2024 жылы облыс көлемінде 700-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, өңірде барлығы 74 тұрғын үй салынып, балалар мен жастарға арналған 35 спорт алаңы орнатылды, сондай-ақ 39 қоршау қойылып, 17 көше жөндеуден өтті.
«Бұл бастама – ауыл өмірінің шынайы қажеттіліктеріне негізделген. Біз әр ісімізде халықтың сұранысын ескеріп, соған жауап беруге тырысамыз. «Жарқын ауыл» – бұл партия мен ауыл тұрғындарының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асып жатқан нақты өзгерістердің көрінісі», – деді партияның Қостанай аудандық филиалының төрағасы Марина Растегаева.
2025 жылы жобаның жаңа кезеңі Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылынан басталды. Жыл басынан бері 115 меморандум бекітілді. Соның нәтижесінде ауылдық жерлерде жолдарды жөндеу, су жүйесін тарту, көшелерді жарықтандыру, мектептер мен балабақшаларды жаңарту, жаңа әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынады.
Мәселен, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында Айсары ауылындағы Бірлік көшесі мен Қостомар ауылындағы Крупская көшесі жөндеуден өтті. Бұрын шұңқыры көп, жүруге қолайсыз болған жолдар бүгінде ауыл тұрғындары үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысқа мүмкіндік берді.
«Жол – тек көлік қатынасы емес. Бұл – балаларымыздың мектепке, үлкен кісілердің ем қабылдайтын орынға қауіпсіз жетуі, жалпы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей ықпал ететін маңызды фактор. «AMANAT» партиясының жол сапасына назар аударуы – мен сияқты тұрғындар үшін аса құнды», – деді Айсары ауылдық округінің тұрғыны Сейтжан Сәндібеков.
Сондай-ақ Половников ауылында заманауи спорт алаңы салынды. Бұл нысан «Половниковское» ЖШС директоры әрі аудандық мәслихат депутаты Олег Двоеглазовтың бастамасымен іске асырылды. Қазір бұл алаңда ауыл жастары тұрақты түрде футбол, волейбол ойнап, белсенділіктерін арттыруда.
«Ауыл балалары толыққанды дамуы үшін қажетті мүмкіндіктерге қол жеткізуге тиіс. Мен көпбалалы ана ретінде бұл спорт алаңдары балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бір-бірімен араласуына жағдай жасайды деп ойлаймын», – дейді Половников ауылының тұрғыны Алмагүл Тоқтауылова.
«Жарқын ауыл» – бұл өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жоба. Оның іске асуы партияның өңірлік даму мен шалғай елді мекендерді қолдаудағы нақты қадамдарын айқын көрсетеді.
Елнар ЕЛТАЙ