Десе де, туроператорлар жақында Дубай мен Катарға күнделікті рейс ашылатынын айтады. Әрі қазақ даласы мен Еуропа арасын жалғар жаңа бағыт ашылған. Дерек бойынша, жыл сайын 10 миллионнан астам қазақстандық шетел аралайды. Соның ішінде 1 миллион адам туроператор көмегіне жүгінеді. Расымен, ел іші тиімді ме, әлде шетел көрген оңай ма?
Аспаннан «бұлт» төнбесін
Иә, әуелде Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты хабарламасына сәйкес, Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумағында, әуе кеңістігінде және оған жақын аймақтарда ұшуға толық тыйым салынған. Бұл шектеу арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болатыны да ескертілді. Оған қоса, жағдайды жіті қадағалап, сапарды, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне баруды мұқият жоспарлауды ұсынды. Қазір жағдай біршама тұрақтанған соң Израиль 24 маусым күні әуе кеңістігін қайта ашып, қысқа бағыттағы рейсттерді қалпына келтірді. Ал ұзақ қашықтықтағы бағыт 22 шілдеден бастап ашылады. Иран 28 маусымнан бастап орталық және батыс Иран үстінде халықаралық транзиттік тасымалға рұқсат берді. Бірақ Тегеран және кейбір аймаққа әуе қозғалысы шектеулі.
Осы кейс қазақстандықтарға белгілі бір елге саяхаттамас бұрын сондағы саяси жағдайды шолып шығу керегін көрсетті. 50 елге табаны тиген саяхатшы-журналист Руслан Меделбек те қауіпсіз саяхаттау керегін айтады. Ол Aviasales-тің Demalys media-сында саяхатшыға қажет жеті қағиданы жіктеген.
«Алдымен, жоспар құрғанда елдегі саяси, эпидемиологиялық ахуалды бір қарап алыңыз. Мысалы, былтыр Африка елдеріне бармақ болдым, бірақ эпидемиологиялық жағдайдың қиындауына байланысты жоспарымды өзгерттім. Егер сіз барған елде жаппай наразылық басталып кетсе, жағдай ушығып жатқан жерлерге бармаңыз. Сапарға шыққанда қажетті дәрі-дәрмек бар «дәрі қобдишасын» бірге алуды ұмытпаңыз. Дәріханадан тұмауға қарсы, ыстық көтерілгенде, бас, іш ауырғанда, аллергияға қарсы ішетін дәріні сатып алыңыз. Бұған қоса, барар жеріңіз сақтандыру талап етсе де, етпесе де елден сақтандыру жасатып алыңыз. 20 мың теңгеге жасатқан сақтандыру шетелде ауырып қалсаңыз 20 мың доллар үнемдеуге көмектеседі. Қауіпсіз саяхат үшін барар елдегі Қазақстан елшілігінің мекенжайын, телефонын, жұмыс уақытын біліп алыңыз. Барар еліңізде елшілік жоқ болса, ең жақын елдегі елшілік жайлы ақпараттан хабардар болыңыз. Оған қоса, егер Еуропа не Азияға турға шықсаңыз, бір сапарда бірнеше қала немесе бірнеше елге баратын болсаңыз, аз жүк алыңыз. Себебі 10-20 келі чемоданды қонақүйден әуежайға не вокзалға сүйреп жүрген ыңғайсыз. Бастысы, саяхатта паспорт, құжаттар, ақша, банк картасы, телефонға сақ боламыз. Паспортымды арнайы целлофанға орап, рюкзагымдағы терең әрі мығым қалтаға саламын. Себебі аяқасты жауын жауып я сөмкем су болса, құжаттарым бүлінбеуі керек», – дейді ол.
Тәжірибелі саяхатшы айтқандай, адамға ең керегі – қауіпсіз саяхат. SaparLa Travel тур-компаниясының директоры Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлының айтуынша қазір жағдай тұрақтанған. Дубайға рейстер күнделікті ұшса, Катарға рейс Астана қаласынан 10 шілдеде, Алматыдан 12 шілдеде, Шымкент қаласынан 29 шілдеден бастап қалпына келеді. Туроператордың айтуынша, Дубай бағыты бойынша рейс кейінге қалғанда жолаушыларды 3-4 күн қонақүймен, тамақпен толық қамтамасыз еткен.
Алаяққа арбалып қалмаңыз
Маусым басталған соң, көпшілік актив демалысқа қарағанда пассив демалыс түрін таңдайды. Туроператорлар осындайда Түркия, Египет, Вьетнам сұранысқа ие екенін айтады. Шомылу маусымы болған соң Түркияның ішінде Анталья жағалауын, Бодрумды, Егей теңізін таңдаса, Египетте Мысыр мен Шарм-эль-Шейх-қа тұрақтайды. Мұның себебін тур-пакетте бәрі қосылған соң, бұл үлкен кісіні де, баланы да бірге ертіп жүруге тиімді екенімен түсіндіреді. Артық шығынсыз, пассив демалыс өткізгісі келетін жанға таптырмайтын ұсыныс деп отыр.
«Қазір маусым болған соң, Вьетнамға соның ішінде Дананг қаласына турист ағылып жатыр. Қазақстаннан Нячанг қаласына саяхат бұрыннан сатылымда бар. Дананг биыл қатарға қосылды. Соған қарамастан, рейс көп әрі турист жетерлік. Дананг – Вьетнамның ірі қаласы, Юнеско тізіміне енген. Хойан атты қаласы тағы бар. Қыдыратын жері көп, экзотикалық, тропикалық аймағы бар, теңізге шомыласыз. Пассив пен актив демалыс бірге қарастырылған. Одан кейін Грузияны, Әзербайжанды таңдайтындардың қатары көп. Жасыл аймаққа, әсем табиғатқа тамсанады деп ойлаймын. Өйткені тауда да, бауда да демаласыз. Айта кетерлігі, биыл қазақстандықтар Шымкент арқылы Еуропаға саяхаттауды бастады. Scat әуекомпаниясы Мюнхен, Будапешт бағытын ашты. Сондай-ақ Қытайға, соның ішінде Шанхайға тікелей ұшасыз. Меніңше, карантинге дейінгі рейстерді есепке алмағанда, Қазақстаннан Шанхайға тікелей рейс болмаған», – дейді SaparLa Travel тур-компаниясының директоры Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.
Оның айтуынша, тиімді саяхаттау үшін демалысты ертерек жоспарлау қажет. Немесе «күйіп бара жатқан турды» уақытында қағып алған дұрыс. Туроператорлар мұндайда орын саны аз қалған соң, соны өткізу үшін тиімді баға ұсынады. Айта кетерлігі, мамандар сіз бен бізге «жұмбақ» болған чартерлік рейске қалай билет алуға болатынын да түсіндірді.
«Өкінішке қарай, чартерлік рейске билеттер ресми сайтта сатылмайды. Бұл – тур компанияларға тиесілі билет. Чартерлік рейс – тур ұйымдастыруға арналған рейс. Егер ұшақ ішіндегі орын толық өтпесе, тиімді бағада билет сатып алуға болады. Қазір алаяқтар көп. Мұқият болыңыз, қай жақтан сатып алғаныңызды, бронь уақытын тексеріңіз. Билет электронды платформада сатылса да, аэропортқа барғанда жоқ болып шығуы мүмкін. Ескерерлігі, чартерлік рейсте баға ұшуға жақын қалғанда ғана арзандайды. Мысалы, қыркүйек айына чартерлік рейске билет сатып алғыңыз келсе, ойыңыздағы бағаны таба алмайсыз. Себебі баға жақындағанда ғана түседі. Шынтуайтына келгенде, бұл күйіп кетейін деп турған турдан қалған ұшақ билеті, тек жанында қонақүй бағасы қосылмаған», – дейді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.
Тақырыпқа тұздық, мамыр айында Instagram желісінде бір блогер Алакөлдегі демалыс бағасын есептегенде 1 млн 100 мың теңге шыққанын жазды. Содан Египеттегі демалыс арзан әрі тиімді болған соң, сол жаққа бет алған. Мұндай оқиғаны тұрғындар да растап отыр.
«2022 жылы отбасымызбен Түркияға барып, бірнеше қаласын араладық. Соның ішінде Антальядан 30 мың теңгеге жалдаған қонақүй бағасына тамағы да кірді. Төртжұлдызды қонақүй екені тағы бар. Таңдау көп, аралап жүріп, ойыңдағы бағаға іздеп таба аласың. Былтыр Шығыс Қазақстан бағытындағы Аалакөлге бардық. Жатын-орын бір күнге 60 мың теңге. Оған тамағы кірмейді. Артықшылығы, көл маңында орналасқан, адам қарасы аз. Үш күнге тамаққа 150 мың теңге жұмсадық. Жол шығыны, ұсақ-түйекке жұмсаған ақшаны есептеп тұрғаным жоқ. Мына ақшаны есептесеңіз, оп-оңай шетелге тур сатып алуға болады. Неге ел ішінде тиімді демалуға жағдай жасалмағанына таңырқаймын», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Әнел Нұрбаева.
Қош, ел ішіндегі жол түзеліп, қызмет көрсету сапасы жақсарғанша, шетелге саяхаттайтындар көбеймесе, азаймайды. Бірақ ілгеріге қарағанда атпен жүрсе де, жалғызаяқ жолға түссе де, Саты ауылына тартып тұратындар бар. Ал турист тарту үшін – «жол түзелсін, жауапты орган, сен де түзел».
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ