Қала аумағында бүгінде кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық, травматологиялық, пульмонологиялық және жалпы оңалту бағыттары бойынша 34 медициналық мекеме жұмыс істеп тұр. Бұл ұйымдар ересектер мен балаларға тегін оңалту қызметтерін ұсынып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, толыққанды қалпына келуіне мүмкіндік беріп отыр.
Медицина саласы мамандарының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласындағы оңалту орталықтарында 150 мыңға жуық медициналық оңалту шаралары жүзеге асырылған. Бұл көрсеткіш – қаланың денсаулық сақтау инфрақұрылымындағы оң өзгерістер мен медициналық қызметтердің сапалы дамуының нақты дәлелі. Науқастар көбіне инсульттен кейінгі оңалтуға, операциядан немесе жарақаттан соң қалпына келуге, созылмалы аурулармен байланысты кешенді ем алуға және туа біткен немесе жүре пайда болған неврологиялық, ортопедиялық, тыныс алу жүйесінің бұзылыстарын емдеуге жүгінеді.
Тұрғындар бұл қызметтерді МӘМС аясында толығымен тегін, ал бағыттамалар учаскелік дәрігер арқылы беріледі. Дәрігерлер реабилитолог немесе тар бейінді мамандармен кеңесе отырып, әр пациентке жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді. Шымкенттегі жетекші оңалту орталықтарының бірі – «Мейірім» медициналық оңалту орталығы. Бұл мекеме 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға арналған кешенді оңалту қызметтерін ұсынады. Қазір орталықта 130 орынға арналған неврология және соматикалық бөлімшелер жұмыс істейді. Жүйке жүйесі, туа біткен өкпе аурулары, ортопедиялық патологиялар, психоневрологиялық ауытқулар және басқа да диагноздармен күрделі ем жүргізіледі.
Кешенді емдеу әдістері балаларды ауыр симптомдардан арылтып, толыққанды өмірге оралуына жол ашады. Дәрігерлердің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жартысында орталықта 1000-нан астам оңалту қызметі көрсетілген. Соматикалық бөлімше қызметі тыныс алу жүйесін жақсартуға, қабыну процестерін азайтуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған. Ал неврологиялық бағыттағы ем-дом қозғалыс функцияларын қалпына келтіруге, сонымен қатар балалардың дамуындағы кешігулерді еңсеруге арналған. Медициналық оңалту емделуден кейінгі аса маңызды кезең. Дәрігерлердің пікірінше, уақытылы жүргізілген оңалту шаралары аурудың қайталануын азайтып қана қоймайды мүгедектік қаупін төмендетіп, балалардың мектепке және қоғамға бейімделуін жеңілдетеді.
Осы ретте Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласы оңалту бағытындағы қолжетімділікті кеңейтіп, балалар мен ересектерге сапалы әрі тиімді медициналық көмекті МӘМС аясында тұрақты түрде ұсынып келеді. Барлық процестер – толығымен цифрлық және ашық, ешқандай қосымша төлемсіз жүзеге асырылады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған оңалту қызметтері тұрғындардың денсаулығын ұзақ мерзімді сақтаудың тиімді тетігі. Шымкент қаласында осындай қызметтердің саны мен сапасы жыл санап артып келеді. МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балаларға, күрделі операциядан кейінгі науқастарға, созылмалы аурумен ауыратын азаматтарға, жан-жақты көмек көрсетіп отыр.
Медициналық оңалту – емнің жалғасы ғана емес, жаңа өмірге қадам. Ал Шымкенттегі оңалту ұйымдары осы қадамды сеніммен жасауға мүмкіндік беретін нақты қолдау алаңы.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы