Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Соттың мәліметінше, Руслан Берденовтің жеке басын жақтырмауынан мастықпен сотталушы аңшылық қаруды алып, әкімдік ғимаратының маңына келіп, оның шыққанын күткен.
«Кешкі тоғызға жақын уақытта әкім орынбасарының ғимараттан шығып келе жатқанын көрген сотталушы, мылтығымен қасына жүгіріп келіп, бес рет оқ атады. Салдарынан Р.Берденов ауыр дене жарақаттарын алған. Р.Берденовтің құлағанына көз жеткізген Е.Жиенбай өмірді қиятын соңғы оқ атуға әрекет жасаған, алайда оғы таусылып, қару атылмай қалды. Осыдан кейін жаралы Р.Берденовпен күрес басталып кетеді, сол кезде Е.Жиенбай қолынан мылтығын түсіріп алады. Бұл сәтте әкімдікке тиесілі жүргізушінің бірі қызметтік көлікпен Е.Жиенбайды қағып кетеді. Осылайша, адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмыстық іс-әрекетін тоқтатады», – делінген хабарламада.
Соттың хабарлауынша, айыпталушы мен жәбірленуші арасындағы жағдайға жеке басты жақтырмау мотиві себеп болған.
«Өкінішке қарай, мұндай жанжалдар сирек емес. Барлығымыз да пенде болғандықтан, эмоциядан кенде емеспіз. Адамға бір қарағаннан-ақ жақтырмаушылық сезімі туындауы мүмкін. Көпшілік мұндай жағдайды конструктивті түрде шешетіні белгілі. Алайда Е.Жиенбай бірден радикалды тәсілге барып, нәтижесінде адамды қасақана өлтіре жаздаған.
Аталған сот процесінің шеңберінде қаралатын оқиға жеке сипатқа ие. Мәселе екі адамның арасындағы жанжалда жатыр. Сондықтан да өзге себептерді іздеудің қажеті шамалы. Бұл істің аясында тараған бірде-бір өсек тергеу кезінде дәлелін тапқан жоқ. Болған оқиғаның мән-жайы толығымен анықталды, бұл істе бәрі де айқын және анық», – делінген хабарламада.
Е.Жиенбай өз кінәсін толық мойындады. Айыпталушы Р.Берденовке қарсы қылмысқа жеке басын жақтырмау себебінен барғанын растады. Ернар Жиенбай тарапы фактілерді теріске шығарып жатқан жоқ, қорғаушылар үшін дәл қазір болған оқиғаның құқықтық бағалануы мен ықтимал салдары маңызды.
Айта кетейік, Е.Жиенбайға қатысты процесс Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қалыпты қылмыстық іс жүргізу шеңберінде өтіп жатыр. Сот ашық режимде және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтуде.