О баста бұл жобаның мазмұны да, маңызы да жоғары болғаны рас. Үкімет арнайы грант бөліп, оңтүстіктің түлектерін солтүстікке жіберген еді. Бағдарлама ашылғанына да алты жылға жуықтады. Түлектердің алды диплом алып, бір-бір мамандықтың иесі атанды. Алайда бұл бағдарлама діттеген жеріне жете алды ма?
Осыдан алты жыл бұрын елімізде «Серпін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік бағдарлама қолға алынған еді. Бұл студенттерге арналған еліміздегі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге таптырмас тетік болады деп сенгенбіз. Бағдарламаның мақсаты – оңтүстік түлектерін солтүстік аймақтарда тегін білім алуға және әрі қарай еңбек етіп, біржола тұрақтап қалуына жағдай туғызу болатын. Мұның бір себебі түстіктегі жұмыссыздық деңгейін азайтып, теріскейдегі еңбек нарығын реттеуге, маман тапшылығын жоюға таптырмас мүмкіндік делінген.
Алайда бұл бағдарламаның идеясы жақсы болғанымен, орындалуы дұрыс болмай тұрған секілді. Соңғы кездері «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған жастардың елу пайызы өз өңірлеріне кетіп қалған. Бұл – бір ғана Павлодар облысындағы жағдай. Мұнда 2017 жылы 67 адам оқу орнын аяқтаған екен. Соның 50 пайызы жұмыс істеуге қалыпты. Қалғаны еліне қайтқан секілді.
Кезінде Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазіргі таңда жобаға 17 мыңға жуық жастар қатысуда. Биыл 2 мыңға жуық серпіндіктер оқуды тамамдайды. Мамандық алып шыққан қыз-жігіттердің мәселесін бүгіннен бастап шешу жолдарын қарастыру қажет. Қазіргі кезде жоба аясында жастарды білім алуға барған аймақтарда жұмыс орнымен қамтып, тұрғын үй мәселесін шешу секілді тақырыптар ашық қалуда. Мұны тез арада шешпесек болмайды» деген еді. Қоғам белсендісі көтерген бұл мәселе шешімін таппаған секілді. Тұрақты жұмыс табылмай, баспанасыз болған соң, амалсыз кері қайтпағанда не істесін?!
Бүгінде екі мыңға жуық серпіндіктер дипломды маман атанды. Олар теріскейдегі еңбек нарығында маман тапшылығын жоюға септігін тигізіп отыр ма? Сенатор Мұрат Бақтиярұлы «бұл жобаның тиімді тұсы көп болғанымен, кемшіліктері де аз емес», – дейді.
«Теріскейде оқу бітірген түлектерге жұмыс тауып беру жағы кемшін түсіп жатыр. Ол бағдарлама ашылған тұста жұмыспен қатар, тұрғын үй мәселесін шешу де жоспарға енгізілген еді. Алайда бұл мақсаттар орындалмаған сыңайлы. Оқуға түскен студенттердің көпшілігі оқуын бітірген соң еліне қайтып кетіп жатыр. Ал бағдарлама сол студенттердің тұрақтап қалуына жағдай жасауды мақсат тұтқан еді», – дейді сенатор.
«Серпіндіктерге» жергілікті әкімдіктен жеңілдіктер жасалуы қажет еді. Еңбек нарығында маман тапшы дейтіндер дайын жұмыс күшін неге пайдалана алмады деген сауал туындайтыны рас. «Үкімет әлі де осы жағын ескеруі керек. Ұл-қыздың сол өңірде сіңісіп қалуына жағдай жасасақ, бұл бағдарламадан ұтарымыз көп болар еді», – дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Әзірге «Серпіннің» білім беру сапасын сынға алып жатқан ешкім жоқ. Алайда білім беру бір бөлек те, тұрақтап қалу бір бөлек. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына бағдарлама басталғалы бері 1 743 студент келген. Мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына арнайы білім гранты беріліп, бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер де жасалған. Соған қарамастан, соңғы 3 жылда «Серпінге» сұраныс төмендеген. Мәселен, 2019 жылы Петропавлға бар-жоғы 50 студент келіпті. Үгіт-насихат кемшін түсіп жатыр ма, әлде студенттерге берілген уәде тиісті деңгейде орындалмауы себеп болды ма, «Серпіннен» күткен серпіліс бәсеңдеп барады. «Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылдының» кері.
Депутат Кәрібай Мұсырман: «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша университеттер мен кәсіптік-техникалық колледждерді тамамдаған түлектердің өздері білім алған жерлерінде жұмысқа орналасуы қанағаттанарлықтай емес. 2018 жылы ЖОО бітірген алғашқы түлектердің 24 пайызы ғана өздері білім алған өңірлерде жұмысқа қалған. Осы орайда, «Серпін» әлеуметтік жобасымен жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының жұмыс күші аз өңірлерге қоныс аудару мақсаты біреу болғанымен, олардың арасында сәйкессіздік бар. «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының мектеп түлектерін басқа тоғыз облыста оқыту көзделген болса, қоныс аудару бағдарламасы бойынша аталған облыстардан қоныс аударушыларды қабылдаушы өңірлер болып жұмыс күші тапшы әрі демографиялық жағдайы мәз емес төрт облыс анықталған», – дейді.
Тіпті, аталмыш бағдарламамен оқып жатқан студенттердің жатақхана мәселесі де толыққанды шешілмеген көрінеді. Петропавл қаласында студенттер пәтер жалдауға мәжбүр болған екен. Пәтер жалдап тұрған студенттің диплом алған соң біржола тұрақтап қалмасы белгілі.
Ішкі көші-қонды реттеу мәселесі әлі күн тәртібінде. Оны шешудің тиімді жолының бірі – «Серпін». Осыған орай, бір топ сенатор Үкіметте депутаттық сауал жолдаған. Олар сауалында: «Тәуелсіз еліміздің либералды ұлттық, көпэтносты шиеленіссіз қоғам ретінде дамыту үшін елде өмір сүріп жатқан түрлі этникалық топтардың интеграциясы мен олардың біртұтас мемлекет құрушы ұлттың айналасына жұмылуына бағытталған саясат жүргізудің кешенді іс-шаралары қабылдануы керек деп есептейміз. Оның ішінде этникалық топтардың қоныстық, социомәдени, ағартушылық, оқшаулануына жол бермейтіндей сипатта ұйымдастыру, түрлі этникалық топтың өкілдері арасынан халық саны көп аймақтардан тұрғындары аз өңірлерге қоныс аудару бағдарламасына, еңбек көші-қонына қатысушыларды ынталандыруда қарастырылуы керек. «Серпін» бағдарламасын да тиімді пайдаланған жөн. Сонымен бірге этностар тұратын жерлерге мемлекет әрдайым мониторинг жасап, ондағы ономастика, тіл және т.б. қордаланған дүниелерді бақылап, сараптап отыру қажет» деген еді.
Осы орайда, «Серпінді» неге тиімді пайдаланбасқа? Серпіліс тудыратын кезең жетті. Әйтпесе, бұл жобаға сұраныс азайып кетеді. Сұраныс азайған сайын бұл бағдарламаның да мәні кете бастайды. Түлектер тегін білім алу үшін ұмтылмаса, тұрақтап қалмасы анық. Онда бұл жобаның ұтымды тұсы қайсы?
Гүлзина БЕКТАС