Биыл 6 шілдеде отандастарымыз Ұлттық домбыра күнін атап өтеді.
Ұлттың бойтұмары
1,485
оқылды

Мерекелер қатарына 2018 жылы қосылған бұл мейрам қазақпен бірге жасасып келе жатқан, дала өркениетінің ажырамас бөлшегіне айналған көне аспаптың жаһанға танылуына қызмет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баршаға ортақ құндылыққа айналған домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды екенін атап өткен еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Ұлттық дом­быра күніне арналған құттық­тау­ында: «Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсы­мыздың жүрегімізге жақын. Өйт­кені қазақ пен домбыра – бір-бірі­нен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Академик Ахмет Жұ­банов «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айт­паған. Қастерлі аспаптың қос ішегіне халқымыздың бүкіл бол­мысы сыйып тұр», – деген еді. Рас­ында да домбыра қарапайым музыкалық аспап емес. Ол ұлт жадын жаңғыртатын, ауызша тарих пен этнографиялық мұра­лар­ды қадымнан бүгінге жеткізе­тін, ұлттың ұланғайыр музыка­лық мұрасының басым бөлігін бойына жинақтаған аспап. Тіпті, домбы­ра­ны аспап дегеннен көрі құнды­лық деп атаған әлдеқайда жа­расым­ды сияқты. Ол ұлттық бі­регейліктің негізгі ұстындары­­­ның біріне айналып кеткен құрал. Сондықтан мемлекет домбырада күй тарту өнерін UNESCO-ның адамзаттың ма­тер­иалдық емес мәдени мұрасын тізіміне енгізуге қол жеткізді. 2014 жылдың 26 қа­р­а­шасында халықаралық ұйым тізімін осы күй өнері толықтырды.

Қызығы сол, домбыра аспабы ғасырлар тереңінен келе жатқан, әр дәуірдегі өзгерістер мен жаңа­шылдыққа ыңғайлы әмбебап аспап. «Тоғыз перне, екі ішекті» деп саналған көне аспап қазір за­манауи оркестерлерде де қол­дан­ылып жүр. Тіпті этно-рок, нео­­фолк, электронды музыка сияқ­­ты ең заманауи бағыттармен де үйлеседі. 2000-жылдардың бас­ында «Ұлытау» тобының дом­быра­ны эстрадаға алып келгені елдің есінде. Ал қазір домбыраны заманауи музыка құралдарынан бөліп қарастыру да қиын. Отан­дық талай өнерпаз халықаралық сахналарда домбыраның сүйе­мел­деуімен ән салды. Домбыра Димаш Құдайбергеннің де сері­гіне айналды. Әлем жұрты қазір қазақтың осынау аспабының мүмк­­індіктерін әбден мойындады. Бұл дегеніңіз – ұлт мәдениетін мой­ындау деген сөз. Мысалы, жапон музыканты Акира Такегу­чи Ыстамбұл қаласында домбыра­мен танысып, қазір Жапонияда тұрақты қойылымдар ұйымдас­тырып, ұлттық аспап пен Қазақ­станға қызығушылық танытып жүр. Британиялық Сабина Мас­терс күйеуімен бірге Атырау қа­ла­­сына көшіп келіп, қазақ тілін үй­реніп, домбыра ойынын мең­ге­ре бастады. Кейін ол Ұлыбри­танияға екі домбыраны әкетіп, қазір Англияда студенттерге бағ­дарлап Құрманғазының күй­лері мен рөлі туралы диссер­тация жазу­ды жоспарлап отыр. Амери­ка­лық Джефф Герш өз жұмысын­да домбыраны рок-н-ролл ба­ғы­тымен үйлестіре отырып қол­да­­на­­ды. Қазақстандық музыкант Әйгерім Мырзахмет негізін қала­ған World Dombra Academy жоба­сы шетелдіктерге домбыра шер­ту­ді үйретіп жатыр.

Айтпақшы, жаһандану дә­уірі домбыраға ұлт жастары­ның да көзқарасын өзгерткен. Бұ­рын үй­дің төрінде ғана тұра­тын аспап, қазір нағыз бұқара­лық музыка құра­лына айналды. Қазақ жас­тары көшеде гитара шер­тіп, ән салып өскен аға бу­ын­­ның «мұра­сын» өзгертті. Ел қалаларының көрікті жер­лері­не, саябақтарға домбыраны алып шықты. 

2012 жылы басталған Dombyra party деп аталатын дәстүрлі іс-шара – соның айғағы. Бір топ блогердің ұлттық аспаптарды, мәдениетті, игі дәстүрлерді сәнге айналдыруды көздеген бастамасы бүгінде әлемге таралған флеш-моб үлгісіндегі қозғалысқа ай­налды. Тек 2012 жылдың жазында Dombyra party іс-шарасы Астана­да, Алматыда, Атырауда, Шым­кентте, Петропавлда, Жаңаөзен­де, Оралда және басқа да қа­ла­ларда өткен. Флеш-мобты Моң­ғо­лия­ның Баян-Өлгей аймағын­дағы қазақтар іліп әкетті. Сөйтіп сол елдің астанасы Ұланбатырда Dombyra party өтті. Түркия қазақ­тары мен сонда оқитын қазақ жас­тары Ыстамбұлда, Анталияда, Анкарада осындай іс-шара ұйым­дас­тырды. 2013 жылы Dombyra party Лондонда, Лиссабонда, АҚШ-тың бірнеше қаласында өтті. Кейін әлемнің көптеген айма­ғын қамтитын іс-шараға айналып кетті. 2012 жылдың 16 тамызында Астанадағы Бәйтерек монументінің жанында домбыра­мен ән салған Аршат Оразов, Ал­дан Жылгелді, Нұрғиса Асыл­беков, Маралбек Сағынғанов, Жанасыл Болатбек, Данияр Алан, Алмас Алтай және Нұр­берген Мақым атты сегіз жігіттің бастауымен дүниеге келген, дом­б­ыра­ны насихаттайтын шара қазір мемлекеттік идеологияның ажырамас бөлшегіне айналған. Жылдар өтсе де жаңғырып, қана­тын кеңге жайып келеді. 

Қазақ жастарының бұлай белсенуіне ешкім нұсқау берген емес. Тәуелсіз ұрпақ санасында қалыптасқан идеядан басталды. Өзара ұйымдасты, игі істі баста­ды. Мұның өзі домбыраның ұлт ынтымағын арттыруға, жастар санасын трасформациялауға да қабілетті аспап екенін көрсетсе керек. Ал Мемлекеттік ұлтпен тағ­дырлас аспап үшін арнайы атаулы күн, айырықша мереке та­ғайындауы домбыраның мәр­те­бе­сін асырып, танымалдығын арттыратын қадам болғаны сөзсіз. 

Алмас АЛТАЙ,

блогер: 

Ұлттық аспапқа ғажап құрмет

Бұл таза аяқ астынан, тіпті «арты бұндай қозғалысқа ұла­сып кетеді екен-ау» деп «күдік­тенбес­тен» басталған шаруа еді. Өзіміз тығыз араласатын аза­мат­­тар – «КерекИнфо» деген са­йт­­тың қол­дану­шылары жиыл­ып отырып, сол жиыннан соң көшеге шығып кете салған едік...

«Басы қараның бәрі игі» де­мей ме қазақ, ұлтқа қызметтің үлкен-кішісі болмайды ғой – Dombyra party да өз әлінше бір тетік боп әсер еткен шығар. Ар­тын­ша Асық Party дегенді бір жі­гіт­тер ұйымдастырып жүрді. 2012-жылдары Астана қазіргіден біршама орысқол еді ғой, сол тікбақай қалаға сәл-пәл қазақы­лық сыйлаған шығар осындай шаралар. Дегенмен домбыраны танымал еткен, ұлықтаған, қас­терлеген – ол «Домбыра күні» деп арнайы атаулы дата белгілен­гені болды деп түйемін. Біздің өт­кізіп жүрген шараларымыз халық ішінде, ел арасындағы қа­ді­р­ін арттырар, ал Ұлттық аспап­қа арнайы мәртебе беріп, күн белгілеу – ол бір ғажап құрмет болды.

Нұрғиса АСЫЛБЕКОВ,

аудармашы: 

Мені «патимэн» деп те атаған

2012 жылы бір топ азамат, «Керек­Инфо» дейтін сайттың әкім­ші­лері мен қолданушылар Аста­на­дағы Нұржол бульварында, «Керуен» ойын-сауық орталығы­ның алдында отырып домбыра тартып, ән салуға уағдаласқаны­мыз бар. Сөйтіп тамыздың ая­ғын­да бастадық. Ешқандай пат­ро­нажсыз, ешкімнің қол­дау­ын­сыз, саяси ұрансыз, өзіміз өткізіп жүрген флешмоб еді. Әкімдіктер­дің, шенеуніктердің қатысы жоқ, дербес форматта өтетін іс-шара ғой. Әлі күнге дейін солай жал­ғас­ып келе жатқан болуға тиіс. Осы бастама кейін жан-жаққа тарады. Басқа қалаларда, елдерде өтті. Өз басым Түркияның Ыс­там­бұл қа­ла­сында, Ұлыбритания астанасы Лон­донда, еліміздің 7-8 қаласында осы шараны өткізіп­пін. Бәлкім содан шығар, бір кездері мені «патимэн» деп те атаған. 

 

Амангелді ҚҰРМЕТ