Алдын ала мәлімет бойынша, жеті жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді, – деп хабарлайды облыстық Полиция департаменті.
Қарағанды облысы полицейлерінің хабарлауынша, 5 шілде күні Kia Sedona маркалы көліктің жүргізушісі Балқаш қаласы бағытында, Ақшатау ауылына жетпей, алдын ала мәлімет бойынша, алдында келе жатқан көліктерді басып озуға әрекеттеніп, жол белгілерін елемей, жол жұмыстары жүргізіліп жатқан бөлігіне, одан әрі жол жиегіне шығып кеткен. Соқтығыс кезінде көлік отқа оранған.
"Оқиға салдарынан алдын ала мәлімет бойынша, жеті жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның аясында қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", – дейді Қарағанды облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Азамат Ахметов.
Қарағанды облысының Полиция департаменті өкілдері барлық көлік жүргізушісіне жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Тәртіп сақшылары ұзақ сапар барысында арнайы жабдықталған кемпингтер мен автотұрақтарды пайдалана отырып, демалу қажеттігін айтады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.