Әзірге «Серпіннің» білім беру сапасын сынға алып жатқан ешкім жоқ. Алайда білім беру бір бөлек те, тұрақтап қалу бір бөлек. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына бағдарлама басталғалы бері 1 743 студент келген. Мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына арнайы білім гранты беріліп, бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер де жасалған. Соған қарамастан, соңғы 3 жылда «Серпінге» сұраныс төмендеген. Мәселен, 2019 жылы Петропавлға бар-жоғы 50 студент келіпті. Үгіт-насихат кемшін түсіп жатыр ма, әлде студенттерге берілген уәде тиісті деңгейде орындалмауы себеп болды ма, «Серпіннен» күткен серпіліс бәсеңдеп барады. «Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылдының» кері.
Депутат Кәрібай Мұсырман: «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша университеттер мен кәсіптік-техникалық колледждерді тамамдаған түлектердің өздері білім алған жерлерінде жұмысқа орналасуы қанағаттанарлықтай емес. 2018 жылы ЖОО бітірген алғашқы түлектердің 24 пайызы ғана өздері білім алған өңірлерде жұмысқа қалған. Осы орайда, «Серпін» әлеуметтік жобасымен жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының жұмыс күші аз өңірлерге қоныс аудару мақсаты біреу болғанымен, олардың арасында сәйкессіздік бар. «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының мектеп түлектерін басқа тоғыз облыста оқыту көзделген болса, қоныс аудару бағдарламасы бойынша аталған облыстардан қоныс аударушыларды қабылдаушы өңірлер болып жұмыс күші тапшы әрі демографиялық жағдайы мәз емес төрт облыс анықталған», – дейді.
Тіпті, аталмыш бағдарламамен оқып жатқан студенттердің жатақхана мәселесі де толыққанды шешілмеген көрінеді. Петропавл қаласында студенттер пәтер жалдауға мәжбүр болған екен. Пәтер жалдап тұрған студенттің диплом алған соң біржола тұрақтап қалмасы белгілі.
Ішкі көші-қонды реттеу мәселесі әлі күн тәртібінде. Оны шешудің тиімді жолының бірі – «Серпін». Осыған орай, бір топ сенатор Үкіметте депутаттық сауал жолдаған. Олар сауалында: «Тәуелсіз еліміздің либералды ұлттық, көпэтносты шиеленіссіз қоғам ретінде дамыту үшін елде өмір сүріп жатқан түрлі этникалық топтардың интеграциясы мен олардың біртұтас мемлекет құрушы ұлттың айналасына жұмылуына бағытталған саясат жүргізудің кешенді іс-шаралары қабылдануы керек деп есептейміз. Оның ішінде этникалық топтардың қоныстық, социомәдени, ағартушылық, оқшаулануына жол бермейтіндей сипатта ұйымдастыру, түрлі этникалық топтың өкілдері арасынан халық саны көп аймақтардан тұрғындары аз өңірлерге қоныс аудару бағдарламасына, еңбек көші-қонына қатысушыларды ынталандыруда қарастырылуы керек. «Серпін» бағдарламасын да тиімді пайдаланған жөн. Сонымен бірге этностар тұратын жерлерге мемлекет әрдайым мониторинг жасап, ондағы ономастика, тіл және т.б. қордаланған дүниелерді бақылап, сараптап отыру қажет» деген еді.
Осы орайда, «Серпінді» неге тиімді пайдаланбасқа? Серпіліс тудыратын кезең жетті. Әйтпесе, бұл жобаға сұраныс азайып кетеді. Сұраныс азайған сайын бұл бағдарламаның да мәні кете бастайды. Түлектер тегін білім алу үшін ұмтылмаса, тұрақтап қалмасы анық. Онда бұл жобаның ұтымды тұсы қайсы?
Гүлзина БЕКТАС