Ұлытау облысы нығайып, өз әлеуетін толық ашуға тиіс. Бұл туралы «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалуына байланысты Ұлытау облысында өткен партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысында Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев мәлімдеді.
Сайлауалды бағдарламаның орындалуын тексерді
746
оқылды

«Біз ауызсумен қамту мәселесі­нің қалай шешіліп жатқанын көріп отырмыз және партия бұл іске ара­ласатын болады. Облыста ал­ғашқы бассейн ашылды, екіншісі салынып жатыр. Бұл – халық үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар Оқу­шылар сарайы бой көтеруде. Біз бұл нысандардың қаншалықты маңызды әрі қажет екенін көріп отырмыз. Мұндай спорт кешендері бар кезде ата-аналар балалары үшін алаңдамайды. Бұл – біздің сайлау­алды бағдарламадағы басты бағыт­тардың бірі», – деді Павел Казанцев.

Комитет төрағасы сайлауалды бағдарламаның орындалуы – тек партияның ішкі жұмысы емес, Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық даму жоспарының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

«2023 жылғы сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық да­муына арналған кеңесте Пре­зиденттің сайлауалды бағдарлама­сының ережелерін және Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар­дағы сайлауда жеңіске жеткен «AMANAT» партиясының бағдар­ламасын жаңартылған ұлттық даму жоспарына енгізуді тапсырды. Сай­­лауалды бағдарламаның барлық тармақтары мен көрсеткіштері Үкі­метпен келісілді, ал оларды ­ор­ын­дау үшін жауапкершілік жер­гілік­ті атқарушы органдарға, сала­лық министрліктерге, сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихаттардағы пар­тия фрак­циясының мүшелеріне жүктел­ді», – деді ол.

Сонымен қатар Ұлытау обл­ы­сында бірқатар өзекті мәселе мен жүйелі проблемалар байқалады. Аталған өңір «AMANAT» партия­сының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың 2024 жылғы жол картасы бойынша орындалмаған тармақтардың үлесі бойынша елі­мізде төртінші орында тұр. Былтыр жоспарланған іс-шаралар­дың 22%-ы орындалмаған. Сондай-ақ мердігерлерді таңдауда әкімдіктердің жұмысының сапасы төмен, кон­курстық рәсімдер кешіктіріледі, жоспарлау формалды түрде жүргі­зіледі. Мәслихат депутаттарының бағдарламаның орындалуын бақылауға қатысуы әлсіз екені сынға алынды. Кейбір мәліметтердің жалған берілгені, есептерде өрескел қателіктерге жол берілгені және түзетулер енгізілгеннен кейін де бақылаудың болмағаны атап өтілді.

Партиялық бақылау бекеттерін әкімдік қызметкерлері немесе тіпті мердігер ұйымдардың өкілдері бас­қарғаны да алаңдаушылық туғызды. Павел Казанцев кейбір нысандардың құрылысын ауыл әкімі немесе құ­рылыс жүргізуші компания өкілі қадағалағанын мысалға келтірді. Ол мұндай жағдайлар «партиялық бақылаудың мәні мен мақсатын мүлдем түсінбеуден» туындайтынын және барлық талапты жоққа шығаратынын айтты.

Ұлытау облысы әкімінің орын­басары Зина Ақылбекова Жол картасының нақты тармақтарының орындалуы туралы егжей-тегжейлі есеп берді. Негізгі мәселелер – қаржыландырудың жетіспеушілігі, құрылыс материалдарының қым­баттауы, конкурстардың кешіктірілуі, мердігерлердің ауысуы және жоба­лық-сметалық құжаттаманы қайта түзету қажеттігімен байланысты. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Жошы хан кесенесіне апаратын жол учаскесінің құрылы­сы, бірқатар денсаулық сақтау нысандарының аяқталуы және Қаражалдағы аурухананы күрделі жөндеу сияқты бес іс-шара орын­далмаған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 12 медициналық-санита­риялық алғашқы көмек көрсету нысанының құрылысы аяқталды, тағы жеті нысан 2025 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. Ақтүбек және Кеңгір ауылдарында амбулаториялар салынуда.

Зина Ақылбекова жас маман­дарды қолдау, тұқым мен тыңайт­қыштарға субсидия беру, жұмыс орындарын құру, ерекше қажет­тіліктері бар адамдарға инфрақұ­рылымды бейімдеу, мәдени нысан­дардың құрылысын жүргізу сынды әлеуметтік бағыттар бойынша да бірқатар тәуекелді атады. Ол бірнеше бағыт бойынша түзетулер жүргі­зілгенін, жаңа конкурстар жария­ланғанын және қосымша қаржы­ландыру қамтамасыз етілгенін айт­ты. Қиындықтарға қарамастан, өңірге инвестиция тарту мен әлеу­меттік инфрақұрылымды жақсарту жағынан оң динамика байқалуда.

«AMANAT» партиясының Қа­рағанды облыстық филиалы жа­нын­дағы партиялық бақылау ко­миссиясының төрағасы Ержан То­қымбаев облыста бес комис­сия – облыстық, екі қалалық және екі аудандық комиссия жұмыс істейтінін жеткізді. 53 партиялық бақылау бекеті ашылған, олардың 23-і жұмысын аяқтаса, қалғаны әлі де жұмыс істеуде. Жыл басынан бері 60 рейд, 6 отырыс өткізіліп, мемлекеттік органдарға 30-дан ас­там ұсыныс жолданған.

Павел Казанцев партиялық және мемлекеттік құрылымдар арасында тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюдың маңыздылығына назар аударды. Көптеген өңірлерде Жол картасын іске асыру бойынша штабтар тек формалды түрде құрылып, нақты үйлестіру жұмыс­тары жүргізілмейтінін айтты.

«Бұл мәселе жұмыс ұйым­дас­тырудағы елеулі проблемаларды ғана емес, сонымен қатар кейбір мәслихат депутаттарының, әкімдік және филиал басшыларының жұмысына шынайы қызығушы­лық танытпай отырғанын көрсе­те­ді», – деді ол.

Комитет іс-шараларды қар­жы­лық қамтамасыз ету мен орында­луын бақылауға депутаттардың қатысуы әлсіз екенін, сондай-ақ партия жетекшілерінің өңірлердегі нақты жағдай туралы ақпараты жеткіліксіз екенін атап өтті. Жиын соңында Па­вел Казанцев сынның мақсаты – кінә тағу емес, керісінше, нәтиже үшін барлық ресурстарды жұмылдыру екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту, түзетулердің ашықтығын қамтамасыз ету, партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын жандандыру, әсіресе бастауыш партия ұйымдарының қатысуын арттыру және проблемалық мәселелер туралы ақпаратты Орталық аппаратқа жедел жеткізу тапсырылды.

 

С. БЕГІМБАЙ