Елімізде жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Биыл бұл мереке 6 шілдеде тойланбақ.
Домбыра күні қалай өтеді?
524
оқылды

2018 жылы Президенттің бас­тама­сымен бекітілген бұл мереке ұлт­тық бірегейлікті нығайтуға, жастардың дәстүрлі мәдениетке қы­зы­ғушылығын оятуға және ұрпақтар сабақтастығын насихаттауға бағыт­талған. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі осы күнге орай өтетін республикалық іс-шаралар жоспарын бекітті.

Жоспарға сәйкес биыл ел көле­мінде 300-ге жуық іс-шара ұйымдас­тырылады, оның 200-ден астамы өңірлерде жоспарланған. Ертең Ал­маты қаласындағы MEGA Alma-Ata ашық алаңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық ас­пап­тары оркестрінің мерекелік кон­церті өтеді. Сонымен қатар Көктөбе саябағының алаңында Dombyra party атты салтанатты концерт ұйым­дастырылады.

Астанадағы амфитеатр алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрнекті композитор Нұрғиса Тілен­­диевтің 100 жылдығына ар­налған концерт ұйымдас­тырылады.

Жамбыл облысында «Көне Тараз» археологиялық саябағы ау­мағында «Ұлттық домбыра күні – баба үніне құрмет» атты музыкалық кеш өткізу жоспарланды.

Түркістанда «Әзірет Сұл­тан» тарихи-мәдени музей-қоры­ғының алаңында «Дом­быра  – дастан» атты мә­де­ни-көп­шілік іс-шара ұйым­­­­дас­­­тырылады. Соны­мен қатар елі­мізде Дом­быра күніне орай чел­лендж өтіп жатыр, оған 100-ге жуық мә­дениет саласының көр­некті өкілі қа­тысуда.