Қарағандыда бір тәулікте бір айлық жауын-шашын жауды. Осындай қалыптан тыс жаңбырдың салдарынан бірнеше сағаттың ішінде қала көшелерін, аулалары мен жолдарын су басты.
Сумен келген сынақ
1,460
оқылды

Су басқан жердің бірі ірі «Таир» сауда орталығының артындағы автотұрақ болды. Бұл аймақ ежелден су басу нүктесі ретінде белгілі. Мұның себебі жауын-шашынды болғанда су кетер жер жоқ, ал су жиналып, аумақты нағыз көлге ай­нал­дырады.

Қарағанды ​​әкімдігі: «Мәселенің маңыз­дылығын мойындаймыз, оны шешудің жобасын дайындап қойдық. Жақын арада жаңа нөсерді су ағызу жүйе­сін төсеу бо­йынша ауқымды жұмыс­тарды бастау жоспарлануда», – деген жауаппен құтылды.

Жоба диаметрі 600 миллиметрлік құбырларды пайдаланып, ұзындығы ша­мамен 2,5 шақырым болатын кәріз жүйесін салуды көздейді. Мұндай инфра­құрылым жаңбыр суын қауіпсіз қашықтық­қа тиімді түрде ағызып, қатты жауын кезін­де де су басу қаупін азайтады.

«Жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл учаскеде бұдан былай су тасқыны аймағы болмайды және қала тұрғындары ауа райы қолайсыз болса да оның бойымен еркін жүре алады», – деп сендірді Қара­ғанды қаласының әкімі Мейрам Қожықов.

Дегенмен еріксіз сұрақ туындайды: мәселенің ауқымын түсініп, оны шешуге неліктен көп жыл қажет болды? Қала тұр­ғындары жылдар бойы қолайсыздық­тарға тап болуда, жылда бір жөнделіп жатқан «Таир» сауда үйінің аумағындағы жолға суағар неге жасамаған?

 «Қазгидромет» мәліметі бойынша, Қарағандыда 44,2 мм жауын-шашын түсті, айлық норма 43 мм, бұл – норманың 103%-ы. Қарапайым тілмен айтқанда, ай сайынғы жауын-шашын небәрі үш сағатта жауды. Жолдарда су жиналып, электр қуатының үзілуі байқалды. Ком­муналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеді. Тұрғындар коммуналдық қызметке де рақмет айтады. Жұмыстың ауырлығына қарамастан, олар қаладағы жағдайды тұрақты ұстауға тырысты. Жұмысшылар нөсер құбырларына суды айдады, қаланың айналасында нөсер төгетін торлар ашыл­ды, кейбір аудандарда сору жұмыстары жүргізілді. 

Қарағандыда жауған жауын салдарын жоюға 80 жол жұмысшысы мен 60-қа жуық арнайы техника, оның ішінде 27 сорғыш техника жұмылдырылды. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Бағдаршам­ның жұмысындағы кешегі олқылықтарды да айта кеткен жөн. Қалада 207 бағдаршам орнатылған. Сел салдары­нан 10-ы жұмыс істемей қалып, кептеліс тудырды. Электрмен жабдықтауға келетін болсақ, «Қарағанды ​​Жарық» жауапкерші­лігі шектеулі серік­тестігінің ақпаратына сәйкес, барлық тұтынушылар электр қуатымен қамтылған. 

Мейрам Қожықовтың айтуынша, қатты жауын салдарынан қалалық қосалқы стансалар жұмысында технологиялық ақаулар болған. Қазіргі уақытта кейбір тұтынушыларға электр жарығы қайта бер­ілді. Қала бойынша қайта қосу жұмысы жалғасып жатыр, сондықтан кей жерлерде уақытша жарық өшірілуі мүмкін. Бұл – қауіпсіздік мақсатындағы шара.

«Тұрғындардан түсіністікпен қарауды сұраймын. Бірқатар бағдаршам қайта іске қосылды, қалғандарына қатысты тексеру жүріп жатыр. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр», – деді әкім.

Сонымен қатар жаңбыр Кеншілер даңғылы бойындағы жолды да селге айналдырды. Нөсер жауын салдарынан көліктер жүре алмай қалды. Бұл жерде де суағар қарастырылмаған болып шықты.

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы