Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, дарынды ақын әрі қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров - ұлтының рухани мұрасын терең түсініп, оны қадірлеуге үндеген қайраткер. Оның қаламынан туған «Күйші» поэмасының өзі-ақ қазақтың күй өнеріне деген ілтипатын, сол арқылы ұлт болмысына деген сүйіспеншілігін айқын аңғартады. Дегенмен Ілияс тек поэзиямен ғана шектелмей, қазақ халқының мәдени байлығын, соның ішінде күй өнерін зерттеуге, жинауға, насихаттауға да белсене атсалысқан. Бұл ретте оның «Қазақ күйі жиналсын» атты мақаласы айрықша мәнге ие. Біз зерделемекші мақала мәтінін І.Жансүгіровтің көптомдық жинағының (Алматы, “Қазығұрт” баспасы, 2005) 4-томынан алынды. Мақала 1927 жылы жазылған деп көрсетілген.
Мақала кіріспесінде Ілияс Жансүгіров қазақ халқының ән-күй өнерін мол әрі бай рухани қазына ретінде сипаттайды. Ол бұл мұраны толық жинап, хатқа түсіру ісі әлі бастау кезеңінде екенін айтып, алғашқы қадамды жасаған Затаевичтің еңбегін ерекше атап өтеді.
Елде не көп, ән көп, әдебиет көп, күй көп. Бірақ біз ел әдебиетінің, ел өнерінің бәрін де жинап жеткізе алмай жатырмыз. Ел өнері – бізде әлі ақтарусыз жатқан қазына.
Ел өнерінің бір түрі – ән-күйді жинауға жаңадан аяқ салдық. Оның алғашқы адымы – Затаевич. Затаевич қолында ана басылған «1000 әннен» басқа бірнеше жүздеген ән жинағы, күй жинағы бар көрінеді. Затаевичтің қолына түскен ән, күй – үлкен қазынадан өнген қазына.
Затаевичтің бұл еңбегі арқылы біз жоғалып бара жатқан ел әндерін, күйлерін қолға түсіріп отырмыз. Затаевичтің еңбегімен барлық кеңес қолтығындағы жұрттар, тіпті шет жұрттар, дүниежүзі қазақпен, қазақтың өнері, ән-күйімен танысып отыр. Затаевичтің бұл еңбегін бұлдап, атақты журналист Сасновский көптің көңілін қазаққа, қазақ өнеріне аударып отыр (өткен жылғы маусымның 20-сындағы «Правда» газетінде).
Бұл жерде Ілияс Жансүгіров Затаевичтің еңбегін жоғары бағалап, оны қазақтың ән-күй мұрасын сақтап қана қоймай, оны әлемге танытуға жол ашқан маңызды қадам ретінде көрсетіп отыр. Ол Затаевичтің жинақтары арқылы қазақ өнерінің шекара асып, кеңестік кеңістікте ғана емес, әлемдік деңгейде де танылып келе жатқанын ерекше атап өтеді.
Ары қарай оқиық.
Затаевич жинаған әндерін, күйлерін өңдеп, мелодия, гармония ырғағымен өнерлі музыканың үлгілі буынның жүйесіне түсіріп отыр.
Ол қазақ күйлерін, әндерін «квартет-домбырасына» салғанда үлгіленген, өңделген, үнделген қазақы күйді тыңдайсың.
Ілекең бұл мақалада қазіргі таңда көп айтыла бермейтін маңызды жайтты көтереді. Бүгінде Затаевичтің тек «1000 әні» ғана жиі аталады, ал шын мәнінде ол жинаумен қатар, көптеген ән-күйді кәсіби тұрғыда өңдеп, жеке фортепианолық немесе ансамбльдік орындауға лайықтап, музыкалық жүйеге түсірген. Күйлерді лайықтап өңдеуі сол дәуір үшін үлкен жаңалық болды деп айта аламыз. Бұл туындылардың деңгейін бағалауды бүгінгі кәсіби музыканттарға қалдырған дұрыс, алайда мұндай музыкалық өңдеулердің бір ғасыр бұрын сенсацияға пара-пар болғанын ұмытпауымыз керек.
Сол Затаевич биыл өткен жазда Семей арқылы Қарқаралыға барып, әндермен бірге мынау күйлерді алып қайтқан: «Қосбасар», «Абылайдың қара жорғасы», «Боз айғыр», «Аққу», «Ақборан», «Асанқайғы», «Бес төре», «Сарыөзен», «Шал-кемпір», «Терісқақпай», «Кенесарының көк балағы», «Қалмақ қара жорға», «Тәттімбет былқылдағы», басқалар.
Бұл жерде Ілекең жаңа жинақталған күйлері жайлы жазып отыр. Яғни, бірсыпырасы жоғарыда айтқан “”1000 әнде” жарияланған болса, жаңа олжасы “500 ән мен күйінде” бар болуы тиіс.
Ары қарай мақала авторы сол кездегі проблемаға ауысады.
Жоғарыда елде күй көп деген едік. Расында, күй көбеюде емес, күй күннен-күнге азаюда, елде сауық-сайран азайған сайын, ел домбыра тартып, күй күйлеуден көрі, жан бағу амалына айналып, шаруалар болған сайын домбырашы да, күй де, ән де бұлдырап азаюда. Домбыра, қобыз, ән-күйге әуестік азайып барады. Елдегі ескі күйші шалдар өлген сайын күйлеріміз көрге көмілуде. Біздің елде ертеректе Тойтан деген бір шал 40 күй тартады екен. Ол күйлердің бұл күнде біреуін де ешкім білмейді. Тек күй аттарын айтып, аңыз қылысады. Сөйтіп, Тойтан өлімі 40 күйді ала кетіп отыр. Жалғыз Тойтан емес, толып жатқан домбырашылар, күйшілер күйімен бірге зым-зия жоғалып жатыр. Елде жастан домбырашы шығу, жаңадан күй шығу өте сирек.
Бір ғасыр бұрын ескі күй тарту дәстүрі әлсіреп, оны меңгерген қариялар азайып, жас домбырашылар сирек кездесетінін Ілияс ашық жазады. Ал бүгінде жағдай мүлде басқа. Тек үш жоғары оқу орнынан жыл сайын елуге жуық жас маман кәсіби домбырашы ретінде түлеп ұшады. Бұған қоса, алдыңғы жылдардағы түлектер мен еліміздегі музыкалық мектептерде домбыра үйреніп жүрген мыңдаған оқушыны қоссаңыз, ұлттық аспапқа деген қызығушылықтың жоғары деңгейде екенін байқаймыз.
Ары қарай Ілекең Затаевич сияқты өзгелер де шама-шарқынша халықтық мұраны түгендеуге шақырады. Газеттерге халықтың өзі білетін күйлері мен күйшілер жайлы жазып, сақтап қалудың ұсынады. Өзі де тізім жасап береді:
1) Жетісудың Талдықорған үйезінде Ақсу болысындағы домбырашылардың (Нұрсапа, Егеубай, Молықбай, басқалар) тартатын күйлері мыналар: «Ақкөбек», «Қаракөбек», «Қазан қаласын шапқандағы күй», «Мәдіген Шора», әрине «Барақ», «Ала байрақ», «Қара жорға», «Шынырау», «Тепек көк», «Құдіреттің құсы», «Дүлдүлдің жүрісі», «Ала айғыр», «Қалипан патшасының әскері мен жүрісі», «Абай қоңыр», «Жұмағыл», Ақсаққұлан», «Жошы хан», «Бестөре», «Ақмеди күйі», «Сылқылдақ», «Құлақ күйі», «Саркідір», «Ақсақ қойдың маңырағаны», «Әуре-сарсаң сандал көк», «Түрікпен», «Ноғай-қазақтың айырылғаны». «Қорамжан жалғыз», «Әрине-ау», «Борлы қыз», «Қос келіншек», «Қос мерген», «Ақсаққой», «Аққу», «Түйек қалды», «Қарқара-ау», «Терісқақпай», «Қорқыт», «Шыңғысбай қоңыры».
2) Қарқаралының арғыннан, Қотанбұлақ деген жердегі Манас-Мандар руынан Алматыға өткен жылда оқу іздеп келген Ержанұлы Манарбек домбырашы бала (осы күнде Алматыда Бейісұлы Айтбектің қолында) мына күйлерді тартады: «Үш қожаның қырға таласқаны» (бұл өзі үш күй), «Тәттімбеттің сылқылдағы», «Көкейкесті», «Боз айғыр», «Қара жорға», «Сары өзен», «Бес төре», «Көрұғлы» (қор ұлы), «Қосбасар» (үш түрлі), «Айрауықтың ащы күйі», «Түйе қас», «Бозінген», «Молы қыз», «Желмая», «Түйе киік», «Аққу», «Терісқақпай», «Қорқыттың күйі», «Біржанның күйі», «Сарбұлақтың күйі», «Асанқайғы», «Өрелі шабдар», «Қалқам тұр», «Терісқақпай», «Ақыметшенің күйі», «Тақиям қалды», «Сара қыздың күйі», «Шашубай күйі», «Бұлбұл күйі», «Жасымбектің күйі». Мұның білетіні — 30 күй.
Бұл жерде Манарбек Ержановты ерекше атап өтеді. Мақала шыққаннан көп жыл кейін Манарбек атақты әншіге айналып, халық қошеметіне бөленеді. Ал Ілияс оны алдымен күйші екеніне назар аударғысы келетіндей әсер қалдырады. Бүгінде Манарбектің күйлері біршама жинақталған. Көп жыл бұрын арнайы авторлық күйлер жинағы да шыққан. Күйлері де аракідік тартылып жүреді.
Бір мақаламен барлығын қамту мүмкін емес. Ілекеңнің өзі де оны жазады.
Бұл айтылғандар елдегі көп күйдің бірі — бір азғанасы. Жер мөлшерімен айтқанда Балқаштың екі жағынан түйісетін Тобықты мен Матайдың ғана күйлері. Осы екі елдің күйін салыстырғанда, көбінесе ат жағынан жалпы, ортақ күй, бірақ тартылуда, домбырада өзгеше болатындары толып жатыр. Өзге елдің, өзге жалпақ қазақтың күйі де әзіргі атаусыз жатқан, ақтарусыз жатқан қазына.
Мына бір ойымен қазақ ғылымындағы күйтану бағытының алғашқы қадамдары деп білуге болады. Күйді жинақтау мен классификациялаудың алғышарттары деп айтуға толық негіз бар. Және бұл құр ақпараттық мақала емес, болашақтың қамы үшін үндеу деп қарауға болады. Ең соңғы сөйлемі соны меңзеп тұр.
Қалайда күй жиналсын, - деп аяқтайды мақаласын Ілияс Жансүгіров.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.