Маңғыстау облысының тумасы 38 жастағы азамат Ақтөбеде екі адамды өлтіріп, біреуін кепілге алғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aykin.kz сайты «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік оқиға биыл 13 қаңтарда Ақтөбедегі жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Іс материалдарына сәйкес, ер азамат бұл үйге заңсыз қақпасынан секіріп кірген. Сөйтіп, аула ішіндегі жазғы тамға кіріп, тығылып, үй иелерінің келуін күткен. Ол үйде зейнеттегі кемпір-шал қызы және немересімен тұрған.
«Қылмыскер қолында жол дорбасы (рюзак) болған, ал ішінде пышақ, бұрағыш (отвертка), скотч салып алған. Үй иесі жазғы тамға келгенде әлгі азамат оны пышақтап, денесін жертөлеге лақтырып жіберген. Мамандар әйелдің денесіне 20 шақты пышақ жарақаты салғанын анықтады. Салдарынан әжей қаза тапқан.
Анасының ұзап кеткенін байқаған қызы оны іздеп шыққан. Содан жазғы тамда танысын көреді. Әлгі қылмыскер күндіз ғана келіншекке тұрмысқа шығуға сөз салған екен. Бірақ ол ұсыныстан бас тартқан. Екеуі әлеуметтік желі арқылы танысыпты.
Шамданған азамат келіншектің әке-шешесімен сөйлесу ниетінде үйіне басып кірген екен. Қаскөй сүйіктісін ұстап алып, шашынан сүйреп, қол-аяғын скотчпен байлап, аузын майлықпен жауып, үстінен скотчтап тастаған.
Арада біраз уақыт өткен соң қария кемпірі мен өгей қызын іздеп шығады. Қаскөй оны ұрып-соғып, пышақтап, балтамен саусақтарын бір-бірлеп шауып, жертөлеге тастайды. Қансыраған кемпір-шал сол жертөледе жан тапсырады.
Кешке қарай немересі ата-әжесі мен шешесіне хабарласа алмаған соң ағайындарымен іздеп келген. Сөйтіп, полиция шақырған. Құқық қорғаушылар келген сәтте ер адам үйде баррикада орнатып, әйелді кепілге алып, талаптар қоя бастаған. Бастапқыда ол ақша сұраса, кейіннен әйелді босатудан бас тартқан. Үш сағатқа созылған келіссөздер нәтиже бермей, арнайы жасақ үйге шабуыл жасап, күдіктіні ұстады. Жәбірленуші ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді», – делінген басылымда.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындамаған. Ол тек әйелдің анасын өлтіргенін мойындап, өгей әкенің өліміне қаза тапқан әйелдің қызы жауапты деп көрсетуге тырысқан. Алайда сот мұндай уәждерді негізсіз деп тауып, Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпты деп таныды:
ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі – екі немесе одан да көп адамды өлтіру;
ҚК-нің 126-бабы 2-бөлігі – адамды заңсыз бас бостандығынан айыру;
ҚК-нің 107-бабы 1-бөлігі – денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру.
Сот үкімі бойынша, сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленушілерге:
7,3 миллион теңге материалдық шығын;
20 миллион теңге моральдық өтемақы;
500 мың теңге сот шығындарын өтеуге міндеттелді.
Қаулы заңды күшіне енді.