Астанада жол ережесін сақтамағандар 8 миллиард теңгеден астам айыппұл төледі.
Астаналықтар 8 миллиард теңгеден астам айыппұл төлеген
Фото: gov.kz
813
оқылды

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, елордада 800-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 074 адам түрлі жарақат алды. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрлан Капаров мәлім етті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында бірқатар профилактикалық іс-шара  ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Тасымалдаушы», «Жолдағы қабылдау», «Борышкер», «Автобус» және «Қауіпсіз жол» акциялары бар.

«Қоғамдық көлікте қауіпсіздікті арттыру мақсатында жүргізушілерге арналған рейс алдындағы тексеріс күшейтілді. Автопарктермен төрт кеңес өткізіліп, 153 оқу дәрісі ұйымдастырылды. Қаланың алты учаскесінде аялдамалардың орналасу сұлбасы қайта қаралып, жол қозғалысын оңтайландыруға бағытталған техникалық өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, 19 жаңа жол белгісі орнатылып, 8 бағдаршам секциясы іске қосылды, 38 жолайрықтағы бағдаршам режимі қайта реттелді. Қалалық автобустар толықтай бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Оның көмегімен жыл басынан бері 154 тәртіп бұзушылық фактісі тіркелген. Сонымен қатар қаланың алты негізгі көлік дәлізін жаңғыртуға арналған арнайы жоба әзірленді. Балалар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттында мектеп маңындағы инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, №110 мектеп пен №33 мектептің жанында екі жаңа жаяу жүргінші өткелі салынды», – дейді полиция подполковнигі.

Бақылау жүйесін күшейту мақсатында қала көшелерінде  Ekin Patrol  интеллектуалды жүйесімен жабдықталған 14 патрульдік көлік жұмыс істейді. Бұған қоса, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалау үшін жедел жәрдем көліктері мен автобустарға орнатылған автоматты бұзушылықтарды тіркеу кешендері де тиімді қолданылуда.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Астанада 683 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, жалпы сомасы 8 миллиард теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 77 пайызы немесе 6,15 миллиард теңгесі өндірілген.

«Қорғау» жүйесінің көмегімен жалған мемлекеттік нөмір таққан 27 автокөлік анықталған. Сонымен қатар  452 адам жүргізуші куәлігінсіз, ал 83 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, көлік тізгіндеген.

Құқық бұзған жүргізушілерге қатысты тиісті шаралар қолданылды: 687 көлік айыптұраққа қойылып, 10 500-ден астам жүргізушіге жалпы сомасы 456,2 миллион теңге болатын берешегі туралы хабарлама жолданды. Сот шешімдерінің негізінде 560 адам жүргізуші куәлігінен айырылып, 750 адам әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар 759 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін ұсталды. Елордада жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтауға бағытталған фото-бейне бақылау жүйесі белсенді қолданылуда. Қала бойынша орнатылған шамамен 6 000 автоматты камераның көмегімен 2025 жылы 544 010 бұзушылық анықталып, 5,65 миллиард теңге айыппұл салынды. Оның 82 пайызы немесе 4,65 миллиард теңгесі өндірілді», – дейді Нұрлан Капаров.

Жыл басынан бері 982 517 құқықбұзушылық тіркеліп, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 11 миллиард теңгеден асып, оның 8,9 миллиард теңге өндірілген (өндіру деңгейі – 75,3%).

Фото және бейнекамералар 710 047 бұзушылықты тіркеп, 7,5 миллиард теңге айыппұл салынған. Оның 83,2 пайызы немесе 6 миллиард теңгесі өндіріліпті. Бұл автоматтандырылған бақылау жүйесінің тиімділігін және жазаның бұлтартпастығын дәлелдейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.