«Алматыэлектротранс» тасымалдау компаниясы баспасөз қызметі қоғамдық көлікте коронавирустан сақтану шаралары қалай жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Барлық жүргізушілерге маска таратылып, оны қалай қолдану керегі түсіндірілді. Олардың бәріне санитайзерлер мен химиялық ерітінді таратылып, қолды таза ұстауға кеңес берілді. Олар әрбір қолма-қол есеп айырысудан кейін санитайзерді қолдануы тиіс», – дейді компания өкілі.Бақылау-тексеру басқармасы да тиісті шараларды қолға алып отыр. Кезекті жұмысқа шығар алдында әрбір бақылаушыға маска мен антисептиктер беріледі. Инструкция бойынша олар азаматтардан карточкасын алмауға тиіс, әрбір жолаушы терминалға карточканы өздері басады. Жолаушыларға автобусқа төлейтін 150 теңге жолақыны мүмкіндігінше алдын ала дайындап қоюға кеңес беріліп отыр. Автобус терезелерін жиі ашып, желдетіп отыру міндеттелген. Қоғамдық көлік салондарына әрбір айналмадан кейін мамандандырылған компания қызметкерлері дезинфекция жасайды. Қазір қоғамдық көліктердің жүру арақашықтығы біршама сирегені байқалады. Мұны осы дезинфекция жұмыстары жүргізілуімен байланыстырып отыр. Қаладағы ең ірі азық-түлік дүкені болып саналатын Мамыр ықшамауданындағы «Магнумға» арнайы барып, жағдаймен танысып көрдік. Дүкен сөрелері толып тұр. Дегенмен ұн, қант, күріш, макарон, сұйық май сияқты азық-түлікті молырақ алып жатқандарды байқадық. Дүкен қызметкерлері босаған орындарға бірден тиісті өнімдерді әкеліп қоюда және олар алғашқы күндерге қарағанда алушылардың қарқыны басылғанын, азық-түлік қоры жеткілікті екенін айтты. Нан өнімдері қапталған. Таразылап сатылатын, шекер, күріш, печенье, басқа да азық-түлік өнімдері 1-2 келіден арнайы пакеттерге салынған. Әйтсе де, ірі сауда нысандарына қойылған талаптың бірі болып саналатын нысанға маска таққандарды ғана кіргізу (маскасы болмаған жағдайда оларға масканы тегін беру) талабы орындалып жатпағанын көзбен көрдік. Дүкен аралап жүргендердің көбі маскасыз.
«Дүйсенбі «Байсат» сауда орталығы жұмыс істемейді. Сейсенбі күні жұмысқа 10-да келдім. Өйткені сауда орталықтары 11 мен 17 аралығында жұмыс істейтіні жөнінде Жарлық шықты. Кейбір білмей ертерек сауда орнын ашқандарға тиісті орындар айыппұл салып, біраз шу болды. «Байсат» базарында алушылардың қатары сиреген жоқ. Себебі қазір Қытайдан тауар келу тоқтаған. Қаражаты бар, алыпсатарлықпен айналысатын адамдар көбірек тауар сатып алу үшін базарда жүр. Өйткені олар 15 сәуірге дейін тауар келмейтінін біледі. Сол себепті тауарды көбірек алып қалуға тырысып жатыр. Көтерме сауда жағында жүргеннен кейін біздің көріп отырғанымыз – осы. Бұл жерде жеке өздеріне зат сатып алып жатқандар аз», – дейді «Байсат» сауда орталығында жұмыс істейтін жеке кәсіпкер Гүлжан Сабырова.Алматы – ірі сауда орталығы. Бұл жерден жан-жаққа үнемі тауар жөнелтіледі. Сыртта жүк көліктері тұр. Саудагерлер бұл жерден еліміздің басқа өңірлеріне тауар жіберу толастамағанын айтады.
«Сенбі-жексенбі кәдімгідей сауда болды. Дүйсенбі демалып, кеше жұмысқа қайта шықтық. Менің байқауымша, сауда жасауға келіп жатқандардың қарасы бұрынғыға қарағанда көбірек. Адамдар соншалықты үрейленіп, үйден шықпай отырған жоқ. Үрейге бой алдырып, байбалам салып жатқан ешкімді көрмедім. Көбісі маскасыз жүр. Тауар алу жағы қиындық тудырып тұр. Біз, негізінен Қытай елінен тауар аламыз. Ақшасын төлеп, тауар алып қойғанмын, бірер күнде тауарым келуі керек еді. Қазір кеден жабық. Енді қай уақытқа дейін тауар келмейтінін білмейміз. Тауар азайып жатыр. Түркиядан алайын десек, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы көтеріліп кетті. Оның үстіне, Түркияның тауарлары қымбаттау. Қымбат тауарды өткізу қиын. Біз, негізінен спорттық аяқ киімдер сатамыз. Байқауымша, сатушылар бағаны көтерген жоқ», – дейді «Адем» сауда орталығының жеке кәсіпкері Раушан Оспанова.Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің жұмысы ауыр екенін бәріміз түсінуге тиіспіз. Алматы медицина мекемелеріне кірген және шыққан медқызметкерлердің температурасы өлшеніп, эпидемияға қарсы шаралар жасалуда. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев карантинге жабылған мекемелерде науқастармен тікелей жұмыс істейтін медқызметкерлердің коронавирус инфекциясын жұқтырып алу қатері жоғары екенін айта келіп, Алматы қаласында штаб жұмысын бастаған сәттен бері медициналық қызметкерлер жеке қорғану құралдарымен, оның ішінде арнайы костюм, респиратор, маскамен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Қазіргі таңда Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған медқызметкер тіркелген жоқ. P.S.
Astana Group компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов БАҚ өкілдеріне коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында, сондай-ақ жалға алушылар мен келушілерден түскен өтініштерді ескере отырып, MEGA сауда ойын-сауық орталықтарының жабылатыны туралы хабарлама таратты.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ