Жыл сайын шетел асып жатқан Қазақстан азаматтары азаяр емес. Тек 2019 жылы 45 мың қазақстандық келешек мекенін шекараның арғы бетінен тапқан. Ал осы кезде бар-жоғы 12 мың адам Қазақстанда тұруға бел буған. Осылайша, мемлекетіміз ай-күннің аманында өз азаматтарынан «тірідей айрылып жатыр». Алайда себеп неде? Өзге ұлттар тарихи Отанына бет алды ма? Бәлкім елімізде баға шарықтап, өмір сүру қиындады ма?
Көштің есебі қандай?
Статистикалық мәліметтерде былтыр көші-қонның теріс сальдосы минус 32 973 адамды құрағаны көрсетілген. Яғни, келгенімізден кеткеніміз көп. Соңғы 10 жылда Қазақстаннан 332 мыңнан аса адам кетіп, 220 мыңға жуық азамат көшіп келген. БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда дүниеге келген әрбір бесінші азамат шетелде жүр. Демек, 4 млн-ға жуық азаматымыз өзге елдерде өмір сүріп жатыр. Сыртқа көшіп кеткен жандардың жалпы саны бойынша мемлекетіміз әлемде 15-орында тұр. Ал үдере көшуге итермелеп жатқан не?Әлеуметтік фактор себеп пе?
Көп жағдайда белгілі бір елден көшетін жандар жайсыздық барын айтады. Мысалы, экономикалық және әлеуметтік фактор, жұмыссыздық немесе саяси себеп те ықпал етуі мүмкін. 2018 жылы Finprom.kz сараптамалық порталы көші-қон процесіне ауқымды зерттеу жүргізіп, Қазақстандағы әр саланың білікті мамандары шетелге кетіп жатқанын анықтапты. Әсіресе, техника саласының мамандары, экономистер мен педагогтер сыртқа ағылған. Демек, Қазақстан азаматтарынан ғана емес, жұмыс күшін де жоғалтып отыр деген сөз. Бірақ елде жұмыссыздық болса мамандарды ұстап отыруға қандай қақымыз бар? Жұмыссыздық демекші, ел жастарының 23 пайыздан астамы жұмыссыз жүр. Оған уақытша жалдамалы қызметкерлерді қосыңыз. Дегенмен әлеуметтанушы Баян Жүзікбайқызы жұмыссыздық мәселесі шешілсе, адамдар елден кетпейтінін айтады.– Жұмыссыздық – кешенді мәселе. Көші-қон ісінде бұл өте маңызды. Әсіресе, жастар жұмыссыздығына көңіл бөлген жөн. Көбіне Еңбек кодексіне құқықтық өзгерістер қажет деп жатамыз. Оның негізінде колледж бен университеттерді бітірген жастарды мемлекет бірден жұмыспен қамтып, 3-5 жыл аралығында тәжірибелі маман етіп шығаруы тиіс дейміз. Дегенмен бұлай міндеттеу арқылы мәселе шешіле қоймайды. Еңбек нарығы өзгеріске, ізденіске, жаңалықтарға бейім жандарды ғана қабылдайды. Мемлекет жастарды елде ұстап тұру үшін кәсіпкерлікке баулуды қолға алып жатыр. Бірақ жастар кәсіп бастауда қаражаттың болмауын, жалға алатын ғимараттың қымбат екенін, іс жүргізуде тәжірибесі аздығын айтады. Түптеп келгенде жастар келешек мамандығына көз жұма қарап, еңбек нарығында қай саланың сұранысқа ие боларын ескермей қателесіп отыр. Сондықтан жұмыссыздық әсерінен өзге елдерге баруды мақсат етеді, – дейді әлеуметтанушы.Шындығында да, көші-қон мәселесінде жастар жайы алаңдатады. Себебі шетелге көшетіндер арасында жастардың үлесі басым, орташа жас – 38. Былтыр өзге елге қоныстанған 45 мың адамның 5 мыңнан астамы 19 жасқа дейінгі жандар екен.
Жастар кеткісі келе ме?
Осы күні көрші Ресейдің жоғары оқу орындарында 70 мыңға жуық жас білім алып жатыр. Олардың басым бөлігі елге оралмай, тұрақтап қалуы да мүмкін. Жастардың өзге елге білім іздеп емес, келешектегі мекенін іздеп барып жатқаны ойлантарлық. Ал Өскемен қаласының тумасы, Ресейдегі Томск политехникалық ұлттық зерттеу университетінің студенті Әсем Идришева «жастар біліксіз» деген ұғыммен келіспейтінін жеткізді. – Қазақстанда мектепті тамамдадым. Көбіміз Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдадық, себебі Еуропаға сәл де болсын жақын. Кей жастар осында отбасымен бірге көшіп келгісі келеді немесе Еуропаға барғанды қалайды. Жаңа қоғамға ұмтылғымыз келеді. Бірақ Ресей мен Қазақстанда жағдай бірдей. Шынымды айтсам, маған Ресейде оқудың, Орталық Азия елдерінде оқудың айырмашылығы жоқ сияқты. Бұл елдердің білім жүйесі керексіз ақпаратпен уақытымды құртатын секілді көрінеді. Осы жақта отбасыммен тұрақтап қалуым да, қайта еліме оралуым да мүмкін. Бұл проблеманы кейін ойланамын, – дейді студент.Жағдай түзеле ме?
2019 жылы шетелге көшкен адамдар саны әлеуметтану саласындағы мамандарды да толғандырған. Бірақ бәрі елдегі жағдайға сай күткен нәтиже екенін айтады. Себебін түрлі фактордан іздеуге болатынын айттық. Ендігі кезек «бұл көш тоқтай ма?» деген сұраққа тірелсе керек. Бірақ елде доллардың қымбаттап, азық-түлік бағасының тоқтаусыз шарықтай беруіне қарап жағдайдың түзелетініне сену қиын секілді. Ал әлеуметтанушы Исатай Минуаров тұрмыстық қиындықтар барлық әлем елдеріне ортақ екенін баяндады. – Күнкөріс деңгейі нашарлап отырғаны жасырын емес. Бірақ бұл ауыртпалық бүкіл жер шарында бар. Біз көші-қонға қатысты зерттеу жүргізген болатынбыз. Көшіп жатқан адамдар шетелде де жағдай мәз емес екенін біледі. Тек оларды ынталандыратын – жаңа өмір, денсаулық сақтауға кепіл бере алатын мемлекет және бәсекелестікке сай, ешкім жолыңды бөгемейтін жақсы жұмыс орны. Байқағанымыздай, шетелді жастар таңдайды, қолынан келсе көшіп кетуге тырысады. Біздің қоғамымыздың әр саласына жаңашылдық, өзгеріс енгізбейінше – көші-қон мәселесі күрмеулі күйінде тұрмақ, – дейді маман. Түйін: Кез келген адамның өмір сүру құқы бар. Ол соған сай тұрақтайтын мекенін, тілін, дінін өз еркімен таңдауға құқылы. Бізді алаңдататыны – өзге елге үдере көшкен азаматтар санының өсуі. Олардың арасында ел болашағы үшін бір кісідей пайдасын тигізе алатын әр саланың мамандары да бар екені сөзсіз еді.