Ұлттық статистика бюросы медициналық статистика саласындағы әлеуетін арттыруда.
Статистикалық және медициналық деректер біріктіріледі
Фото: gov.kz
856
оқылды

Ұлттық статистика бюросы Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы және «Мединформ» ЖШС-мен бірлесіп, денсаулық сақтау саласын цифрландыруды дамыту, сондай-ақ медициналық статистиканы жинау, өңдеу және талдау әдістерін жетілдіру туралы келісімге қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Келісімге Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев, Орталықтың Басқарма төрайымы Гүлнар Құлқаева және «Мединформ» ЖШС директоры Айгүл Шарапова қол қойды. Тараптар деректермен алмасу және талдамалық-есептік материалдарды дайындау үшін сараптамалық қолдау көрсету жөнінде уағдаласты.
Ынтымақтастық аясында Бюро есептік деректер құрылымын қалыптастыруға қолдау көрсетіп, қорғалған портал арқылы «Медстат» және «Мединфо» ақпараттық жүйелеріне қол жеткізеді. Сонымен қатар, Бюро медициналық көрсеткіштерді есептеу үшін қажет өңірлік, жыныстық және жас құрылымына қатысты өзекті демографиялық деректерді тұрақты түрде ұсынады.
«Бұл келісім – статистикалық және медициналық деректерді біріктіруге бағытталған маңызды қадам. Бірлескен жұмыс статистикалық ақпарат қалыптастыру үдерістерін жетілдіруге көмектеседі. Біз бұл серіктестікті аналитикалық және салалық ведомстволардың тиімді өзара іс-қимылының үлгісі ретінде қарастырамыз», – деді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Бүгінде медициналық деректер негізінде «Қазақстанның статистикалық жылнамасы», «Қоршаған ортаны қорғау», «Қазақстанның әйелдері мен ерлері», «Қазақстан балалары» және басқа да жинақтар дайындалып, жарияланады. Бұл басылымдар демографиялық және әлеуметтік үдерістерді талдау, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйін бағалау үшін қажетті деректерді қамтиды.

«Ұлттық статистика бюросымен серіктестік денсаулық сақтау саласында жедел деректер мен талдамалық ақпарат алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Қол қойылған келісім медициналық статистиканың сапасын арттыру, мониторинг жүйелерін жетілдіру және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған тиімді шешімдер қабылдау жолында маңызды қадам болады деп сенеміз», – деп атап өтті ҚР ДСМ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Басқарма төрайымы Гүлнар Құлқаева.