Атырауда келіншек жекеменшік балабақшаға 7 айлық баласын апарып, бірер сағатта одан айырылған. Нәресте ауруханада көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Ұлым дін аман еді»: 7 айлық нәресте жекеменшік балабақшада қаза тапқан
istockphoto.com
2,838
оқылды

Ақжайық басылымының хабарлауынша, оқиға 2024 жылдың қазан айында болған. Атыраулық Гүлзия Бекболат жеті айлық ұлын үй балабақшасына берген. Бірнеше сағаттан кейін нәресте ауруханада қаза тапты. Әлгі балабақша, анықтай келе бірде-бір базада тізімделмеген, бірде-бір тексеруден өтпеген екен. Құжат бойынша тіпті бұл мекеме балабақша болмай шыққан. Жай ғана пәтер, олар сонда балаларды қарап отырған.

Балабақшаның басшылығы бұл оқиғадан кейін, ешқадай рұқсатсыз өздері жекеменшік үйде бала қарап отырғанын мойындады. Десе де, нәрестенің қазасына өздерін кінәлі деп санамайды.

Олардың айтуынша, нәрестені балабақшаға әкелгенде-ақ сырқат еді. Олар оған тек алғашқы көмек көрсеткен.

Ұлым бесікте жатып жан тапсырды. Реаниматолог нәрестенің ауруханаға келгенде көз жұмғанын айтқан. Мүмкін, ол тұншығып қалған болар. Сараптамада сәбидің сырқаты барын көрсеткен. Бірақ мен оған келіспеймін. Балабақшаға әкелгенімде баламның дені сау болатын. Істі жаппай, соңына дейін қаралуын қалаймын, – деді Гүлзия.

 Оның айтуынша, өлімнің себебі деп бронхит және пневмония көрсетілген.

Басылым Денсаулық сақтау басқармасында хабарласып, нәрестенің қазасы жайында мән-жайды білмек болған. Олар «Халық денсаулығы туралы» Заңның бабына сүйене отырып, жеке медициналық деректер жария етілмейтінін жеткізген.

Негізі өлім фактісі бойынша қылмыстық іс балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау туралы бап бойынша қозғалды. Қылмыс құрамы табылмады деген сылтаумен 4 айдан кейін тергеу тоқтатылды.

Қала прокуроры Рустам Әйтімов «Шешімді қадағалаушы прокурор бекітті» деп болжап отыр.