Енді басталған суды қатаң үнемдеу оның түбіне жетіп, жойып тынбақ. Ресми статистика бойынша мақта өндірушілер 2022 жылы 116,7 млрд теңгенің өнімін жинаса, егістігінің күрт азаюы кесірінен 2024 жылы бұл көрсеткіш екі еседей, 61,2 млрд теңгеге дейін кеміп кетті. Депутаттар оның жойылуына жол беруге болмайтынын айтады, өйткені бұл стратегиялық сала: жеңіл өнеркәсіп сыртында, қорғаныс, оқ-дәрі жасау үшін де мақта керек. Бұл істе мемлекеттің өзгеге тәуелді болғаны елге қауіп.
Мұнда ізгі үлгіні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Аймағымыздағы Тәжікстан биыл мақтаны 100% терең өңдеуге қол жеткізгелі тұр. Осының арқасында тәжіктер әлемге тоқыма экспортынан табатын табысын 3 миллиард долларға жеткізбек. Asia-Plus порталының жазуынша, кеңес заманынан бері Тәжікстан мақта шитінің тек 30%-ын өңдеп келген.
Батыс инвесторларының қолдауымен, тәжік Үкіметі бұл санды 100%-ға, ал тоқыма экспортын – 10 есеге дейін арттырып жатыр. Бұл хабарды ТР премьер-министрі Кохир Расулзода жеткізді. Ел тоқыма-мата саласын басымдық деп жариялады. Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрі Шерали Кабир мақта-тоқыма саласын қарқынды дамытуға Үдемелі индустрияландыру мен өнеркәсіптік өндірісті бесжылдықта екі еселеу жөніндегі IV Ұлттық стратегия аясында қол жеткізілгенін мәлімдеді.
– Бүгінде тоқыма секторы инновация орталығына айналды. Біз жетекші елдердегі озық жабдықтарды өндірушілер, инвесторлар мен серіктестер тарапынан елімізге қызығушылықтың өскенін байқап отырмыз. Сол себепті мақта шитін шетелге шикізат күйінде шығармай, толығымен өзімізде өңдеуге шешім қабылдадық, – деді тәжік министрі.
Осы саясат аясында толық циклды кластер құрылды: ол мақта өсіруден бастап, одан дайын өнім жасауға, тұқым мен өнім сапасын бақылау, сертификаттау және инновация енгізуге дейінгіні қамтиды. Бұл істе тәжік еліне халықаралық ұйымдар мен батыс кеңесшілері көмекке келді. Үкімет шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасады, салық және кеден жеңілдіктерін ұсынды. Қажетті инфрақұрылымы бар өнеркәсіптік аймақтар жұмыс істейді, кадрлар даярланады. 600 мың жаңа жұмыс орны ашылған, тәжік мигранттары Ресейден оралып жатыр.
Бізде ше? Мақта бүгінде тек бір өңірде – Түркістан облысында ғана өсіріледі. Бұл бағытта 25 мыңдай фермерлік және жеке шаруашылықта 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жыл сайын 120 мың гектарға жуық алқапта мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам шитті мақта жиналады.
– Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық беріп, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындады. Алайда осы өнім түрін игеріп жатқан шаруа қожалықтарының соңғы жылдардағы жағдайы қиын. Олар мол өнім ала алар емес, салдарынан еңбегінен табыс табу орнына, тіпті тапқаны шығындарын өтеуге жетпейді. Кей жағдайда қарызға батып, ертеңгі күніне алаңдаулы. Мақта саласының жылдан жылға нашарлауына ықпал еткен фактор жетерлік. Айналым қаражатының болмауы, шаруалардың агротехникалық шараларды толық көлемде жүргізе алмауы, судың және сапалы тұқымдардың тапшылығы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейді, – дейді сенатор Мұрат Қадырбек.
Сала қуатты қолдауға зәру
Елімізде мақта талшығын терең өңдейтін тек 3 кәсіпорын қалды. Олардың өзі елде өндірілген мақтаның небәрі 15%-ын өңдейді. Қалғаны, 85%-ы шикізат күйінде және арзанға шетелге экспортқа кетеді. Түркістан өңірінде болған Сенат депутаттары елде мақта өнімін қайта өңдеу қызметінің ақысы тым жоғары екенін айтады. Құны тоннасына 150-170 мың теңгеге жетеді. Мақта өңдеуде жаһандық алғашқы ондыққа кіретін Қытай мен Өзбекстанда қызметтің бұл түрінің құны тоннасына 40–60 мың теңгені құрайды. Яғни, біздегі өңдеу құны олардан 3 есе қымбат.
Мұнда сапасы керемет, «ең жоғарғы сынып» болса сөз жоқ қой. Халықаралық нарықта өңдеуден өткен мақта талшығы 35–60 см болған жағдайда жоғары бағаланады екен, ал Қазақстанда өңделген мақта талшығының басым бөлігі 20–25 см ғана! Ең заманауи, жаңа деген зауыттарда – 30–35 см-ге әзер тартатын көрінеді.
– Мақта шаруашылығының дамуына тежеу болып тұрған тағы бір фактор – әлгі 3 кәсіпорын дайын өнімін ішкі нарықта өткізе алмайды. Мәселен, ТОО AZALA Textile фабрикасы тауарын өткізе алмауы себепті 2025 жылғы наурыздан жұмысын тоқтатты. Дәл осы кезде жыл сайын ұлттық компаниялар тоқыма тауарларын сатып алу үшін миллиардтаған қаржы жұмсайды. Бір ғана «Қазақстан темір жолының» осы сатып алуы 40 миллиард теңгеден асты. Олай болса, мақта класстерін дамыту үшін отандық зауыт-фабрикалармен ұзақ мерзімді офтейк-контракт бекітіп, қолдау көрсетуі қажет, – деді М.Қадырбек.
«Су үнемдеудегі» асыра сілтеу де саланың сорына айналыпты: сенатор ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті ағынсу тарифтерін бекіту барысында «ҚазСуШар» РМК-ға шаруаларға қолайсыз, жоғары тарифтерін бекітіп бергенін атап өтті. Бұл да мақта өсірушілерді қарыз бен қып-қызыл шығынға батырды. Оның біразы банкрот болып, өндірісін жауып тастапты. Сондықтан Сенат саланы құртып тынбау үшін Үкіметке «Мақта саласын дамыту туралы» жеке заң әзірлеуді ұсынды. Мемлекеттік қолдау шаралары сонда толыққанды көрініс табуы қажет.
Мұның сыртында Сенат депутаттары шаруа қожалықтарынан мақтаны сатып алып, тұрақтандыру қорын құруды жергілікті әкімдіктерге тапсыруды, «Аграрлық несие корпорациясына» шаруалар өнімін сатқанға дейін несиесін қайтару мерзімін ұзартуды жүктеуді ұсынды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, Тәжікстан, Өзбекстанның тиімді де заманауи мақта класстерін құру мәселесін пысықтауы қажет. Бұдан басқа мақта сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу және енгізу маңызды.
Ұсыныстар неге Үкіметті «үркітті»?
Алайда бүгінде Үкіметтің бұл ұсыныстарды құптамағаны жария болды. Оны сенаторларға жолдаған хатында Үкімет басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, біріншіден, саланы дамыту туралы жеке заң жобасы әзірленбейді. Себебі теріс тәжірибе болды: 2021 жылға дейін «Мақта саласын дамыту туралы» заң қолданылды. Ондағы мақта қолхаттары жүйесін және тиісті тетіктерді шамадан тыс реттеу, кепілмен қамтуға қойылатын шектеулер қаржы институттары мен мақта өңдеу кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылдың бұзылуына әкеліп, саланың дамуына кері әсерін тигізіпті.
– Осыған байланысты әкімшілік кедергілерді азайту, инвестициялық ахуалды жақсарту және өңдеу ұйымдарының жұмыс істеу жағдайларын оңайлату үшін 2022 жылы аталған заңның күшін жою туралы шешім қабылданды. Қазір саланы реттеу «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңы және басқа нормативтік құқықтық актілер аясында жүзеге асырылуда. Осыны ескере отырып, мақтаға арналған жеке заңды қабылдауды орынсыз деп санаймыз, – деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Екіншіден, мақта өнімін сатып алу бойынша тұрақтандыру қорлары құрылмайтын болды. Өйткені тұрақтандыру қоры әрбір өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Басты міндет – нан, тұз, ет, май сияқты халыққа бірінші кезекте қажетті әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасының өсуіне жедел әрекет ету және тапшылығына жол бермеу. Үкімет басшысының түсіндіруінше, мақта тамаққа да, бірінші кезекте қажетті тауарлар қатарына да жатпайтындықтан, оны сатып алатын тұрақтандыру қорын құру орынсыз!
Үшіншіден, Үкімет мақта өсіруші шаруалардың несиелерін өтеуін кейінге қалдыруға көп бара алмайды екен. О.Бектенов «Банктер және банк қызметі туралы» заңға сәйкес «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның банктік операцияларын Ұлттық банк реттеп, қадағалайтынын баса айтты. Ал мақташылар сияқты жекелеген қарыз алушылардың міндеттемелерін жаппай қайта құрылымдау «кредиттің құнсыздануының факторы ретінде қаралады». Салдарынан, бұл несиені тәуекелдің үшінші деңгейіне көшіруге, кредиттік портфель сапасының нашарлауына және қайта қаржыландыру мүмкіндіктерінің шектелуіне соқтырады.
Төртіншіден, мақта саласын дамытудың жеке бағдарламасы дайындалмайды. Саланы қолдау Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2022–2025 жылдарға арналған Жол картасы, сондай-ақ Мақта-тоқыма кластерін құрудың Жол картасы аясында іске асырылады. Саланы одан әрі дамыту үшін кластерлік тәсілді және технологиялық жаңғырту шараларын күшейтіп, Тоқыма өнеркәсібін дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Жол картасын әзірлеу қарастырылмақ. Онда мақтаға арналған шағын бөлім болмақ.
Үкімет басшысы елде бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланғанына екпін түсірді: Global Textile Turkistan ЖШС жобасы – мақта талшығын, сұр және боялған мата, трикотаж өндірісі (іске қосу мерзімі: 2025–2027 жылдар, инвестиция көлемі – 20,7 млрд теңге, 2 мыңдай жұмыс орны құрылуға тиіс). TST Jetisay Textile ЖШС иіру, тоқу және тігін фабрикаларын салуды жоспарлап отыр: іске асыру мерзімі 2025–2027 жылдар, инвестициясы – шамамен 41,5 млн доллар, 250 жұмыс орны ашылмақ. Қытайлық Kazakhstan LIHUA ЖШС мақтаны өсіруден дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклды жобаны іске асыруды көздеп отыр, 2 мыңнан аса жұмыс орны құрылмақ. Түркістан облысында мақта тұқымы зауыты жаңғыртылуға тиіс: қуаты – жылына 1,5 мың тонна, 2025 жылдың соңында пайдалануға берілуі мүмкін.
Өнімі оның көл-көсір
Үкіметтің мұндай ұстанымына депутаттар келіспейді. Ұзақ жыл қордаланған мәселелерді тек кешенді шаралармен, жан-жақты қамтитын бағдарламамен шешуге болады. Бірлі-жарым, «нүктелі» жобалар жүрелеген бүкіл саланы тізесіне тік тұрғызбайды. Фермер мақта шитісін егіп, жинауды қойса, Үкімет үміт артқан қытайлық және басқа жаңа кәсіпорындарға, іске қосылған соң, шикізатты Қытайдың Шыңжаңынан тасуға тура келеді. Демек, Қазақстан бәрібір тәуелді болып қалады.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың мәліметінше, Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сауран, Ордабасы, Арыс, Отырар, Бәйдібек, Келес аудандарында 70 мыңға жуық отбасы мақтамен күн көріп отыр. Сала күйресе, оның бәрін Үкімет қайда орналастырады, сонша отбасыны мемлекет қамқорлығына ала ала ма?
– Мақтаны өткізу бағасы оны өсіру шығындарын да өтемей жатады. Басқа мемлекеттерде өндірілген өнімнің сатылымнан кейінгі шығынын, айырмашылығын мемлекет өтеп береді. Сөйтіп, саланы жайрап қалудан қорғайды. Қазақстанда мақта дақылын өсіріп, жинаумен айналысатын шаруаларға пәрменді қолдау көрсетіп, мақта өндірісіне жұмсалған шығыны мен оны сатудағы айырмашылығын мемлекет есебінен төлеуді қолданысқа енгізу қажет, – деді Т.Қырықбай. Бірақ жеке заң мен бағдарлама болмаса, мұндай да жеңілдік енгізілмейді.
Депутаттар бұл салада жаңа зауыт-кәсіпорындардың ашыларына сенбейді. Себебі қолданыстағылары қиындықтан бас көтере алмады. Депутаттың мәліметінше, Түркістан өңіріндегі мақта өңдеу зауыттары өндірістік шығындары тым зорайып кеткеніне шағымданып, өнімнің өзіндік құнын арзандату үшін өздеріне электр энергиясын көтерме бағада сатуды сұрады. Мақта зауыттары алдыңғы жылдары 1 квт/сағат электр энергиясына – 27 теңгеден төлесе, 2024 жылдан бастап ол 37 теңгеге көтерілген. Биыл да өсті, келесі жылы тағы жоғарылату жоспарланған.
Бұл ретте көтерме бағаны пайдалану үшін орташа тәуліктік (базалық) қуаттың кемінде 1 МВт көлемін тұтыну керек екен. Әйткенмен, мақта зауыты майнинг фермасы емес, сонша қуатты қажет етпейді. Салдарынан, аталған жеңілдікті пайдалануға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Мәжіліс мақта кәсіпорындары үшін шектік норманы 0,5 МВт/сағатқа дейін төмендетуді ұсынды. Әзірше шенеуніктер оны да құп көретін емес.
Өз кезегінде АШМ мақташылардың қолдаудан қағажу қалғанын жоққа шығарды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ведомство оларға өндірістің барлық циклін қамтитын мемлекеттік қолдау шараларын көрсететінін нықтады.
– Тұқымдарды, минералды тыңайтқыштарды, пестицидтерді, биоагенттерді, суару шығындарын, мақтаны өңдеуге тапсыру кезіндегі өндірісті қолдауды субсидиялау, сондай-ақ инвестициялық субсидиялау жүзеге асырылады. Ол аз болса, кредиттерінің пайыздық ставкасы да субсидияланады, егіс және егін жинау жұмыстары жеңілдетілген кредитпен қамтамасыз етіледі. Бұл шаралар шығынын азайтуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Мақта – тұқымы 100% субсидияланатын жалғыз дақыл! Басқа дақылдар бойынша берілетін мұндай субсидия 15-50% ғана, – деді А.Сапаров.
Министр су ресурстарын үнемдеу науқаны мақта шаруашылығының түбіне жетпейтініне сендірді. Тек диқандар су үнемдейтін технологияларға көшуге тиіс: «Мақта ылғал сүйгіш дақыл, ол дамуының барлық кезеңінде көп мөлшерде суды қажет етеді. Бұл мақтаның өнімділігі мен сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан фермерлер су үнемдеу технологияларын, соның ішінде тамшылатып суаруды енгізуі керек. Осыған ынталандыру үшін министрлік мұндай инвестициялық салымдардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары шеңберінде де мемлекеттік қолдау көрсетеді», – деді министр.
Қалай болғанда, қалауын тапса, шетелге шетінен шикізат түрінде сатпаса, мақтадан мыңдаған өнім өндіруге болады. Одан жіп, мата, киімкешек, гигиена мен медицинаға арналған өнімдер, снаряд пен өзге жарылғыш заттар, пластмасса, қағаз-картон, лак-бояу, тамақ өнімдері (тұқымынан), малға азықжем, тыңайтқыштар және басқасы алынады. Осы «ақ алтынынан» қазақ елі айрылып қалмай, сақтап, дамытып, келер ұрпаққа асыл мұрадай табыстағаны жөн.
Айхан ШӘРІП