«Әй, сен оның өзімен емес, әйелімен сөйлес, солай ғана келістіресің». Бұл түнеугүні ауылға барғанда шай үстінде естіген әңгімем. Інім трактор айдайтын адамның жалданып жұмыс істеуге келіспей жатқанын айтқан. Оған әкемнің айтқан ақылы жоғарыдай болды. Иә, бұрын ауылға бара қалсақ, еститініміз мал бағатын адамның аздығы болса, енді оған тракторшы қосылыпты. Бір жағынан жаздың ыстығы, күздің қара суығы тоқтаусыз трактор жүргізу де оңай жұмыс емес. Оған қоса, ауылдағы техниканың дені ескі. Ауылдағы бұрыннан келе жатқан кәсіби механизаторлар ескі техниканы жамап-жасқаумен-ақ қартайғаны рас. Жастарға келсек, 40-60 мың теңгенің айналасындағы айлыққа жұмыссыз жатқан жанның өзі де бара қоймайды. Одан жоғары жалақы төлеуге шаруашылық иесінің қалтасы көтере бермейді. Себебі табыс көзі мал болсын, егіншілік болсын, өнімнің жемісін алатын кез – күз. Яғни, қыстан шыға шаруасы бастан асатын фермер жұмысшыға күзге дейін көп артық қаражат тауып бере алмайды. Мал шаруашылығын қолға алған шаруа төрт түлігін бағатын малшы таппай бір әуреге түссе, қысқы жемшөпті дайындау үшін тракторшыны іздеп сабылып жүргені. Ал ауылда жұмыссыз жатқан еркектің бәрі жоғарыда айтқандай әйелін тыңдап, трактор жүргізуге келісе бермесі анық. Жақында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жариялаған деректі көзіміз шалды. Бүгінгі күні елімізде 150 мыңдай маман жетіспейді. Оның ішінде ауылдық жерлерде тапшы маман тракторшы да бар. Кәсіпкерлер палатасы 600 мыңдай кәсіпорын арасында сауалнама жүргізіп, негізінен маусымдық мезгілде жұмысшы жетіспей жататынын анықтапты. Расында да, электронды еңбек биржасының сайтына (enbek.kz) кіре қалсаңыз да алдыңыздан шығатын сұраныстар тізімінде тракторшы, агроном, малшы, жалдамалы жұмысшыға сұраныс көп екенін байқауға болады. «Атамекен» ҰКП Түркістан облысындағы бір ғана Мақтаарал ауданында үш мыңдай тракторды жүргізетін маман табылмай отырғанын мәлімдеді.
ТОЗҒАН ТЕХНИКАНЫ ЖАҢАРТУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?
Елімізде ауылшаруашылық техникаларының ескіргені жайлы жазылып та, айтылып та жатыр. Ресми мәліметке сүйенсек, республикадағы пайдаланып жүрген комбайн, тракторлардың 70-80%-ы нормативті пайдалану мерзімінен асып кеткен. Агротехника парктің жыл сайынғы жаңартылуы 1,5% деңгейінде. Яғни, негізгі норматив – 6% болуы керек. Айта кету керек, ауыл шаруашылығына қажетті техниканы лизингтік бағдарлама арқылы беру қолға алынған. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның мәліметіне қарасақ, Қазақстанда 2000-2019 жылдар аралығында лизингпен 46 мың агротехника беріліпті. Жыл сайын бағдарламаға мемлекет қазынасынан бөлінетін қаражат көлемі де көбейіп келеді. Сонымен қатар лизинг арқылы 7 жылға қайтару мерзімімен сатып алған трактор, комбайн құнының 10-25%-ын Үкімет субсидия есебінен қайтарып береді. Десе де, оған ірі шаруашылықтар болмаса, көп фермердің қолы жетпей отыр. Өйткені шаруашылық көлемі үлкейген сайын техника да көбірек қажет болатыны рас.ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?
Бүгінгі күні еліміз агроөнеркәсіпке қажет техникаларды құрастыруды қолға алғаны белгілі. Мәселен, Беларусьтің МТЗ маркалы тракторының бірнеше түрін өзімізде жинап, пайдалануға беріп жатқанымызға біраз уақыт өтті. Одан бөлек, 2007 жылдан бастап Көкшетауда құрастырылатын Ресейдің Ростсельмаш компаниясының RSM 2375 тракторын ірі шаруашылықтар пайдаланып жүр. RSM 2375 тракторының бағасы қымбат болғанымен, номиналды қуаты жоғары, қазір 380-405 аттың күшіне тең екі түрі шығарылады. Сондай-ақ Ростсельмаштың VECTOR 410 комбайндары да біздің фермерлерге аса танымал техниканың бірі. Былтыр Премьер-Министр Асқар Мамин Ресейге барған сапарында Киров атындағы зауытқа арнайы барып, «Кировец» тракторын Қазақстанда құрастыру жөнінде келісім жасасып келген. Өйткені РФ Кеденнен өткізу үшін утилизациялық алымдар жиынтығын енгізген соң оның бағасы қымбаттап кетті. Мысалы, бұрын құны теңгеге шаққанда 50 млн болса, утилизация қосылған соң 60-62 млн теңгеге шығып кетті. Осылайша, биылдан бастап К-4 және К-7 «Кировец» тракторларын Қостанайда шығарғалы отырмыз. Сұранысқа қарай, болашақта жылына 250 дана трактор шығарылмақ. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2014 жылдан бастап Қазақстанға импортталатын ауыл шаруашылығы техникаларының көлемі біртіндеп азайып келеді. Бұл отандық агротехника құрастыру жұмысының артуымен тікелей байланысты. Дегенмен қазіргі күні бізде отандық агротехникамен қамту көрсеткіші 40%-ға жетпейді. Ал Ресейде ауылшаруашылық машиналарының тең жартысы отандық өндіріс өнімі болса, Беларусьте – 90%, Өзбекстан – 80%. Сол себептен де жыл сайын қазақстандық фермерлер шетелдік қымбат техникаларды сатып алуға 180 млн доллардай жұмсайды екен. Шаруа қожалықтарының барлығының бірдей немістің CLAAS концерні және канадалық John Deer компаниясы секілді сапалы техниканы сатып алуға қолы жете бермейді, оларды алуға фермерлердің тек 15% қауқарлы. Себебі ондай қымбат маркалы техникалардың құны – 120-150 млн теңгенің аралығында. Диллерлік компаниялардың ақпаратына қарағанда, Қазақстан 2017-2018 жылдары 259 комбайн мен 199 трактор импорттапты. Қалған 85% шаруашылықтар қостанайлық «Есіл» немесе ресейлік «Вектор» комбайндарын 35-50 млн теңгеге сатып алады, сондай-ақ оның 25% сомасын мемлекет субсидия есебінен қайтарады.ТЕХНИКА ҚҰРАСТЫРЫЛҒАНМЕН ТІРКЕМЕСІ ЖОҚ
Наурыз айының 10-13 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында агротехникалар көрмесі өткізілді. Заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар келушілер назарына ұсынылған. Шетелдің дейсіз бе, отандық өнім дейсіз бе барлығы қойылды. Бізді қызықтырғаны Қостанай құрастыра бастаған «Кировец» тракторы болды. Кеңес Одағы кезіндегі белгілі К-700 тракторының жаңартылған нұсқасы қуат-күші жағынан бұрынғы «сары трактордан» артық. Қызыл «Кировецтер» адамға жайлы, кондиционері бар, жүрісі жұмсақ (ресорлы). Ең үлкен ерекшелік қуат-күші жағынан жоғары 300-428 аттың күші бар. Бағасы да баршылық – 50 млн теңге. Дегенмен оның 25%-ын Үкімет субсидиялайды, қалғанын жеті жыл ішінде қайтарасыз. Әйтсе де, көрмеден байқағанымыз, негізінен егін шаруашылығымен айналысатын фермерлерден жаңа техникаға сұраныс көп екен. Соған орай, салаға арналған заманауи техниканың, агрегаттың да түрі көп. Жер жыртатын, тырмалайтын, суаратын сан түрлі техника қаптап тұр. Ал мал шаруашылығына арналған техникалар – трактор түрлері, шөп шабатын, таситын, жинайтын агрегаттар жоқтың қасы. Себебі Қазақстанда трактор, комбайн түрлерін құрастырғанымен, оларға қосымша тіркеме техника жинастырылмайды. Тек Ресейден, Беларусьтен, т.б. елдерден әкелінетін жабдықты сатып алуға тура келеді. Әрине, сырттан кірген соң бағасы да қымбат. Оның үстіне, трактор, комбайнның өз басы болмаса, оған қосымша агрегаттарға субсидия қарастырылмаған. Сондықтан отандық өндірушілер осы жағына да көбірек мән берсе дейміз. Сәбит ЖАНАЛИН, маркетолог:– «Біздің диллерлік компанияға шөп шабатын тіркемеге көп тапсырыс түседі. Негізінен Ресейден, Польшадан, Түркиядан әкелеміз. Түркия мен Польшадан келетін түрі роторлы шөп шапқыш деп аталады, қымбат болса да ірі шаруашылық иелері соны алады, сапалы, технологиялық мүмкіндігі жоғары деп. Бағасы 1 млн теңгеден жоғары. Ал трактордың тіркемелері шаруашылықтарда мүлдем ескірген. Мәселен, қазір Қостанайда құрастырып жатқан «Кировец» тракторына тіркейтін ПТС-9, ПТС-12 тіркемелері (9-12 тонналық) аса қажет. Алайда ол бүгінде Ресейдің Мордовия аймағында ғана шығарылады. Соңғы жылдары, әсіресе малдың жемшөбін дайындауға қажетті тіркеме техникаларға сұраныс артып отыр. Сондықтан бұл мәселені тезірек реттеу керек деп білемін.
Бауыржан БАЗАР