Терроризм – ұлттық қауіпсіздікке төнетін ең қауіпті қатерлердің бірі, өйткені ол мемлекеттің тұтастығына, қоғамдық тұрақтылыққа және азаматтардың өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Бейбіт елдің іргесі берік
3,953
оқылды

Жаһандық сипат алған бұл құбылыс – XXI ғасырдың ең қауіпті сын-қатерлерінің бірі. Орталық Азия аймағы да бұл қатерден тыс қалмады: бүгінгі күні аймақтың бірде-бір мемлекеті терроризмнің ықтимал салдарынан өзін толық қауіпсізбіз деп айта алмайды.

Қазақстан Президенті биылғы қаңтар айында құқық қорғау органдары бас­шы­ларымен өткізген кеңесте терроризм мен экстремизмге қарсы әрекет етуді күшейтуді нақты міндет етіп қойғаны осы қауіптің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті. Мемлекеттің тұрақтылығы мен халықтың амандығы тікелей ұлттық қауіпсіздік жү­йесінің тиімділігіне байланысты екені даусыз.

Стастикалық мәліметтерге жүгінсек, терроризммен байланысты оқиғалар ең көп тіркелетін елдердің қатарында Ирак, Пәкіс­тан және Иран бар. 2002–2011 жылдар ара­лығында тіркелген террорлық шабуылдардың 35 пайызы Ирак пен Ауғанстан аумағында жүзеге асырылған. 2006–2007 жылдары терроризмнің ең шарықтау кезеңі тіркеліп, кейінгі жылдары аздап бәсеңдегенімен, жал­пы қауіптің беті қайтпаған.

Мұндай жағдайларда мемлекеттің ақ­параттық, құқықтық және күштік ресурс­тарының үйлесімді жұмыс істеуі аса маңызды. Қазақстан да бұл бағытта жүйелі түрде тә­жірибе жинақтап, ұлттық қауіпсіздік жүйесінде терроризммен күреске басымдық беріп келеді. Терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың құқықтық және инсти­туционалдық негіздері күшейтіліп, нақты механизмдер енгізілуде.

Қабылданған шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, терроризмнің алдын алуға және оның идеологиясын түбе­гейлі жоюға бағытталған. Елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар – террорлық қатерлерге қарсы ымырасыз әрі нақты жауап берудің көрінісі. Терроризмге қарсы тұру – бұл тек қауіпсіздік құрылымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өйткені ұлттық қауіпсіздікті қорғау – әр азаматтың бейбіт өмір сүру құқығын сақтау деген сөз.

Әсет ҚАЛИ