Жаһандық сипат алған бұл құбылыс – XXI ғасырдың ең қауіпті сын-қатерлерінің бірі. Орталық Азия аймағы да бұл қатерден тыс қалмады: бүгінгі күні аймақтың бірде-бір мемлекеті терроризмнің ықтимал салдарынан өзін толық қауіпсізбіз деп айта алмайды.
Қазақстан Президенті биылғы қаңтар айында құқық қорғау органдары басшыларымен өткізген кеңесте терроризм мен экстремизмге қарсы әрекет етуді күшейтуді нақты міндет етіп қойғаны осы қауіптің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті. Мемлекеттің тұрақтылығы мен халықтың амандығы тікелей ұлттық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігіне байланысты екені даусыз.
Стастикалық мәліметтерге жүгінсек, терроризммен байланысты оқиғалар ең көп тіркелетін елдердің қатарында Ирак, Пәкістан және Иран бар. 2002–2011 жылдар аралығында тіркелген террорлық шабуылдардың 35 пайызы Ирак пен Ауғанстан аумағында жүзеге асырылған. 2006–2007 жылдары терроризмнің ең шарықтау кезеңі тіркеліп, кейінгі жылдары аздап бәсеңдегенімен, жалпы қауіптің беті қайтпаған.
Мұндай жағдайларда мемлекеттің ақпараттық, құқықтық және күштік ресурстарының үйлесімді жұмыс істеуі аса маңызды. Қазақстан да бұл бағытта жүйелі түрде тәжірибе жинақтап, ұлттық қауіпсіздік жүйесінде терроризммен күреске басымдық беріп келеді. Терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың құқықтық және институционалдық негіздері күшейтіліп, нақты механизмдер енгізілуде.
Қабылданған шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, терроризмнің алдын алуға және оның идеологиясын түбегейлі жоюға бағытталған. Елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар – террорлық қатерлерге қарсы ымырасыз әрі нақты жауап берудің көрінісі. Терроризмге қарсы тұру – бұл тек қауіпсіздік құрылымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өйткені ұлттық қауіпсіздікті қорғау – әр азаматтың бейбіт өмір сүру құқығын сақтау деген сөз.
Әсет ҚАЛИ