Саясаттағы көрегендік адамзаттың беталысын бағамдаудан, жаһандағы оқиғалардың өрбу барысын болжай білуден, болашақта тиімділік әкелер бастамаларды қазірден қолға алудан көрініс береді. Бұл ретте әлемдегі күйзеліс-құбылыстардың ушығып келе жатқанын байқап, президенттік өкілеттігінен өз еркімен бас тартқан, тыныш заманда билік транзитін өткізген Елбасының қадамы көрегендік болғаны айқындалды.
Жауапты көшбасшылықтың үлгісін көрсеткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті ықтимал саяси сын-тегеуріндер мен келешекке кесірін тигізер қауіп-қатерлердің алдын алғандай. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев ел алдындағы дербес жауапкершілігін жақсы түсінді, оның салдарларын ескерді.
Джордж Вашингтон, Мұстафа Кемал Ататүрік секілді, Н.Назарбаев ұлттық тарих пен ондағы өз орнына мән беретін, Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекеттің негізін қалаған тарихи тұлға.
Президент өкілеттігін өз бетімен тапсыруы – мықты, құрметтеуге лайық қадам болды. Н.Назарбаев ел басшылығынан кеткенімен, тарихта қалды, саясаттағы өз орнын сақтады.
Нұрсұлтан Назарбаевты өз өкілеттігін табыстауға не итермеледі? Оған ел ішінен немесе сырттан қысым көрсетілді деген тұжырымды тіпті қарастырудың өзі – әбестік. Оның үстіне, Елбасы сыртқы қысым жағдайында шешім қабылдауды ұнатпайтын саясаткерлер қатарына жатады. Н.Назарбаевтан сәттілік теріс айналды деуге де келмейді. Қаласа, ол келесі сайлауында да жеңіске жетер еді. Менің ойымша, Тұңғыш Президенттің өз өкілеттігін тапсыруының басты себебі – Тарих еді. Елбасын ірі істерге шабыттандыратын және әлдебір әрекеттерден аяқ тартқызатын басты фактор – тарих пен ондағы орны.