Жағалауда құтқару стансасының құрылысы басталып, Алакөл аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу, салдарын жою, алғашқы медициналық көмек көрсетуге, адам өмірін сақтау мен жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыру қолға алынуда.
2018 жылдан бері жөндеу көрмеген Алакөл жағалауы жанданып жатыр
баспасөз орталығы
976
оқылды

Мемлекет басшысының Алакөл жағалауындағы туристік инфрақұрылымға қатысты сынынан кейін Абай облысы әкімінің тапсырмасымен оның орынбасары Серік Төленбергенов Мақаншыға барып, аудан басшылығының және жауапты мемлекеттік мекемелердің қатысуымен көл басында шұғыл жиын өткізді. Онда демалушыларға қолайлы жағдай жасау, санитарлық тазалық пен қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды, – деп хабарлайды Аikyn.kz. сайты Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көл жағасына құқық қорғау органдарымен бірге рейд жүргізіп, тәртіптік шараларды күшейеді. Соның ішінде моторлы қайық иелерінің қызмет көрсетулері қатаң тексеріледі. Тазалық мәселесі қарастырылып, қоқыс тастаған сауда орындары мен демалыс үйлеріне айыппұл салынады.

Алакөлдің Абай облысындағы жағалауына биыл ерекше көңіл бөлініп жатқаны бәріне белгілі. Сондықтан бұған дейін наурыз айынан бастап, облыс әкімі Берік Уәли туристік орынға 3 рет барып, көшпелі жиын өткізген.

Әкімдіктің мәліметінше, Алакөл жағалауына 2018 жылдан бері жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Осыны ескере отырып, облыстық бюджеттен 658 миллион теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыдан Арбат алаңын жөндеуге 108,9 млн тг, жаңа қоғамдық кеңістік құруға 171,6 млн тг, жағалауды абаттандыруға 107,5 млн тг бағытталды. 25 киім ауыстыратын орын, 50 контейнер, 2 биотуалет орнатылды. 7 пирстің 3-еуі орнатылып, құтқару мұнаралары мен жағажайды жарықтандыру жұмысы жүргізілді.

– Сонымен қатар жағалауда құтқару стансасының құрылысы басталды. Аталған станса Алакөл аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу, салдарын жою, алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасау, адам өмірін сақтау мен жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосы салынуда. Екі өрт сөндіру автокөлігіне арналған бекет Алакөл маңы мен аумағындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

– Оған қоса, тазалық сақтау және тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қосымша 100 қоқыс контейнері мен 75 урна орнатылған. Бүгінде жалпы 110 контейнер бар. Арбат аумағында тазалық жұмыстары әр 30 минут сайын, ал жағалауда күніне үш рет жүргізіледі. Қалдықтарды өңдеуге арналған полигон құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Биыл жағалаудағы санитарлық тораптар саны 8-ден 18-ге дейін көбейтіледі. Қазірдің өзінде 10-ы орнатылды. Жаңа «Алаколь» қосалқы стансасы мен жоғары кернеулі желілер құрылысына жобалар дайындалып, құрылыс жұмысы 2026 жылдың қазан айында аяқталады. 

Ал қауіпсіздік мәселесі бойынша құтқарушылар мен инструкторлар күнделікті кезекшілік жүргізеді. 5 құтқару мұнарасы, 6 адамнан тұратын арнайы топ жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар министрлігі және көлік инспекциясы жағажай аймағында су көліктеріне тұрақты рейдтер жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде 30 су көлігі тексеріліп, 12 әкімшілік хаттама толтырылған.

Абай облысының әкімдігі Президент тапсырмасына сәйкес барлық шараларды жедел қолға алып, Алакөл жағалауындағы ахуалды жақсарту бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыра береді, – делінген әкімдік хабарламасында.