«Ізетті зейнеткер» орталығына жолдама алу үдерісі толық цифрландырылған.
Денсаулық пен сергектік – басты назарда
автордыкі
3,048
оқылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Данабек Исабек жұмыс сапарымен Шымкент қаласындағы егде жастағы азаматтарға арналған «Ізетті зейнеткер» орталығында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Бұл әлеуметтік мекеме «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген маңызды бастамалардың бірі ретінде ашылып, 2023 жылдың 1 қарашасынан бастап қызмет көрсетуде. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов, қалалық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев, мәслихат депутаттары Талғат Исхахов, Нұрсұлтан Балабиев, Абай аудандық филиал төрағасы Нұрғазы Бұхарбай, атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы, сондай-ақ Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мен мекеме қызметкерлері қатысты.

Алғашында 70 адамға лайықталған «Ізетті зейнеткер» мекемесі бүгінде бір уақытта 120 зейнеткерді қабылдай алатын әлеуетке ие. Мұнда демалушыларға сапалы медициналық және әлеуметтік қызметтер толық көлемде ұсынылады.

Мекеменің жалпы аумағы – 3 699,9 шаршы метр. Ғимарат ауласында қариялардың таза ауада серуендеп, демалуына мүмкіндік беретін көгалдандырылған аймақ, шағын саябақ, су бұрқақ, демалыс орындықтары қарастырылған. Бұл – психологиялық әрі физикалық релаксация үшін жасалған тиімді жағдайлар.

Зейнеткерлер мекемеде дәрігердің бақылауында болып, әрқайсысы өз денсаулығына қарай арнайы емдік процедуралардан өтеді. Бұдан бөлек, күнделікті төрт мезгіл ыстық, әрі құнарлы тағам ұсынылады. Демалушылардың рухани қажеттілігін ескере отырып, мәдени бағдарламалар ақын-жазушылармен кездесулер, ән-күй кештері де тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Мекеменің тыныс-тіршілігімен танысқан депутат Данабек Исабек бұл орталықты партияның әлеуметтік бағыттағы жарқын жобасы ретінде жоғары бағалады. «Бұл халқымыздың, әсіресе қарттарымыздың салауатты ғұмыр кешуіне ықпал ететін маңызды бастама. Мұндай орталықтар еліміздің өзге өңірлеріне де үлгі болуы тиіс», – деді халық қалаулысы.

Өз кезегінде демалушылар да көрсетіліп отырған қамқорлық пен қызмет сапасына риза екендіктерін білдірді.

– Мұнда барлық жағдай жасалған. Денсаулығына шипа іздеген біз сияқты қариялар үшін таптырмас мекен. Осындай қамқорлыққа мұрындық болған азаматтарға алғыс айтамыз, – дейді орталықтың демалушысы Раиса Қалмағамбетова.

Айта кетейік, «Ізетті зейнеткер» орталығына жолдама алу үдерісі толық цифрландырылған. Зейнеткерлер geo-shym.kz порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен өтінім беріп, кезек нөмірін де онлайн түрде бақылап отыра алады.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы