Жамбыл ауданына қарасты Мыңбаев ауылының тұрғыны Болат Тоқбаев «AMANAT» партиясының бастамасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, жылыжай шаруашылығын жолға қойған. Бүгінде ол көкөніс пен гүл өсіруді қатар дамытып, ауылда отырып-ақ тұрақты табыс тауып отыр.
Берекелі жылыжай
5,065
оқылды

Кәсіпкер 6,2 млн теңге көлеміндегі 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге 1,5 соттық жерге жылыжай салып, қыза­нақ, шалғам, қарбыз және жүзім өсіруді қолға алған. Жылыжайда тамшылатып суару, суды жылыту және желдету секіл­ді жүйе­лер қарастырылған. Негізгі басым­дық қыза­нақ өсіруге берілген. Орта есеппен жылы­на 1,5-1,8 тоннаға дейін өнім жина­ла­ды. Маусым айларында күніне 40-50 келіге дейін қызанақ теріліп, ауыл дү­кендері­не және көтерме сатып алушылар­ға жөнелтіледі.

«Былтыр күзде қызғалдақтың тұ­қымын отырғыздым. Тұқымды арнайы Голландиядан әкелінген сорттармен араластырып ектім. Жылыжай ішіндегі температураны қыста 10-12 градустан түсірмей ұстауға тырыстым. Соның арқасында наурыз мерекесіне қарай 13 мың дана гүл жинап, түгелдей сатып үлгердім. Сұраныс өте жоғары болды. Әсіресе мектеп, балабақша, мәдениет үйі сияқты мекемелерден алдын ала тап­сы­рыстар түсті. Бір күнде мың данаға дейін сатылған кездер болды. Енді келесі жылы бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, гүлді тек ауылда емес, аудан орталығында да сатуды жоспарлап отырмын», – дейді Болат Тоқбаев.

Оның айтуынша, жылыжай – жыл он екі ай табыс әкелетін тұрақты кәсіпке айналған. Бұл бағытқа бет бұруына «AMANAT» партиясы ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы себеп болған. Бағдарлама туралы алғаш рет Алматы облыстық партия филиалынан естіп, құжаттарын дайындап, несиеге өтініш берген. Қолдау мақұлданып, қажетті қаражатқа жылыжай құрылысын бастаған. Қазір бұл кәсібі арқылы ауыл ішіндегі сұранысты толық қамтып отыр.

Айта кету керек, «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы арқылы Алматы облысын­да екі жылда 1 360 адамға 11 млрд теңге несие берілген. Тек былтыр 250 жоба қар­жы­ландырылып, тағы 31 кәсіпкерге қо­сымша қолдау көрсетілді.

Елнар ЕЛТАЙ