Бұл – баланың алғашқы тұлғалық қадамы ғана емес, ата-ана мен бала арасындағы шынайы байланыстың бастамасы. Алайда бүгінде көптеген ата-ана бұл сәтті ұзақ күтуге мәжбүр. Себебі соңғы жылдары балалардың сөйлеу қабілетінің кешеуілдеуі жиілеп барады. Осы мәселеге тереңірек үңілу үшін логопед-дефектолог, балалармен 15 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Әлия Сманқызымен сұхбаттасқан едік.
– Қазір балалардың тілі кеш шығуы жиі байқалады. Бұл құбылыстың себептері қандай?
– Иә, бұл қазіргі заманның өзекті мәселесіне айналды. Бұрын бала тілі шықпай жатса, ата-аналар оны көп жағдайда «уақыт өте өзі сөйлеп кетеді» деп қабылдайтын. Бірақ бүгінде біз тілдің кешігуі баланың толыққанды дамуына елеулі кедергі келтіретін күрделі құбылыс екенін түсінуіміз керек. Оның бірнеше себебі бар.
Ең әуелі ананың жүктілік кезіндегі денсаулығына мән беру қажет. Егер ана жүктілік кезінде күйзеліс, депрессия, инфекциялық ауру мен ауырса, бұл баланың жүйке жүйесінің дамуында із қалдыруы мүмкін. Баланың сөйлеу қабілеті тек тілді үйрену емес, бұл – күрделі нейропсихологиялық үдеріс. Ал бұл үдеріс туабітті жүйке жүйесіне байланысты. Сонымен қатар сәбидің алғашқы айларынан бастап онымен тікелей сөйлесу, көзбе-көз қарым-қатынас жасау, эмоциялық байланыс орнату тіл дамуына негіз болады. Ал бұл байланыс болмаса, сөйлеудің де іркілуі әбден мүмкін.
– Балалардың гаджетке тәуелділігі тіл дамуына қалай әсер етеді?
– Өкінішке қарай, қазіргі заманауи өмір салты баланың табиғи дамуын жасанды факторлармен шектеп отыр. Әсіресе, гаджеттер осы проблеманың басында тұр. Көптеген ата-ана баланы тыныш ұстау үшін планшет не телефонды қолына ұстата салады. Бала ойнап отырғандай көрінгенімен, шын мәнінде ол біржақты, пассивті қабылдау режимінде отырады. Ол естиді, көреді, бірақ жауап қайтармайды. Қарым-қатынас жоқ жерде сөйлеу де қалыптаспайды.

Бала алғашында анасының көзіне қарап, эмоцияны түсініп, дауыс интонациясын, мимиканы бақылау арқылы сөйлеуді үйренеді. Ал мультфильмде бұл байланыс жоқ. Тірі адамның үніне, бет-әлпетіне қарап үйрену – сөйлеудің табиғи жолы. Сондықтан балаға мультфильм көргізер алдында, ең алдымен, онымен сөйлесуді, бірге ойнауды, ән айту мен ертегі тыңдатуды әдетке айналдырған дұрыс.
Бала сөйлеуді ойын арқылы, дыбыстарды қайталау арқылы меңгереді. Тіпті, қарапайым «мысық не дейді?» деген сұрақтың өзіне бала жауап беруге тырысып, дыбыс шығаруға машықтанады. Ал гаджеттер мұндай өзара әрекет ұсынбайды.
Баланың сөйлеуі тек бір тілде қалыптасуы керек
– Қазақ тіліндегі «қ», «қ», «ң» секілді дыбыстарды айту балаларға неге қиын?
– Дыбыстардың дұрыс айтылмауы тілдің моторикасымен байланысты. Мысалы, «р» дыбысы тілдің ұшының дірілдеуі арқылы жасалады, ал бұл үшін балада жеткілікті артикуляциялық қабілет болуға тиіс. Бұлшық ет әлсіздігі, моториканың жетілмей қалуы, тіпті сору мен шайнау әрекетінің аздығы да осындай кемшілікке себеп болады.
Қазақ тілі – артикуляциялық жағынан күрделі тілдердің бірі. Әсіресе, көмей, тіл арты дыбыстарын айту үшін баланың тілі жақсы дамуы керек. Ал қазіргі балалар ұзақ уақыт ботқа, езілген тағаммен тамақтанады. Бұл – тіл мен жақтың моторикасының баяу дамуына әкеледі.

Сонымен қатар қазір көп отбасында екі немесе үш тіл қатар қолданылып жатады. Бұл жағдай баланың миында тілдік кодтардың араласуына, дыбыстарды шатастыруына себеп болады. Мұндай жағдайда біз ата-аналарға баланың сөйлеуі бір тілде толық қалыптасқанша, тек сол тілде сөйлеуге кеңес береміз.
– Ата-аналар баласының тілі кеш шыққанын жиі мойындағысы келмейді. Ондайда логопед қандай қадам жасайды?
– Иә, мұндай жағдай тәжірибемде жиі кездеседі. Кейбір ата-аналар өз баласын өзгемен салыстырып, «қазір сөйлемесе, ертең сөйлейді» деген оймен уақыт жоғалтып алады. Бірақ сөйлеудің кешігуі уақыт өте өздігінен шешіле беретін мәселе емес. Бұл – уақытты қажет ететін, жүйелі жұмысты талап ететін үдеріс.
Біз мұндай ата-аналармен алдымен сенім орнатуға тырысамыз. Баланы бейнежазба арқылы бақылап, сөйлеу әрекетін көрсетеміз. Қай жерде қиындық барын нақтылап, түсіндіреміз. Кейде проблема тілде емес, эмоциялық байланыста немесе отбасындағы атмосферада жасырынып жатады. Сондықтан логопед баламен ғана емес, бүкіл отбасымен жұмыс істейді.
Қарым-қатынас – баланың қоғамға ену жолы
– Сіз қандай тәсілдер арқылы баланың сөйлеуін дамытасыз?
– Біз сөйлеуді дамыту үшін кешенді әдіс қолданамыз. Мысалы, бала дыбысты ажырата алуын, сөздерді түсінуін, берілген нұсқауды орындауын, осының бәрін тексереміз. Кейбір балалар сөйлемейді, бірақ бәрін түсінеді. Ондайда біз алдымен тілдік емес коммуникацияны ым, қимыл, көзқарас арқылы байланыс орнатамыз. Сосын барып дыбыстық белсенділікті біртіндеп дамытамыз. Кейде балаға қарапайым ауызша нұсқау жеткіліксіз болады, онда визуалды тіректерді (сурет, белгі) қосамыз. Бастысы – баланың психологиялық кедергісін жеңу.

– Кейбір балаларда сөйлеу бар, бірақ олар айналасымен байланыс орнатуға қиналады. Бұл нені білдіреді?
– Бұл – өте маңызды әрі жиі кездесетін жағдай. Бала сөздерді айта алады, бірақ оларды жағдайға байланысты қолданып, айналасымен диалог құруға бейім емес. Бұл жағдайда біз тек тілдің даму деңгейін емес, баланың сенсорлық қабылдауын, эмоциялық байланыс орнату қабілетін, әлеуметтік дағдыларын тексереміз. Мұндай балаларда көбіне сенсорлық ақпаратты өңдеу қабілеті бұзылған болады. Яғни, олар дыбысты естиді, бірақ оны ажырату, мәнін түсіну, соған сәйкес әрекет ету қиынға соғады. Бұл сөйлеу мен түсініктің арасындағы байланыстың үзілуі. Мұндайда реабилитолог баламен арнайы ойын, тактильді және визуалды жаттығулар жасап, оның миына келіп жатқан ақпаратты дұрыс қабылдауды және қайта өңдеуді үйретеді. Біздің мақсат – тек сөз үйрету емес, баланың байланыс орнату қабілетін қалыптастыру. Себебі сөйлеу – қарым-қатынас құралы, ал қарым-қатынас – баланың қоғамға ену жолы.
– Тәжірибеңізде есте қалған ерекше оқиға болды ма?
– Иә, мамандық жолымда жүріп жүрекке қатты әсер еткен, ұмытылмас сәт көп. Солардың бірі церебралды сал ауруымен ауыратын 5-6 жастағы бала туралы. Ол бізге алғаш келгенде тек дыбыс шығарып қана отыратын. 30 күн бойы ол бірде-бір сөз айтпады. Ал бір күні кенеттен орнынан тұрып, «мама» деп айтып, анасына қарады. Анасының көзінен қуаныштың жасы парлап кетті. Ол сәттегі қуаныш пен тебіреністі сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бала кейін: «Менің аяғым жерге тиді» деп анық сөйледі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әсет ҚАЛИ