Қазақстанның екі басты мегаполисі карантинге жабылады. Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия биылғы 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін енгізді.
Бұл мәлімдеме Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен осы мемкомиссияның отырысында жария етілді.
Жиында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, сондай-ақ Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин баяндады.
Отырыста еліміздің ең ірі екі қаласында COVID-19 таралуына қатысты күрделі жағдай қалыптасқаны ашық айтылды. Осыны ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың жайылуын болдырмау мақсатында мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.
Сонымен, 19 наурыздан бастап екі шаһарда мынадай шетін шаралар қолданылады: біріншіден, карантин енгізіледі. Ауқымды санитарлық эпидемияға қарсы іс-шаралар жүзеге асырылады.
Екіншіден, карантин аймағының шекарасы белгіленеді: жауапты құрылымдар үшін оған кіру және одан шығу пункттері анықталады.
Үшіншіден, былайғы жұрт қос қаладан ешқайда кете алмайды, өзге өңірлерден ешкім кірмейді. Өйткені адамдардың қозғалысы, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп-шығуы шектеледі.
Төртіншіден, қалалықтардың 3-санат тобы: ауруға шалдыққандар, инфекция жұқтырды деген күдікке іліккендер және карантиндегілер үшін арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.
Бесіншіден, екі қала да секторларға бөлініп, олардың шекаралары анықталады. Бұл жабық қалада тұрғындарды азық-түлікпен жабдықтау, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуі, азаматтардың қала ішіндегі қозғалысын шектеу үшін қажет көрінеді.
Алтыншыдан, қоғамдық көлік қозғалысы күндізгі уақытта да тоқтатыла тұрады немесе шектеледі, ал түнгі уақытта мүлдем тоқтатылады.
Жетіншіден, азық-түлік емес тауарлар саудаланатын базарлар, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлері жабылады. Тек азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттар сататын жерлер ғана жұмыс істейді.
Сегізіншіден, адамдар сыртқа көп шықпауы үшін мейрамханалар, дәмханалар, асханалар, аспаздықтар «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша жаңа жұмыс режиміне көшіріледі.
Тоғызыншыдан, барлық ХҚКО-ларда жұмыс режимі шектеледі. Елорда әкімі Алтай Көлгінов көптеген мемқызметтер электронды форматта көрсетілетінін еске сала келе, астаналықтардан қажетсіз ол орталықтарға бармауды өтінді.
Оныншыдан, карантинге жабылған әрбір қаланың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына деген тәулік бойғы қажеттілігі айқындалады.
«Қалада азық-түлік жеткілікті. 38 мың тоннасы бар. Кеше Нұр-Сұлтанға 400 мың маска әкелінді. Алда 200 мың бірлік антисептик құралдары жеткізіледі», – деді А.Көлгінов.
Бұдан бөлек, қос қаладағы карантиннің әрбір секторы үшін өз сауда орталықтары және алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтары белгіленеді.
«Коронавирус инфекциясының кеңінен таралуына жол бермеу бойынша жұмыстар Мемлекет басшылығының бақылауында. Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең бастысы, азаматтардың өздеріне байланысты. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағанда ғана өздеріңізді және жақындарыңызды қорғап қаласыздар», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімі өз Үндеуінде.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өкімімен медициналық мекемелер 15 сәуірге дейін карантинге жабылды: олардан сырқаттар шықпайды, оларға туыстары бара алмайды.
«Бүгіннен бастап барлық медициналық мекемелерде – ауруханаларда, медициналық-әлеуметтік мекемелерде, қарттар үйлерінде, интернаттарда карантин енгізіледі. Осы ұйымдарға медициналық қызметкерлерден басқа адамның баруына тыйым салынады. Бұл оларда жатқан пациенттерді қорғауға бағытталған. Бұдан бөлек, аталған медициналық ұйымдарда санитарлық-карантиндік шаралар күшейтілді, оның ішінде фото және бейне түсірілімдерге тыйым салынды», – деді министр Е.Біртанов.
«Президент Іс басқармасының медициналық орталығы ауруханаларындағы барлық жоспарлы операциялар, зерттеулер, пациенттерді қабылдау төтенше жағдай режимінің әрекеті аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады», – деп хабарлады ПІБ баспасөз қызметі.
Айхан ШӘРІП