Тастан тамыр іздеген ғұлама

Осыдан тура бір жыл бұрын ұлт руханиятының көрнек­ті тұлғасы, филология ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Ататүрік атындағы Түрік тарих құрымының толық мүшесі, Қаржаубай Сартқожаұлы келместің кемесіне мініп кетті. Ал ғалымның аруағына тағзым мақсатында өзі қызмет еткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде үш бірдей кітаптың тұсауы кесілді.

Жиынға университет ректоры Ерлан Бәтташұлы, Елтаңба ав­торы, архитектор, профессор Жан­дарбек Мәлібекұлы, Еуразия ұлттық университетінің Түрко­ло­гия және алтайтану ғылыми-зерт­теу орталығының ұстаздары және ғалымның жары мен ұрпақтары қатысты. Іс-шара басында сөз сөйлеген ректор Ерлан Бәтташұлы Қаржаубай Сартқожаұлының ең­бегі де, кітаптары да мәңгі жасай­тынын атап өтті. Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы ғалым­ның тарихи зерттеулері Күлтегін ес­керткіштерін толық тануда ора­сан зор құрал екеніне тоқталды. 

Ғалым, жазушы Серік Не­гимов Қаржаубай Сартқожұлының артында қалған шығарма­шылық мұрасы күллі қазақ бала­сын білім­мен сусындауға күші жететінін атап өтті.

– Ұлт патриоты, дархан дала­ның баласы, түркітанушы, жазу­шы – Қаржаубай Сартқожаұлы көгіл­дір экран алдында «Мен білім үшін өлем» деп қиын кез­дерде күндей күркіреп айтқан еді. Сол сөзі бүгін халықтың жүрегінде жатталып қалды. Ол – нағыз тіл жанашыры. 1890 жылы «Дала уә­лаяты» газетіне Мәшһүр Жүсіп орыс тілінде жазған мақаласында «Түркі тілдерінің ішіндегі гауха­ры – қазақ тілі» деген. Қазақ тілі­нің ХХІ ғасырдағы шын жана­шыры, тексерушісі, та­ра­зы­лау­шысы болған бірден-бір тұлға ол – Қаржаубай Сартқожаұлы. Қара тастағы жазуларды тірілткен. «Орхон ескерткіштерінің толық ат­ласы» деген 3 томдық еңбегінде ұлтымыздың ең керемет тұ­жы­рымдары, әлеуметтік пайым­даулары осының ішінде айтылған. Егер Қаржекең жазушылыққа толықтай бет бұрғанда классик болып кетер еді. Оның еңбектері – мемлекетіміздің рухани жетілуіне үлес қосатын кәусар бұлақ. Сол бұлақтан бәріміз сусындауымыз керек, – деді С.Негимов. 

Марқұм Қаржаубай Сарт­қо­жаұлы  – елімізде көне түркі ес­керт­кіштерін ұзақ уақыт практи­калық тұрғыдан зерт­теп-­зерделеген, әрі аталмыш ескерткіш­тердің лингвстикалық, эпигра­фия­лық, тарихи, этно-мәдени қыр­ларын ашқан ғалым.  Нәтиже­сінде, оның «Орхон ескерткіш­терінің ат­ласы» (М.Жолдас­бековпен бір­ге, 2005), «Атлас Орхонских памятников. І том» (М.Жолдасбековпен бірге, 2007), «Көне түркі жазуы­ның генезисі» (2007), «Орта ғасырлардағы Майхан-үленің жерасты кесенесі. Археологиялық барлау және зерт­теу» (Л.Эрденболд, К.Жан­тегин, А.Очир қатарлы­лар­мен бірге. Ұланбатыр. Моңғол тілі­нде. 2013), «Орхон ескерткіш­тері­нің Толық Атласы», І, ІІ том (2019), «Орхон ескерткіштерінің Тол­ық Атласы». ІІІ том (Майда жазу­лар, Қ.Жантегінмен бірге. 2019), «Үйсін хан-дығы» (2016), «Ке­рей­лердің этникалық тарихы» (Ж.Ошанмен бір­ге, 2022) т.б. ғы­лыми кітаптары жарыққа шықты. 80-нен астам ғы­лыми мақалалары Москва, Улан-Батор, Пекин, Стам­бул, Лон­дон, Париж, Алма­ты, Астана қалаларындағы ғы­лы­ми басылым­дарда жарияланды.

Қаржаубай Сартқожаұлы шы­ғармашылық өмірінде қоғамдық қызметтер атқара жүріп, жалпы көп­шілік және әдеби тақырыптар­ға да қалам тартқан қайраткер. Тұ­сауы кесілетін еңбектердің қа­тар­ында өмір мен өлім, сағыныш пен сыр, ғылым мен руханият үн­десе тоғыс­қан іргелі туынды­лары бар. Олар­дың бірі отбасы естелігіне құрылған, ананың асыл бейнесі мен ғалымның отбасылық өміріндегі адами бол­мысы терең сезіммен өрілген «Қош бол, апа» кітабы. 

Екінші еңбек – Қаржаубай Сарт­қожаұлының ғылыми-шы­ғар­ма­шылық келбетін, түрік дү­ние­сіне сіңірген еңбегін кеңінен ашатын әлемдік әрі отандық ғал­ым­дар мен қаламгерлердің жүрек­жарды мақалалары, естеліктері мен лебіздері топтастырылған «Тастан тамыр іздеген ғұлама» жинағы. 

Үшінші кітап – «Подземный мав­золей древнетюркской эпохи Шороон Бумбагар (Майхан Уул) в Центральной Монголии» атты ғылыми монография. Байырғы тү­р­ік әлемінің жәдігерлерін зерт­теуге арналған Қаржаубай Сарт­қо­жаұлы жетекшілік еткен халық­аралық археологиялық экс­пе­­ди­­циялардың нәтижесі ретінде жарық көрген іргелі еңбек. Бұл еңбек арқылы Моңғолия даласында ашылған түрік дәуірінің жерасты мавзолейі туралы тың деректер ғылыми айналымға түсіп отыр.

 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ