Несие рәсімдеуге қатысты жаңа ережелер енгізіледі
Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие беру шарттарын қатаңдату туралы мәселе көтерді. Енді азаматтар кепілсіз тұтынушылық несие алу үшін банк бөлімшесіне немесе микроқаржы ұйымына келуге міндетті. Бұл – несие рәсімдеуші мен оның жеке деректерінің бір-бірімен сәйкестігіне көз жеткізіп, жеке басын растау үшін енгізілген ереже. Сондай-ақ бұдан былай онлайн несие рәсімдеушілер арасында жас шектеуі енгізіледі. Бұл дегеніміз 21-ге толмаған немесе 55 жастан асқан азаматтар несие алар алдында арнайы келісімін беруі тиіс. Мұндай келісім eGOV.kz порталы, кредитор қосымшасы немесе мемлекеттік жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Заңда көрсетілген тағы бір маңызды өзгеріс – алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді соттан тыс және сот арқылы есептен шығаруға болады. Берешекті соттың қатысуынсыз реттеу тәртібі екі жағдайда ғана мақұлданады. Біріншіден, егер тиісті органдар азаматты жәбірленуші деп таныса, екіншіден несие беруші тарап ережеге сәйкес жұмыс істемесе, несиені соттың көмегіне жүгінбей-ақ есептен шығару мүмкіндігі қарастырылған. Заңда көрсетілген кезекті өзгеріс – енді қаражат бұрынғыдай несие рәсімдеушінің қолына бірден түспейді. Тұтынушылық онлайн несиені рәсімдеу кезінде «шешім қабылдау кезеңі» енгізіледі. Несие осы мерзімнен өткеннен кейін және қарыз алушының оны беруге келісімін алғаннан кейін ғана берілуі мүмкін. Аталған ережелерді 2025 жылдың қыркүйек айында қолданысқа енгізу жоспарланған.
Жыл басынан бері Алматыда 1 300-ге жуық қылмыс тіркелген
Биыл бірінші жартыжылдықта Алматы қаласында интернет-алаяқтық бойынша 1 300-ге жуық қылмыс тіркелді. Полиция департаментінің өкілдері қылмыстың бұл түрі көбіне жалған платформалар мен онлайн несиеге байланысты екенін айтады. Сарапшылардың сөзінше, мұндай деректердің артуына онлайн қызметтердің қолжетімділігі мен азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр.
Нейрожелілер deepfake бейнелер мен дыбыстарды бірден анықтауға қауқарлы
Қазіргі уақытта deepfake технологияның арқасында адамның дауысын немесе түрін айнытпай салу арқылы несие рәсімдеу туралы ақпаратты жиі құлағымыз шалады. Мұндай жаңа қауіпке қарсы банктер мен мемлекеттік органдар қандай нақты қорғаныс механизмдерін енгізуі тиіс? Біз түйіткілге қатысты бірқатар сауалымызды журналист, IT маман Мейіржан Әуелханұлына қойып көрдік.
– Deepfake технологиясының жылдам дамуы – үлкен жетістік қана емес, сонымен қатар елеулі қауіптің көзі. Бүгінде адамның дауысын немесе бейнесін жасанды түрде айнытпай салып, оның атынан онлайн несие рәсімдеу немесе мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу сынды алаяқтық әрекеттер жиілеп келеді. Бұл – жеке деректер қауіпсіздігіне, биометриялық аутентификацияға және цифрлық сенімге тікелей соққы. Мұндай қауіп-қатерге қарсы банктер мен мемлекеттік органдар бірқатар нақты, кешенді қорғаныс механизмдерін шұғыл түрде енгізуі тиіс. Біріншіден, тек дауыс немесе бейне арқылы сәйкестендіру жеткіліксіз екенін мойындап, көп факторлы аутентификация жүйесін қолдану қажет. Яғни, бір мезгілде кемінде екі түрлі тексеру әдісі – биометрия (бет, дауыс), құпия код, SMS-хабарлама, құрылғының орналасқан жері немесе мінез-құлыққа негізделген тексеру (мысалы, адамның теру жылдамдығы немесе құрылғымен әрекет ету мәнері) қатар қолданылуы тиіс, – деді ол.
Маманның сөзінше, deepfake-ті нақты уақыт режимінде танитын алгоритмдерді енгізу – өте өзекті. Қазір нейрожелілер deepfake бейнелер мен дыбыстарды бірден анықтауға қауқарлы. Мейіржан Әуелханұлы мұндай шешімдерді банктердің және eGov секілді мемлекеттік платформалардың идентификация жүйесіне тікелей енгізу қажет екенін түйреп өтті. Бұл – екінші мәселе.
– Үшіншіден, барлық бейне немесе дауыс арқылы жүргізілетін операциялар тек арнайы қосымшада немесе қорғалған арнада жүзеге асуы тиіс. Мысалы, қолданушының камера арқылы сөйлеген видеосы нақты уақытта өңделіп, deepfake белгілері (мысалы, көздің қозғалысы, ерін мен дауыс арасындағы сәйкессіздік) тексерілуі тиіс. Сонымен қатар, live selfie арқылы биометриялық тексеру, яғни, «Адам шынымен тірі ме, әлде алдын ала жазылған видео ма?» деген сұраққа жауап бере алады. Төртіншіден, заңнамалық реттеу мен жауапкершілік те қатар жүруі тиіс. Deepfake технологиясын қылмыстық мақсатта пайдаланғандарға қатысты қатаң жауапкершілік, ал жүйелерін жетілдірмеген ұйымдарға – қауіпсіздік талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қолдану маңызды. Соңында, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру – басты міндеттің бірі. Көптеген адамдар deepfake дегеннің не екенін білмейді, сондықтан мұндай технологияға алданып қалу ықтималдығы жоғары. Банктер мен мемлекеттік органдар осындай алаяқтық түрлері туралы үнемі ақпарат таратып, халықты сақтандыру шараларын жүргізуі қажет, – деді IT маман.
Deepfake – геосаяси, этикалық және мәдениетаралық мәселе
Тағы бір атап өтерлік негізгі мәселе, қазір жасанды интеллект көмегімен жасалған хабарламалар мен deepfake видеоларды қарапайым қолданушы ажырата алмай жатады. Бұл өз кезегінде жалған ақпаратты дер кезінде анықтау үшін ұлттық немесе халықаралық деңгейдегі нақты шешімдерді қажет етеді. Мейіржан Әуелханұлы ЖИ арқылы жасалған контенттер жалған ақпараттың тез таралуына, қоғамдық пікірді бұрмалауға және әлеуметтік тұрақсыздыққа әкеп соғуы мүмкін екенін алға тартты.
– Ең алдымен, ұлттық деңгейде deepfake және ЖИ арқылы жасалған контенттерді танитын арнайы платформалар мен құралдарды әзірлеу қажет. Бұл – мемлекеттік деңгейде құрылған цифрлық қауіпсіздік орталықтары немесе медиа-аналитикалық агенттіктер жанынан жұмыс істейтін жүйелер болуы мүмкін. Олар ашық тараған видеоларды, әлеуметтік желідегі вирустық жазбаларды нақты уақытта сараптап, deepfake белгілері анықталған жағдайда халықты ескертіп отыруы тиіс. Мұндай жүйелерге медиа ұйымдар мен платформалар да тікелей қосылып, автоматты түрде тексеруден өтуі мүмкін. Сонымен бірге халықаралық деңгейде deepfake-ке қарсы стандарттар мен этикалық нормалар қабылдануы керек. Мысалы, БҰҰ, Еуроодақ, ЮНЕСКО немесе Дүниежүзілік экономикалық форум секілді ұйымдар deepfake контенттің таралуын шектеу және оның авторын анықтау механизмдерін бірлесіп бекітуі қажет. Бұл – әрбір видеода немесе медиада «цифрлық сутаңба» (digital watermark) қалдыру, яғни контенттің қайдан, қашан, қалай жасалғанын айқындайтын криптографиялық белгілерді заң жүзінде міндеттеу арқылы жүзеге асады, – деді М. Әуелханұлы.
Deepfake – техникалық қана емес, геосаяси, этикалық және мәдениетаралық мәселе. Оған қарсы тұру да ұлттық деңгейден жоғары кешенді әрекеттерді талап етеді.
– Тағы бір жолы, әлеуметтік желі платформалары мен мессенджерлерге deepfake детекция жүйелерін енгізуді заңмен міндеттеу керек. Бұл Meta (Facebook, Instagram), TikTok, Telegram, X (Twitter) сияқты ірі платформалардың өз контентін автоматты түрде тексеріп, күмәнді материалдарға «жалған ақпарат» белгісін қоюын немесе таралуды шектеуін қамтамасыз етеді. Мұндай талаптар заңмен реттеліп, орындамаған платформаларға айыппұл немесе тыйым салу шаралары қолданылуы мүмкін. Deepfake-ке қарсы халықаралық дерекқор (global deepfake detection database) қажеттілігі күн санап артып келеді. Бұл жүйеде белгілі бір deepfake үлгілері, техникалары, оларды таратқан аккаунттар мен платформалар туралы ақпарат сақталып, барлық елдің киберқауіпсіздік құрылымдары бірлесіп қолдана алатындай деңгейде болуы тиіс. Бұл трансшекаралық deepfake шабуылдарды ерте анықтауға көмектеседі, – деп сөзін түйіндеді М. Әуелханұлы.
Интернет кеңістіктегі алаяқтық – әрбір азаматтың жеке қауіпсіздігіне төнген қатер. Жаңа ережелердің енгізілуі бұл қауіптің алдын алуға белгілі бір деңгейде ықпал етуі мүмкін. Дегенмен басты қорғаныс – әркімнің өз сақтығы мен жауапкершілігі екенін ұмытпауымыз тиіс.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы