Жаздың қызығы – суға шомылу. Дегенмен оның бір «әттегең-айы» да бар. Биыл ел бойынша 71 адам суға кетіп, қайтыс болған. Ал жыл басынан бері суға түсу ережелерін бұзған 902 адамға айыппұл салынған екен. Оның ең азы – шамамен 30 мың теңге. Себебі көпшілік суға түсудің қарапайым ережесін сақтамайды.
Суға кеткен ғұмыр
4,646
оқылды

8 шілде күні Қарағанды облысының Шет ауданында, Кызылқой ауылындағы көлде екі бала суға кетті. Қайтыс болған балалардың бірі 2007 жылы, екіншісі 2015 жылы туған. Олар рұқсат етілмеген жерде шомылып жүрген.

Бұл қайғылы оқиға алдында 13 маусым күні  Қарағанды қаласының Сұрыптау ауданын­дағы Таймырская көшесінің артындағы карьерде 2009 жылғы жасөспірім суға батып кетті.

«Қайғылы оқиға суға түсуге тыйым салынған жерде болды», –  деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, марқұм екі досымен бірге су айдынына шомылуға келген. Бірақ ол жүзе алмаған. 

Құтқарушылар азаматтарды суда қауіпсіздік ережелерін сақтауға, бейтаныс және жабдық­тал­маған жерлерде шомылмауға шақырып, сондай-ақ түнгі уақытта және жүзу дағдыларын­сыз шомылудан бас тарту керегін еске салып жатса да тұңғиыққа секіргендер азаяр емес...

Ел бойынша суға кеткен 71 адамның 30-ы – бала. Ал 132 адам суға батып жатқан жерінен дер кезінде құтқарылған. Оның 35-і – бала. Яғни, бұл сан суға түсу кезінде көпшіліктің қау­іп­сіздік ережелерін сақтай бермейтінін көр­сетеді.

Құтқарушылардың сөзінше, суға кетіп қаза болып жатқандардың дені – 17-18 жастағылар. Ал оқыс оқиғалардың 70 пайыздан астамы суға түсуге рұқсат етілмеген аймақтарда болған.

Жалпы, Қазақстанда суға түсуге рұқсат етіл­ген қазір 722 орын бар. Оның 464-і – жеке жаға­жай. Қалған 245-і коммуналдық, 13-і – спорт және туризм орындары. Қай жерге барып суға түсуге болатынын 2Gis қосымшасына «жағажай» деп жазсаңыз көрсетілген.

Рұқсат етілген аймақтарда құтқарушылар, алғашқы көмек көрсетушілер болуы міндетті. Олай болмаса жағалау иелері жауапқа тартылады. Тиісінше, заң бұзған жеке азаматтарға да айып­пұл салынады.

Айыппұлдан бұрын, өз өмірін сақтау үшін адамдар мына ережелерді бұзбауға тиіс. Суға жалғыз түспеу. Жүзу білмесе белден жоғары терең­дікке бармау. Ішімдік ішіп суға шомылмау. Балаларды жағаға жақын қалдырмау.

Осы ережені бұзғандар бірден жауапқа тартылады. Биыл сондай азаматтарға салынған айыппұл көлемі 1 жарым млрд теңгеге жеткен. Ал қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар 40 мыңға жуық рейд өткізген.

Ал Қарағанды облысында 89 суға түсуге рұқсат етілген жағажай белгіленген.  Ол жер­лер­де 120 құтқарушы демалушылардың қауіпсіздігін бақылайды. Төтенше жағдай қызметкерлеріне еріктілер жасағы көмектесіп жүр. Биыл суға шомылу маусымы ашылғалы профилактикалық шаралар да күшейтілген. Нәтижесінде, былтыр­ға қарағанда оқыс жағдайлар азайды. Еріктілер жасағының мүшелері екі апталық оқу курсынан өткен. Бүгінде өңір бойынша 133 қоғамдық құт­қару­шы тоған мен көл маңындағы демалыс орын­дарында, коммуналдық жағажайларда қауіпсіздікті бақылап жүр. 

Еріктілер жасағының мүшесі Евгений Гун­бин Қарағандыдағы Федоров су қоймасында кезекшілік атқарады.  

–   Көп адам масаң күйде суға түсіп, қауіпсіз­дікті ұмытады. Соңы қайғылы жағдайға әкеп соғады. Мұнда терең, түбі саздауыт аумақтар бар. Ол жерлерді белгілеп қойдық. Белгіге жақ­ын­дағандарды дереу қайтарып отырамыз, –  дейді қоғамдық құтқарушы Евгений Гунбин.  

Қарағандыда суға түсуге болмайтын 21 қау­іп­ті жер бар. Адамдар ол аумақтарға шомыл­мау бармас үшін рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. 

–  Облыс бойынша төтенше жағдай қызмет­керлеріне түсетін жүк тіпті ауыр. Сондықтан жеке бас қауіпсіздігін ұмытпай, шомылуға рұқ­сат етілген жағажайға барған абзал. Тек рұқсат етіл­ген жағажайда ғана суға түсу керек. Себебі ол жерлерде құтқару бекеті бар. Оларда шұғыл әрекет етуге дағдыланған мамандар отырады. Аптап ыстық кезінде жағажай лық толады. Мұн­дай кездері қоғамдық құтқарушылар жасағы бізге үлкен көмек. Шомылу маусымы басталғалы өңірде 3 адам суға батқан, –  дейді ТЖД Азамат­тық қорғаныс басқармасының басшысы Ерасыл Сайпаш. 

Былтыр бұл уақытта қайғылы жағдай көп болған. Төтенше жағдай департаментінің мәлі­мет­інше, 2024  жылғы шомылу маусымында жалпы саны 12 адам суға кеткен. Мұндай қайғы­лы жағдайлар қайталанбас үшін рейдтік шара­лар, түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Маусым айының бірінен бастап облыста  200-ден астам рейд жүріп, 18 тәртіп бұзушылық анықталған.

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы