Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы берген халықаралық автокөлік өткізу пункттерін реконструкциялау жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы бойынша жиын өткізді.
Шекара инфрақұрылымы сын көтермейді
5,199
оқылды

Онда Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төра­ға­­сының орынбасары – Шекара қыз­метінің директоры Ерлан Алда­жұ­мановтың баяндамалары тыңдалды.

Қаржы министрлігінің мәлі­­ме­тінше, биылғы жоспарда Еура­зия­лық эко­номикалық одақтың сырт­қы шекара­ларындағы (ҚХР, Өз­бек­­стан Рес­публикасы, Түрік­менстан) 9 өткізу пунктін реконструкциялау жұмыстары тұр. Бүгінде олардың 4-еуінде: Қапланбек, Атамекен, Қалжат және Алакөл пункттерінде жұ­мыстар аяқталды. Бес нысанды жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін өз мәресіне жетпек. «Жібек жолы» жолаушылар өткізу пунктін реконс­трукциялау жоспардан тыс жүруде, аяқталуы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында көзде­ліп отыр.

Жаңғырту жұмыстары кезінде алты жолақты кірме жолдар, элек­тронды қадағалау жүйелерімен қоса алғанда, барлық қызметтер үшін бірыңғай инфрақұрылым құруды көздейтін жағдай жасауға баса назар аударылды. 

Баяндамаларды тыңдаған Пре­мьер-Министр кеден қызметінің, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасы шекара­ларындағы автомобиль өткізу пункт­­терін жөндеу мерзімдерінің ке­шіктірілуіне бай­ланысты салалық министрліктер жұмысын сынға алды.

Олжас Бектенов Қаржы ми­нистрлігі Мемлекеттік кірістер ко­митеті мен Көлік министрлігі Авто­мобиль жолдары комитетінің төрағаларын жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Сонымен қатар министрліктердің жауапты басшылары жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін өңірлерге жіберілді.

Кеден қызметінің кадр құрамына, әсіресе өткізу пункттеріне қатысты талаптарды қатаңдату, сондай-ақ жабдықпен жарақтандыру және интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша міндеттер қойылды. Көлік, қаржы министрлеріне өткізу пункттерін реконструкциялау барысы туралы Премьер-Министрге апта сайын есеп беру тапсырылды.

Мейір ЖАСЫН