Отандық металлургияның болашағы

Қазақстанның тау-кен металлургия өнеркәсібі – ел экономикасы­ның негізін құрайтын стратегиялық маңызды сала. Бұл саланың тұрақты дамуы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігі, ең алдымен, минералдық шикізатты терең әрі кешенді өңдеу технологияларына байланысты.

Соңғы жылдары осы сала бойынша еліміздің ғылыми және өндірістік орта­сында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жоба бар. Әрқайсысы ерекше назар аудару­ға тұрарлық. Солардың бірі – тех­ни­ка ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжалиев бастаған ғалымдар тобы әзірлеген «Экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технологияны әзірлеу және түсті металлургияның жарамсыз шикіза­ты­нан маркалы селен өндіру» атты ғылы­ми-техникалық жобасы. Бұл жоба өнер­кәсіптік деңгейде сәтті жүзеге асырылды. Қазақстанда көп жыл бойы түсті метал­дардың полиметалл кендерін өңдеу ісі негізгі металдарды – мыс, қорғасын, мы­­рыш, алтын, күміс және молибден өн­діруге бағытталып келді. Олардың жа­нама компоненттері – селен, теллур, сүрме, мышьяк, висмут сынды бағалы микроэлементтер көп жағдайда өндірісте толық пайдаланылмай, қалдық күйінде қалып отырды. Алайда қазіргі заманның талабы, жаһандық нарықтағы өзгерістер және өнеркәсіптің тиімділігін арттыру қа­жеттігі бізден шикізатты мейлінше тол­ық игеруді және жоғары қосылған құн­ды өнімдер алуды талап етеді. Яғни, кешенді әрі экологиялық жағынан қауіп­сіз технологияларды енгізу – бүгінгі күн­нің басты талабы.

Аталған ғылыми жоба – ұзақ жылдарға созылған зерттеулердің, теориялық және тәжірибелік жұмыстардың, сондай-ақ нақты өндірістік шешімдердің нәтижесі. Авторлар: профессор Б.Кенжалиев жет­ек­шілігіндегі ғалымдар В.Володин, Е.Ос­­панов, С.Требухов, А.Шахалов – селенді тазартудың жаңа, тиімді әрі экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық әдісін әзір­леп, оны «Қазақмыс корпора­циясы» ЖШС ­өндірісіне енгізді.

Қазір бұл технология бойынша өндір­ілген маркалы селен ГОСТ 10298-2018 стан­дартына толық сәйкес келеді, негізгі компоненттің үлесі 99,5%-дан жоғары. Мұндай сападағы өнім тек ішкі нарықта ғана емес, экспортқа да жоғары сұранысқа ие. Осы орайда өндірілген 100 тоннадан астам рафинирленген селеннің өзі 300 миллион теңгеден астам таза табыс әкел­гені – жобаның экономикалық тиімділігін айқын көрсетеді.

Жобаның тағы бір ерекше қыры – оның экологиялық қауіпсіздігі. Жаңа тех­нология атмосфераға зиянды заттар­дың бөлінуін күрт азайтады, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді, шикізатты толығырақ пайдалануға жол ашады. Бұл – Қазақстанның эколо­гиялық стандарттарын сақтау мен өнер­кәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Сонымен қатар еліміз үшін сирек кездесетін және стратегиялық маңызы бар элементтер – селен, теллур сынды элементтерді өз өндірісімізде ти­ім­ді игеру – тек экономикалық пайда ғана емес, технологиялық егемендік пен ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңыз­ды. Бұл ғылыми жоба – отандық ғылым мен өндірістің өзара тиімді ықпалдасты­ғының жарқын үлгісі болмақ. Бұл жұмыс Қазақ­стан металлургиясының жаңа дең­гейге көтерілуіне, сирек металдарды ти­ім­ді өндіру және экспорттау ісіне үлкен сер­пін береді. Сондықтан профессор Б.Кен­­жалиев бастаған авторлар ұжымы­ның «Экологиялық қауіпсіз вакуум-тер­мия­лық технологияны әзірлеу және мар­калы селен өндіру» жөніндегі ғылыми еңбегін әл-Фараби атындағы 2025 жылғы ғылым мен техника саласындағы Мемле­кет­тік сыйлыққа ұсыну – толық негіздел­ген және әділетті шешім деп санаймын.

 

А.СЫЗДЫҚОВ,

Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар

институтының директоры