Жетісу облысында 1655 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жетісу облысы Алакөл ауданында жалпы ауданы 1655 гектарды құрайтын 14 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – «AMANAT» партиясының жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының жүйелі жұмысының нәтижесі.
«Жер аманаты» жеңісі
4,919
оқылды

Сәуір айында Мәжіліс депу­таттары, «Жер аманаты» комис­сиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек пен «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов Жетісу облысының Алакөл ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы са­ласының жай-күйімен және жер мәселелерімен танысқан болатын. Комиссия жүргізген тексеріс ба­рысында аталған жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы игерілмей, бос жатқандығы анықталған. Аумақты уақытша пайдалану мерзімі әлде­қашан өтіп кеткеніне қарамастан, жергілікті әкімдік пен тиісті ме­кемелер тарапынан ешқандай шара қабылданбаған. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Ба­зарбек Бас проку­ратураға ресми сауал жолдап, «Жер аманаты» ко­миссиясы анықтаған заңбұзушы­лықтарды тексеруді сұраған.

Депутаттың айтуынша, 2024 жылғы сәуір айында Жетісу облы­сының Алакөл ауданындағы Ақши ауылына барған сапарында 351 коммерциялық мақсаттағы жер учаскесінің 10 жыл бойы игеріл­мегеніне куә болған.

«Осы учаскелердің бәрі 2016 жылдан бері игерусіз жатыр. Заң бойынша үш жыл ішінде пайда­ланылмаған жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс еді. Аудан әкімдігі мен тиісті бөлімдер неге шара қолданбаған?» – деді Бақытжан Базарбек.

Прокуратураның араласуынан кейін барлық 14 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, мемлекеттік жер қорына өткізілді. 

Айта кетейік, жалпы Жетісу облысының жер қоры 11 848,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 4 718,2 мың гектар. 2022-2024 жылдары пайдаланылмай жатқан немесе мақсатына сай пайдаланылмаған 1,2 млн гектар жер анықталып, оның 712 мың гектары қайта айналымға тартылды, 502,6 мың гектары мемлекет мен­ші­гіне қайтарылды. 2025 жылы 90 мың гектар жерді мемлекетке қай­­тару жоспары бекітілген. Жыл ба­сынан бері 36,9 мың гектар жер қай­тарылып, бұл көрсеткіш жос­пардың 40,9%-ын құрап отыр. Бү­гінде халықтың жайылымға де­­ген қа­жеттілігі 476,2 мың гектарды құрайды.

«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы респуб­ли­ка көлемінде игерілмеген және заңсыз берілген жерлерді анықтап, мем­лекет меншігіне қайтару жұмыс­тарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл бастама елдің жер ре­сурстарын тиімді әрі әділетті пай­далануға бағытталған.