Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан жоба

«Осыдан ондаған жыл бұрын әртүрлі қыз­­мет түрін қатар атқа­ратын роботтарды фан­тастикалық фильм­дерден ғана көретінбіз. Қазір осының бәрі күнделікті өмір-салтымызға еніп кеткендей».

Жасы алпыстың алқымынан асқан алма­тылық тұрғын Гүлмира ханым осылай дейді. Иә, мұндай робот түрлері мен инновациялық жо­ба­ларды енді мектеп оқу­шылары мен студент­тер де өздігінен құрас­тыра алады. Бұл қазіргі замандағы инновация, цифрландыру және техникалық дамудың негізі саналатын STEM саласының жетістігі. 

STEM –  теориямен шектел­мейтін ауқымды сала. Бұл бағыт прак­тикалық әдістер арқылы ба­ланы зерттеуге, шешім табуға үй­ретеді. Қазірдің өзінде Қазақстанда біршама жас ғалымдар мен уни­верситет, колледж студенттері, мектеп оқушылары инновациялық жобаларды сәтті жүзеге асырып жүр. Заманауи бағытқа ерекше ден қойған білім ордаларының бірі – Алматы қаласындағы физика-ма­тематика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі. Бүгінде мектеп оқушылары робототехника, IT, жасанды интеллект бағытында біршама жобаларды іске қосып үлгерген. Оның бірі әлеуметтік мәселелерді шешуге арналса, енді бірі экология, медицина сала­сындағы түйткілдерді алдын алуға бағытталған. 

Домбыраны оңалту құралына айналдырған 

Физика-математика бағы­тын­дағы НЗМ оқушылары инсульттан зардап шеккендерге ұсақ мотори­каны дамыта отырып, оңалтудың үшінші сатысында көмек көрсетуге арналған «Өркен» атты мобильді қосымша ойлап тапқан. Қосым­шаның басты функциясы – пай­даланушыларға ұлттық аспабымыз домбырада күй тартуды үйрету. Бұл процесс жасанды интеллект негі­зіндегі Аида есімді көмекшінің нұсқаулығымен жүреді. Жасанды зерде аудиоанализ арқылы қате­ліктерді анықтап, қолданушыға кері байланыс береді. Жоба ав­торларының айтуынша, қосымша негізінен егде жастағы адамдарға арналған. Себебі статистикаға сү­йенсек, инсульт көбіне ересек жас­тағы азаматтарда жиі кездеседі. 

– «Өркен» жобасын жүзеге асыру идеясы ойымызға бірден келген жоқ. Біз ұзақ уақыт бойы концепцияны ойластырдық, нәти­жесінде, басқа да қосымша идея­лар арасынан осы жобаны қолға аламыз деп шештік. Бастапқыда өзге жобаларға сүйене отырып, музыканы реабилитация құралы ретінде ұсындым. Дәл сол кезеңде топтың тағы бір мүшесі Ками­ланың атасы инсульттен кейін оңалтуға мұқтаж болды. Осыдан ке­йін біз жеке бақылау мен музы­калық терапия идеясын бірікті­реміз деп шештік. Жобаны қолға алмас бұрын команда реабили­тациялық орталықтардың кеңесіне жүгінді. Осылайша, «Өркен» кон­цепциясы шынайы қажеттіліктен туған жобаға айналды, – деді топ мүшесі Анастасия Цой.

Sarqyt командасы жобаны әзір­леу барысында Алматыдағы Saqtasyn оңалту орталығымен бірлесе жұ­мыс жүргізген. Ең алғашқы тес­тілік кезеңде инсульттан кейінгі 13 пациент қосымшаны сынап көріп, нәтижесінде, оң пікір білді­ріпті. Топ мүшелерінің негізгі құ­рал ретінде домбыраны таңдауы да бекер емес. «Жетіген немесе саз­сырнай сияқты ұлттық аспап­тар­мен салыстырғанда, домбыра үй­ренуге анағұрлым жеңіл» дейді мектеп оқушылары.

– Домбыра – Қазақстандағы ең танымал әрі кең таралған музы­калық аспап. Ол әр үйде кез­деседі, сонымен қатар белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары мен үйірмелерде қолжетімді. Домбыра – екі ішекті аспап, сондықтан оны меңгеру де оңай. Әсіресе, инсульттан кейінгі оңалту кезеңіндегі адамдар үшін. Қазір біз қосымшаны Паркинсон ауруы сияқты басқа да невроло­гиялық ауруларға бейімдеу жұмыс­тарын жүргізіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – оңалту процесін қолжетімді әрі пациенттердің мә­де­ни және физикалық қажетті­ліктері үшін тиімді ету. Келешекте жасанды интеллектің көмекші функцияларын жетілдіруді, жаңа күй топтамаларын қосуды, вир­туалды марапаттар жүйесін енгі­зу­ді, қолданушылар үшін бір-бірін қолдап, тәжірибе алмаса алатын қауымдастық құруды жоспарлап отырмыз, – деді А.Цой.

Сыртқы климаттық әсерге төзімді салқындату жүйесі

STEM саласындағы тағы бір ерек­ше ғылыми жобалардың бірі – күн панельдерінің салқындату жү­­йесі. Қазір күн панельдерінің ­жұ­мыс температурасының жо­ға­­ры­лауы ғылымда өзекті мәселеге айналған. Аптап ыстықта темпера­тураның өсуі күн панельдерінің тиімділігін төмендетеді. Техника ғылымдарының магистрі, Ph.D. докторы, Satbayev University қа­уым­дастырылған профессоры Сәу­леш Минажова: «Күн сәулесі артқан сайын электр энергиясын өндіру көлемі де артады деп ойла­ға­нымызбен, шын мәнінде, кері­сін­ше жағдай орын алады», – деді. ­Сал­қындату жүйесі, ең алдымен, ­ша­тыр­ларға орнатылатын фото­электрлік қондырғыларға арнал­ған. Сәулеш Минажованың сө­зін­ше, жүйе негізінен Қазақстанның оң­­түстік өңірлеріне бағытталған. Се­бебін автордың өзінен сұрап көрдік. 

– Зерттеу нысаны ретінде Қа­зақстанның оңтүстік өңірлерін таңдауымыз кездейсоқ емес. Сәуле түсудің картасына сәйкес, рес­­публиканың дәл осы оңтүстік ай­мақ­тары күн радиациясының ең жо­ғары деңгейіне ие. Бұл күн энер­гетикасын дамыту үшін қо­лай­лы алғышарттар жасайды. Онымен қоса, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығы жалпыұлттық деңгейде неғұрлым қатты сезіледі. Аталған фактор­лардың жиынтығы шағын қуатты күн қондырғыларын, сонымен қа­тар басқа да жаңартылатын энер­гия көздерін еліміздің оң­түстік бөлігінде енгізудің өзекті­лігін арттырады, – деді ол.

Сәулеш Минажова салқындату жүйесін әзірлеу барысында нарық­та қолданыста бар әрі сериялық өндірістен өткен техникалық жаб­дықтар мен материалдарды пай­далану жоспарланғанын атап өтті. Ұсынылатын жүйе жоғары бейім­делгіштігімен, сыртқы климаттық әсерге төзімділігімен және жеке тұрғын үйлер мен шағын инфрақұ­рылымдық нысандар жағдайында кеңінен қолдануға жарамдылы­ғымен ерекшеленеді. Салқындату жүйесі бар фотоэлектрлік шатыр панелінің бірқатар артықшылығын атап өтуге болады.

– Қазір салқындату жүйесі жеке сектордағы шағын қуатты тұтыну­шылары мен шағын және орта биз­нес субъектілерінің ғи­марат шатырларына орнатылатын күн панельдері үшін әзірленіп жа­тыр. Алайда электр көліктерін қуаттау инфрақұрылымына деген сұра­ныс­тың артуына байланысты, бола­шақта мұндай нысандардың күн электр стансаларымен инте­гра­ция­лануы ықтимал. Осы тұр­ғыдан ал­ғанда, ұсынылып отырған сал­қын­дату жүйесі жаңа нарық сег­мент­терінде де өзектілігін сақ­тап, қол­дану аясын кеңейтуі мүм­кін, – деп сөзін түйіндеді С.Минажова.

Мобильді қосымша науқасқа анализ нәтижелерін түсіндіреді

Кейде денсаулығы сыр берген азаматтар емделуді кейінге шеге­ріп, түрлі себепті алға тартады. Бірі емделу құнының қымбат екенін айтса, енді бірі уақыты жоқ екенін сылтау етеді. Көп жағдайда науқас анализ қорытындыларын түсінбей, ақпараттың көптігінен шатасып жатады. Бұл өз кезегінде уақытын­да алдын алуға болатын аурудың асқынуына алып келеді. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ойлап тапқан «Тамыр» атты қо­сымша бұл мәселені алдын алуға көмектеседі. 

«Тамыр» – нутрицологтардың алгоритміне негізделген, жасанды интеллект арқылы анализ нәти­же­лерін түсіндіретін мобильді қо­сым­ша. Ол адам ағзасында қандай өз­геріс болып жатқанын қарапа­йым тілмен түсіндіреді. Тамақтану мен профилактика арқылы ағза­дағы тепе-теңдікті қалпына келтіру жолдарын ұсынады. 

– Біз деректердің көрнекілігіне ерекше назар аудардық. Әр көрсет­кіштің қай шекте тұрғанын ви­зуалды түрде түсіну үшін инфогра­фика мен дизайнға ерекше мән бердік. Қосымшада түсініктеме мен көрсеткіштің не үшін жоға­рылауы немесе төмендеуі мүмкін екені туралы мәлімет көрсетілген. Медицинаны жақсы түсінбейтін адам да өз талдауларының мағы­на­сын оңай ұға алады. Бұл тәсіл интегративті медицинаны барлық адамға қолжетімді етеді, – деді топ мүшесі Жасмин Әбділдә.

Автор қазір Tamyr мобильді қосымшасы белсенді әзірлену процесінде екенін айтады. Осыған дейін топ мүшелері қосымшаны әзірлемес бұрын биохимия, нутри­циология және маркетинг сала­сындағы сарапшылармен кеңесіп, алгоритмдердің нақтылығын және интерфейстің қолдануға ыңғай­лылығын тексеріп көрген.

– Қосымшаның ерекшелігі – геймификация жүйесі: Tamyr түл­кі-маскоты арқылы пайдалану­шының «бейнелі» денсаулық жағ­дайын көрсетеді. Егер ұсы­ныс­тар орындалса түлкі көңілді, орындалмаса мұңайып тұрады. Бұл жүйе адамның күнделікті денсау­лығына мән беру үшін мотивация ретінде ықпал етеді. Tamyr дәрі­гер­лерді алмастыру үшін емес, ке­рі­сінше, олардың жұмысын то­лықтырып, алдын алу бағытын кү­шейту үшін жасалған. Біз адам­дардың дәрігерге тек ауырғанда емес, алғашқы белгілер пайда бол­ғанда-ақ жүгінетін мәдениетті қалыптастырғымыз келеді, – деді жоба авторы.

Қосымшаның ең бір ерекше тұсы да сол, мұнда артық шығын, күрделі медициналық термин жоқ. Пайдаланушылар талдау нәти­желерін жүктеу арқылы ағзадағы ақауларды анықтап, денсаулық жағдайын инфографика түрінде көре алады.

 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы