2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасылар мен наградталған аналар шамамен 304 млрд теңге сомасына жәрдемақы алды.
Көпбалалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақыға бюджеттен қанша қаржы бөлінді?
Фото: gov.kz
720
оқылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 857,9 мың отбасы жалпы сомасы 304,8 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – 615,4 мың отбасы 265,8 млрд теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен – 242,5 мың адам 39 млрд теңгеге қамтылды, – деп хабарлайды   Aikyn.kz.

2025 жылдың маусым айында жоғарыда аталған жәрдемақылармен 867,4 мың отбасы жалпы сомасы 51,3 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен 623,5 мың отбасы 44,8 млрд теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен 243,9 мың адамға 6,5 млрд теңге мөлшерінде қамтылды.

Көпбалалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан, үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:

- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;

- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;

- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;

- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;

- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:

  • «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
  • «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқан.

Бұған дейін, 6-дан аз баласы бар көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды, – деген мәлімдеме жасаған болатын министрлік.

Бірқатар БАҚ, ақпараттық топтар мен әлеуметтік желі парақшаларында қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 6 және одан да көпбалалы отбасылар ғана көпбалалы отбасы болып саналады деген жалған ақпараттар таралған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе бірге тұратын 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасына көпбалалы отбасы мәртебесі берілетінін хабарлаған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.