Ақтау тұрғындары 15-шағынаудандағы Каспий жағасында орналасқан қоғамдық дәретханаға шағымданды. Тұрғындардың сөзінше, дәретханада балалар ұйықтап жатқан, ал кассир мас болған. Олар қала әкімшілігінен осы дәретханаға назар аударуды және жағдайды реттеуді сұраған болатын. Қала әкімдігі осы мәселеге байланысты жауап берді, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Қалалық әкімшіліктің мәліметінше, 4 тамыз күні әкімдік өкілдері балалардың жағдайымен танысып, түскен ақпаратты тексеру үшін сол жерге барған. Нәтижесінде, балалардың отбасы бары анықталды. Олар тұрмысы нашар отбасы ретінде бірнеше жылдан бері әлеуметтік бағдарлама бойынша мемлекеттен жан-жақты көмек алып отыр.
Тіпті, жалғызбасты ана ретінде өз кезегінде баспаналы болған. Оған қоса, отбасы үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал балалардың әжесі осы қоғамдық дәретханада кассир боп жұмыс істейді. Сол кездерде анасы бірнеше күн бұрын балаларын әжесінің қарауына тастаған болатын.