Баянды бастама аясында атқамінерлер өңір-өңірлерді аралап, бұқараның базынасына құлақ түріп келеді. Бұл орайда депутаттар да тұрғындармен кездесіп, аймақтардағы өзекті мәселелерге зер салуда. Күні кеше Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрым да Тараз қаласына ат басын тіреп, «М‑1» жылу магистралін жаңғырту жобасының барысымен танысты.
Жалпы, «М‑1» жылу магистралін жаңғырту жұмыстары талай жылдан бері өзекті болып келген. Міне, осы жұмысты Тараз қаласы әкімдігі қолға алып, қыс қамына қазірден кіріскен. Мәжілісмендер әуелі құрылыс алаңында жүріп жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып, жауапты мердігер және мамандармен тілдесті.
– Өздеріңізге мәлім, күні кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сегізінші сайланған ҚР Парламенті ІІІ сессиясының жұмысын қорытындылады. Жамбыл облысынан сайланған депутаттар Мәжіліс жұмысына бір кісідей үлесімізді қостық деп айта аламын.
Ал өңірге келгендегі мақсатымыз – әріптесім Гүлдара Алданышқызы екеуміз аймақтағы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына кірген жобалардың іске асырылуы, жылу желілерін жаңғырту, қысқа дайындық жұмыстарын жан-жақты саралау. Сонымен бірге алдағы күндері өңірдегі денсаулық сақтау нысандары, мектептер мен жаңадан салынып жатқан кәсіпорындардың құрылысымен танысамыз. Бұдан бөлек, өңір тұрғындарымен кездесулер өткіземіз, – деген Мұқаш Зұлқарнайұлы құрылысқа жауаптыларға күрделі жөндеу жұмыстарын жеделдетіп бітіру қажеттігін ескертті.
– Адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ең әуелі үйлерде жылу, ыстық су және кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі қажет. Таразда жылу желілері мәселесі ондаған жыл бойы шешілмей келген. Енді бұған көз жұма қарауға болмайды. Тұрғындар қысқы суықта жылудан тарықпайтынына сеніп өмір сүруі керек. Сондықтан құрылыс жұмыстарын сапалы әрі жоспарға сай аяқтау қажет, – деді депутат.
Мәжілісмен Гүлдара Нұрымның айтуынша, Жамбыл облысы партияның сайлауалды уәделері мен депутаттар дайындаған «Жылу энергетикасы туралы» заңның нақты жүзеге асырылуының үлгісін көрсетіп отыр. Бұл заң жылу жүйелерін орталықтандырылған, жергілікті және жеке жүйелер деп бөлуді, тариф саясатын жаңартуды, сондай-ақ сенімділік пен қауіпсіздікке қойылатын талаптарды қатаңдатуды көздейді.
– Тұрғындар партия уәде берсе, оны орындайтынына көз жеткізуі керек. Біз құрғақ сөзбен шектелмейміз, әр аймақта нақты нәтижеге жұмыс істейміз. Таразда біз осының нақты мысалын көріп отырмыз. Қаржы бөлінді, мердігер жұмыс істеп жатыр, құбырлар ауыстырылуда, тұрғындар нақты өзгерісті көріп отыр, – деді Гүлдара Алданышқызы.
Айта кетейік, шаһардағы күрделі жөндеу жүріп жатқан «М-1» жылу магистралі 1990 жылы салынған. Яғни, 35 жыл қолданыста болған. Ал жылу желілерін пайдаланудың нормативтік ресурсында мерзімі 25 жылдан аспауы керек. Осыған байланысты 2023 жылдың басында қала аумағындағы магистралды және ішкі кварталдық жылу желілеріне техникалық тексеру жұмыстары жүргізілген. Қорытындысында, «М-1» жылу магистралі 80 пайызға тозған деген нәтиже шығарылған.
Осылайша, 2023 жылы қала әкімдігі «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасын әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Аталған жылу желісін жөндеуден өткізуге республикалық және облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы аясында жеңімпаз мердігермен келісімшарт жасалған.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының тапсырыс берушісі Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, мердігері – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Техникалық қадағалаушысы – «АДС САПА» ЖШС, ал авторлық қадағалау жұмысына «Институт «КазНИПИЭнергопром» АҚ жауапты.
Былтыр аталған жылу құбырының 4 602 метр бөлігі ауыстырылса, биыл қалған 1 536 метрі жаңартылады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны 10 миллиард теңгеден асады. Жоба толық аяқталғаннан кейін Тараздағы жылу желілерінің тозу деңгейі 67 пайыздан 51 пайызға дейін төмендемек. Бұл – оң өзгерістерге бастайтын маңызды қадам.
Міне, осы жұмыстарды көзбен көрген мәжілісмендер құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Ал түс қайта депутаттар тұрғындармен кездесіп, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерге құлақ түрді.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы