Қызылорда қаласының бюджеті жыл басында 73,1 млрд теңге болып бекітілсе, жартыжылдық қорытындысында 144,7 млрд теңгеге (198%) жетіп, екі есе артқан.
Қызылордада инвестиция тарту көлемі артты
aikyn.kz
3,270
оқылды

Биылғы жылдың алғашқы алты айында Қызылорда қаласы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов мәлімдеді, – деп хабарлады Аikyn.kz.

Әкімнің айтуынша, жыл басынан бері қала бюджеті екі есеге артып, кірістер жоспары артығымен орындалғанын көрсетеді. Оның ішінде Қызылорда қаласының бюджеті жыл басында 73,1 млрд теңге болып бекітілсе, жартыжылдық қорытындысында 144,7 млрд теңгеге (198%) жетіп, екі есе артқан. Мұны бірінші кезекте аймақ басшысының тікелей қолдауымен жүргізілген ілкімді істердің нәтижесімен байланыстырады. Мұнымен қоса,  облыс орталығында инвестиция тарту, құрылыс және сауда салаларындағы өсім де ерекше байқалып отыр. Мұның барлығы жүйелі жоспарлау, тұрғындардың белсенділігі және мемлекеттік қолдаудың үйлесімді жемісі ретінде бағаланды. 

«Биылғы жылдың алғашқы жартысында Қызылорда қаласында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткіздік. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру, Үкімет пен облыс әкімдігінің қолдауы, қала тұрғындарының белсенділігі қаламыздың даму қарқынын арттырып тұр. Осы орайда қайта бағаланған бірнеше нысан есебінен бюджетке қосымша кірістер тартылып, жыл соңына дейін қосымша түсім көлемі арта түседі деп жоспарланып отырғанын да айта кеткен абзал. Бұл тұрғыда бөлінген қаржы негізінен құрылыс, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қолдау, мәдениет пен спорт салаларын дамытуға бағытталып отыр.

Соның негізінде жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы қарқын алып, қала инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, қаламызда инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Соған орай ірі жобалар мен тың бастамалар қолдау тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізіп тұр. Сол сияқты сауда, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларында өсім қалыптасты. Алдағы уақытта да осы оң қарқынды сақтап, халықтың сұранысына сай жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз», – деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.

Сонымен қатар  облыс орталығының жол-көлік инфрақұрылымын жаңартуға да басымдық беріліп келеді. Бұл бағытта кешенді жобалар әзірленіп, биыл бірқатар ірі көшелерде құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алса, шет аймақтарда жол сапасын жақсарту мақсатында нақты шаралар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылдың өзінде 23,2 миллиард теңгеге ұзындығы 60 шақырымнан астам жолды қамтитын алпысқа жуық жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде облыс орталығының негізгі артерияларының бірі – «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының жаңғыртылуы ерекше маңызға ие. Бүгінде жобаның бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезең бойынша Сырдария өзені бойындағы қорғаныш бөгетті бекіту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан 17 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Келесі кезекте қала басшысы жергілікті егіншілердің еңбек қарқынына ерекше тоқталып өтті. Негізінен биыл қала аумағында 8 695 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде күріш алқабы 3 454 гектарды құрайды. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына қажетті техникалар,  арзандатылған дизель отыны, тыңайтқыш және гербицидпен қамтамасыз етуде мәселе жоқ. Сонымен қатар, салада бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып,  агроөнеркәсіптің  әлеуетін арттыру, өнім көлемін ұлғайту және заманауи тәсілдерді енгізуге басымдық берілген. 

Осы орайда айта кеткен абзал,  өңірлердің индустриялық-инновациялық даму индексінің көрсеткішіне сәйкес Қызылорда үздік үштіктен көрініп отыр. 

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы