Саясаттанушы Асхат Қасенғали халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында елімізге арнайы сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздесуі туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Асхат Қасенғали: Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру – маңызды шешім
516
оқылды

Саясаттанушының айтуынша, БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Алматыға атбасын бұрып, Қазақстан Президентімен кездесуі бекер емес. Олар кездеу барысында маңызды тақырыптарды талқылап, жаһанда болып жатқан жайттар, аймақтық мәселелерді де қозғаған. 

– БҰҰ-ның жұмысын көптеген сарапшы сынға алып, оған реформа жасалуы тиіс дегенді айтумен келеді. Ол рас. Бұл ұйымға реформа керек. Әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесіне, әсіресе гуманитарлық бағдарламаларына реформа қажет-ақ. 

Кей жандар БҰҰ-ға реформа жасалмаса, ол Ұлттар Лигасының тағдырын қайталауы мүмкін дегенді де айтып жүр. Қазақстан да бұл ұйымға реформа жасалу керектігін айтумен келеді. Дегенмен осының бәріне қарамастан БҰҰ әлемдегі барлық елдің басын қосқан ұйым болып қалуда. Біз сияқты мемлекеттер үшін БҰҰ-ның ыдырағаны емес, қуатты бола түскені маңызды. Оның жарғысында жазылған суверенитет принципі, аумақтық тұтастық мәселелері қатаң сақталғанын қалаймыз. БҰҰ-да орындалуы міндетті қарарлардың саны артып, оны орындау жүйесі де міндетті форматқа ауысса дұрыс болар еді. Әйтпесе, орындалуын күтіп жатқан қанша қарар бар. 

БҰҰ-ға қанша сын айтылса да, ол 1945 жылдан бері әлем елдерінің мәселесін талқылап, шешуге тырысып келе жатқан басты алаң болып қалуда. Қауіпсіздік, адам құқығы, климаттық өзгерістер, босқындар мәселесі, ядролық қауіпсіздікті күшейту, аштықтың алдын алу және басқа мәселелер талқылануда. Егер БҰҰ-ның барлық бағдарламасы бір мезетте тоқтаса, әлемде миллиондаған адам көз жұмуы мүмкін. Себебі БҰҰ-ға мүше елдер жарна төлеу арқылы оның гуманитарлық бағдарламаларын қаржыландырып келеді. Тек БҰҰ қолдауы арқылы өмір сүріп отырған елдер, босқындар лагері, аймақтар бар. Сондықтан бұл ұйым керек, тек оған ішкі реформа жасалуы қажет. 

Гутерриш бізге жай келген жоқ. Маңызды сапарға келгенін айтты. Бұл тек қана біз үшін емес, Орталық Азия үшін де маңызды кездесу дейді ол. Президент оның арнайы келгеніне алғыс айтып, былай деді: «Сіздің дер кезінде қолға алған әрі келешекті ойлаған UN80 бастамаңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан ұйымды реформалау жолындағы іс-әрекеттеріңізді толық қолдайды. Осы ретте еліміздің Ұйым қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын», - дейді. 

Антониу Гутерриш Қазақстанның әлемдегі қақтығыстарды бейбіт шешуге үндеу тастауын, медиаторлық тәжірибесін жоғары бағалап өтті. Ол «Қазақстан мәмілегер ел ретінде өзін танытуда»,- дейді. 

Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылуда. Онда Орталық Азияға қатысты, Ауғанстанға қатысты маңызды шешімдер қабылданып, бастамалар көтеріледі деп күтілуде. Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қою рәсімі өтіп, оған БҰҰ басшысы мен Қазақстан Президенті қатысты.  БҰҰ-ның маңызды бір орталығы осылайша біздің Алматыда ашылып жатыр, – деді саясаттанушы Асхат Қасенғали.