылорда, Семей, Қостанай, Орал және Атырауда бар.
Қазақстанның жеті өңірінде су шығыны 40%-ға дейін төмендеді
Фото: primeminister.kz
311
оқылды

Мемлекет басшысының инфрақұрылымдық салаларды цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстанда сумен жабдықтау және су бұру саласында заманауи технологиялық шешімдер енгізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметке сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, коммуналдық инфрақұрылымды цифрландырудың негізгі мысалдарының бірі  АГИС жүйесі – сумен жабдықтау және су бұру желілерін басқаруға арналған автоматтандырылған кешен. Бұған дейін су ресурстарын бақылау қолмен жүргізіліп, бұл үлкен шығындар мен апаттылыққа алып келетін. Алайда АГИС жүйесі енгізілгеннен кейін жағдай өзгерді.

Жүйе сондай-ақ автоматты диспетчерлеуді, нысандар мен желілерді паспорттауды және тағы басқаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

Бұл су шығынын 15-40%-ға, апаттық жағдайларды 30-50%-ға төмендетуге, жабдықтың қызмет ету мерзімін 15-30%-ға ұзартуға мүмкіндік берді. Бүгінде АГИС жүйесі Астана, Алматы, Қызылорда, Семей, Қостанай, Орал және Атырауды қоса алғанда 7 өңірді қамтиды.

Министр коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру саласындағы тағы бір тиімді шешім – Connected Home жүйесін атап өтті. Аталған шешім су ағуларын бақылау және олардың алдын алу бойынша интеллектуалды жүйе болып саналады. Мобильді қосымша арқылы нысан иелеріне хабарламалар жіберіледі, ал орталықтандырылған мониторинг апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. 

Бүгінде 15 000-нан астам нысан іске қосылып, 48 000-нан астам құрылғы қосылды. Аталған шешімді енгізу 5 786 апаттық жағдайдың алдын алуға және су тұтынуды 40%-ға азайтуға мүмкіндік берді. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.