Қазақстанда балабақшаға деген сұраныс жылдан жыл­ға артып келеді. Бұл, бір жағынан, халық санының өсуімен, екінші жағынан ата-аналардың балаларын ерте жастан сапалы біліммен қамтамасыз етуге ұмтылысымен байланысты.
Балаларға қамқорлық қауіпсіз ортадан басталады
729
оқылды

Дегенмен елімізде мектепке дейінгі ұйымдардың жетіспеушілігі мен ондағы тәрбие сапасына қатысты түйткілдер әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Осы өзекті мәселелер «AMANAT» партиясы жанындағы білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі рес­публикалық кеңестің кезекті отырысында қаралды.

Отырысқа Кеңес төраға­сы – Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлей­менова, Мәжіліс деп­утат­­тары Қайрат Балабиев, Гүл­дара Нұры­мова, Екатерина Смолякова, Ирина Смирнова, Кенжеғұл Сейіт­жан, Оқу-ағар­ту бірінші вице-министрі Май­ра Мелде­бекова, министрліктің Мектепке дейінгі білім беру де­п­ар­таментінің директоры Манара Адамова қа­тысты. Соны­мен қатар онлайн фор­мат­та облыс әкімдерінің орын­­басарлары мен өңірлік білім бас­қармаларының басшылары қосылды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова отырыс басында сөз алып, ба­ла­бақша саласындағы басты мәсе­ле – тек орын тапшылығы емес, сонымен қатар балалар үшін қау­іпсіз әрі дамытушы ор­та қалып­тастыру екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мек­теп­ке дейінгі білім­нің қолжетімділігін арттырып, балалардың жан-жақты дамуы­на жағдай жасауды бірнеше рет тапсырған болатын. Бұл – бәріміздің ортақ міндетіміз. 

«AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халық­пен бірге!» сайлауалды бағдарла­масын іске асыру жөн­ін­дегі Жол картасында осы са­ла­дағы нақты шаралар қарас­тырылған. Бүгінде елімізде балабақша жетіспеу­ші­лігімен қатар, тәрбиешілердің кәсі­би дайындығы мен балаларға жа­са­латын қауіпсіз орта мәселесі өткір тұр», – деді ол.

Жиын барысында Оқу-ағар­ту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова қазіргі ахуалға жан-жақты тоқталып өтті. Оның айту­ын­ша, бүгінде ел аумағында 11,8 мың мектеп­ке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 5 456-сы – мемле­кеттік, 6 400-і – жекеменшік. Онда 1,4 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Ал мектептер мен лицейлер жан­ын­дағы мек­тепалды даярлық топтарында 165 мың бала оқу­да. Жалпы, 2-6 жас аралығын­дағы балаларды мектеп­ке дей­ін­гі біліммен қамту деңгейі 92,2%-ды құрайды. Алайда бұл көрсеткіш жоспарланған 95%-дан төмен.

«Тек үш өңір ғана жоспарды толық орындаған. Олар – Жетісу (97,7%), Маңғыстау (94,2%) және Атырау облыс­тары (87,5%). Ал кейбір өңір­лерде қамту көрсеткіші айтар­лықтай төмен. Мысалы, Шым­кент қаласында бұл көр­сет­­кіш – 84,2%, Алматыда – 87%, Астанада – 88,4%. Ең төмен қамтылған өңірлердің қа­тар­ында Қызылорда (84,3%), Батыс Қа­зақстан (88%) және Абай облыс­тары (90,9%) да бар», – деді ол.

Министрліктің деректеріне сүйенсек, 2023 жылы 613 жаңа балабақша ашылған. Оның іш­інде тек 15-і ғана мемлекеттік, қалған 598-і – жекеменшік. Бұл 66 879 жаңа орынмен толық­қанымен, 9 өңір өз міндет­те­месін орындай алмауына бай­ла­н­ысты жоспар 100% орын­далмады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бекітілген 2023–2027 жылдарға арналған Қадамдық жоспар бар. Бірақ оны іске асыруда нақты бақы­лау мен үйлестіру жетіспей отыр.

«Өкінішке қарай, тәрбие­шілер тарапынан бүлдіршін­дерге қол көтеру фактілері аз­ай­­­май отыр. Әсіресе, әлеу­мет­тік желілерде тараған бей­не­ролик­терде мұндай әрекет­терге тәр­бие­шілердің кө­мек­­ші­лері жиі ба­ратыны байқала­ды. Бұл сан­ат­тағы қызметкерлер педагог емес, олар арнайы даяр­лықтан өтпеген. Сондық­тан біз бірінші кезекте олар үшін қысқа­мер­­зімді оқыту курс­тарын ұйым­дас­тырып, ай сайынғы нұс­қаулық жұмыс­тар­ын күшейтуді ұсынып отыр­мыз», – Оқу-ағарту мин­истрлі­гі­нің Мектеп­ке дейінгі білім департаментінің дирек­торы Манара Адамова.

Жиын соңында кеңес мү­ше­лері мектепке дейінгі білім беру саласындағы түйт­кілдерді шешу бойынша бірқатар ұсын­ыс­тар әзірледі. Хаттама негіз­інде ұсын­ыстар тиісті мемле­кеттік орган­дарға жолданатын болады.