Дегенмен соңғы кезде ұрлық-қарлық азайып, ауыр қылмыстар сирегенімен, интернет алаяқтық көбейіп отыр. Осы себепті бүгінде құқық қорғау органдары заманауи қауіп-қатерлерге көбірек назар аударып, күрес тәсілдерін жаңа форматқа көшірді. Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жартысында ел бойынша 64 529 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 463 дерекке аз немесе 6,5%-ға төмен. Демек, жүйелі түрде жүргізіліп жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты мен құқықтық үстемдік орнатуға бағытталған мемлекеттік саясат оң нәтиже бере бастады.
Биыл тіркелген қылмыстық істердің төрттен үші нақты қылмыстарға тиесілі – олардың жалпы саны 52 117-ні құрап отыр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 6 880 дерекке кеміп, шамамен 11,7%-ға төмендеген. Аса ауыр қылмыстар 58,4%-ға азайса, орташа ауырлықтағы қылмыстар 14%-ға, ал жеңіл қылмыстар 13,4%-ға қысқарған. Дегенмен ауыр санаттағы қылмыстар керісінше 2,4%-ға өсіп отыр.
Сондай-ақ ұсақ құқықбұзушылықтар саны күрт артқан, мәселен, биылғы алты айда 12 412 іс тіркелген, бұл былтырғыға қарағанда 24%-ға көп. Қазір мұндай істер барлық қылмыстық құқықбұзушылықтың бестен бір бөлігін құрайды. Оларға ұрып-соғу, ұсақ ұрлық және жол қозғалысы ережесін бұзу сынды әрекеттер жатады. Бас прокуратура өкілдері бұл өсімді кейбір әкімшілік құқықбұзушылық баптарының қылмыстық санатқа өтуімен байланыстырып отыр.
Ұрлық, қарақшылық және кісі өлтіру істері күрт азайған.
Бірнеше санаттағы қылмыстар едәуір төмендеген:
Ұрлық – 27,6%-ға азайып, 11 809 жағдай тіркелген (2024 жылы – 16 309).
Тонау – 34%-ға кеміп, 574 факт (былтыр – 870).
Қарақшылық – 38,6%-ға төмендеп, 43 іс (былтыр – 70).
Кісі өлтіру – 18,8%-ға азайып, 263 жағдай (былтыр – 324).
Кісі өлтіруге оқталу – 32,1%-ға қысқарып, 53 дерек (былтыр – 78).
Бұзақылық – 23%-ға азайып, 687 жағдай (былтыр – 892).
Зорлау – 11,7%-ға кеміп, 226 факт (былтыр – 256).
Ұрлық фактілерінің кемуіне «қызыл» аймақтардағы бейнебақылау, цифрлық талдау және превентивті шаралар себеп болғаны айтылып отыр. Қоғамдық орындар мен көліктегі ұрлықтар да азайған.
Алаяқтық, әсіресе интернет беттерінде қайта белең алып барады. Мәселен, биыл алаяқтық фактілері аздап өсіп, жалпы саны 22 812-ге жеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда 0,7%-ға көп. Есесіне интернет алаяқтық күрт өскен – бір жылда 9 936-дан 12 390-ға дейін жетіп, 24,7%-ға артқан.
Алаяқтар халықты жалған сайттар, фейк чатты хабарламалар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар, жалған жеткізу қызметтері және банктердің фейк аккаунттары арқылы алдап соғуда.
Наркобизнеске қарсы күрес те жалғасуда. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі жарты жылдың қорытындысы бойынша елде 4 мыңға жуық есірткіге қатысты құқықбұзушылық тіркелгенін мәлімдеген болатын.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы қылмыстық ахуалдың жақсаруына цифрлық технологиялар, бейнебақылау жүйелерінің дамуы, заңнамалық реформалар мен құқық қорғау органдарының алдын алу шаралары өз нәтижесін бере бастағаны байқалады.
Әмина МҰХАНБЕТ