Бұл жарыс алдағы әлем чемпионатының алдындағы маңызды турнир болған-тұғын. Бапкерлер құрамы да әр спортшының күшін сынап, алдағы беделді жарыстарда кімнің атой салатынын тұспалдайтын шақ.
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасынан 15 балуан бозкілемге шықты. Олар 7 салмақ дәрежесінде жүлде үшін белдесті. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтеріле алмады.
Дегенмен финалдық бәсекеге дейін біраз балуанды артқа тастап Бақытжан Қабдылдың күш-жігері тасып-ақ тұр. Ол 63 келіге дейінгі салмақта күресіп, шешуші белдесуде Қырғызстан спортшысы Жоламан Шаршенбековке есе жіберіп қойды. Сөйтіп, күміс медальға қол жеткізді. Ал дәл осы салмақта отандасымыз Сайфулла Құрманға қола жүлде бұйырды. Осы дәстүрмен Диас Қалтай (82 келіге дейін) мен Ерзат Ерланов (97 келіге дейін) үздік үштікті сәтті аяқтады.
Негізі, бұл додада жанкүйерлер әйелдер құрамасына көз тіккен болатын. Оған себеп, әлемдік рейтингтің көш басында тұрған батыр қызымыз Жәмила Бақбергенова мен бірнеше белді чемпионаттардың жүлдегері Эльмира Сыздықова бозкілемде өнерлерін паш етуі еді. Жалпы, қыздармыз да бұл жарыста осалдық танытпады. Отандастарымыз бұл жарысқа толық құраммен қатысқан болатын. Нәтижесінде, бір күміс, бір қола медаль еншіледі.
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова 76 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап, ақтық кезеңге дейін табан тіреді. Ол жартылай финалда италиялық Энрика Ринальтиден басым түссе де, финалдық бәсекеде жарақатына байланысты турнирден бас тартты. Осылайша, қоржынымызды күміспен күптеді.

Ал 55 келіге дейінгі салмақта белдескен жерлесіміз Зульфия Яхьярова қола медальді қанжығасына байлады. Одан бөлек, Светлана Анкичева (50 келіге дейін) жартылай финалға дейін жетті. Алайда қола медаль үшін өткен белдесуде жеңіліп қалды.
Осы орайда Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев балуандардың қалай өнер көрсеткеніне қатысты пікір білдірген еді.
– Жалпы, команда әлем чемпионатының алдындағы соңғы жарысқа қатысты. Бұл бәсекеде әр балуанның қазіргі деңгейін көріп, дайындығында не жетіспейтінін анықтадық. Кімге техника, кімге жылдамдық, ал кімге физикалық дайындық жетіспейтіні белгілі болды. Айта кету керек, Жәмила Бақбергенованы жарыстың жарты жолынан алып тастадық. Себебі бұған дейінгі турнирлерде алған жеңіл жарақаттары бар еді. Сондықтан оған әлем чемпионатына дейін ауыртпашылық түсірмеуді жөн көрдік.
Сондай-ақ Эльмира Сыздықова финалда бразилиялық балуанмен күресуі керек болатын. Алайда жартылай финалда қабырғасынан жарақат алып, ақтық сынға шықпады. Одан бөлек, Зейнеп Баянова бұл жарысқа өте жақсы дайындықпен барды. Дегенмен кішігірім тактикалық қателіктерге жол беріп, жарысты ерте аяқтады. Елена Шалыгина қола жүлде үшін белдесуге дейін жетті, алайда медаль жеңіп ала алмады. Қалған балуандарымыз өз деңгейінде күресіп шықты, – деді бас бапкер.
Сондай-ақ бас бапкер Қайрат Сағадиев әлем чемпионатының алдындағы іріктеу мен оқу-жаттығу жиындары жайлы толығырақ айтып берді.
– Қазір 68 келіге дейінгі салмақта Ирина Казюлина және Бейбіт Сейдуәліні қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар 57 келіге дейінгі салмақта Лаура Алмағанбетова мен Нилуфар Раимова бар. Соңғы турнирлерде көрсеткен көрсеткіштеріне қарай іріктеу жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ алда екі кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бірінші кезеңнің алдында жаттықтырушылар кеңесін өткізетін боламын. Сол жерде әлем чемпионатына кімнің баратыны нақты белгілі болады.
Ал оқу-жаттығу жиындарының бірінші кезеңі 11-28 тамыз аралығында Ақмола облысында өтеді. Бұл кезеңде жалпы дене дайындығына көңіл бөлетін боламыз. Сондай-ақ техникалық, физикалық тұрғыда балуандарды дайындаймыз. Екінші кезең 3-13 қыркүйек аралығында Алматы олимпиадалық даярлау орталығында өтеді. Әрі қарай әлем чемпионатына аттанамыз, – деп қорытындылады бас бапкер.
Ересектер күресімен тұспа-тұс келген жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын айтпасқа болмас. Грекияның астанасы Афина қаласында өткен әлемдік турнирде отандастарымызға шақ келетін ешкім болмады. Аталған байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы жалпы саны 11 медаль жеңіп алып, әлемдік деңгейде жоғары нәтиже көрсетті.
Қазақстан қоржынына екі алтын, үш күміс және алты қола медаль түсті. Ел намысын қорғаған жас спортшылар грек-рим, әйелдер және еркін күрес бойынша татамиде бақ сынаған еді.
Грек-рим күресінде жаңа есім пайда болды. Жаңажол Қуанышбек атты отандасымыз түгел қарсыласын бозкілемге жығып, 45 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Бұл Қазақстан құрамасының аталған чемпионаттағы алғашқы алтыны болды. Сондай-ақ Нұрдәулет Құмарұлы (48 келі) мен Нұралы Асқар (55 келі) күміс медаль еншілесе, Шамиль Досбол (65 келі) мен Марлен Мейірбекұлы (71 келі) қола жүлдеге ие болды.

Қыздар арасында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Мадхия Усманова қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, жеңімпаз атанды. Финалда ол Үндістандық Монимен белдесіп, тартысты өткен кездесуде 6:5 есебімен басым түсті. Бұл жеңіс Усманованың халықаралық деңгейдегі алғашқы үлкен жетістігі саналады.
Сондай-ақ қыздар күресінде Інжу Баққожа (43 келі) мен Шахизада Дәулетжан (69 келі) үшінші орыннан көрінді.
Еркін күрестен Данаель Абдықасым (51 келі), Бекасыл Асамбек (60 келі) және Дінмұхаммед Қасымбек (80 келі) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бұл чемпионат жас балуандар үшін тәжірибе жинауға және халықаралық аренада шыңдалуға үлкен мүмкіндік болды.
– Бұл жарыстар қыркүйек айында Хорватияда өтетін әлем чемпионатына дайындық тұрғысынан аса маңызды. Жаттықтырушылар да, спортшылар да осы арқылы өз деңгейін бағамдай алады. Ал енді сол әлем чемпионатында біз бір емес, бірнеше жүлде алатынымызға сенеміз. Тіпті, алуымыз керек. Былтыр көрсеткішіміз өте жақсы болды, биыл соның өзінен асып түсуіміз қажет. Мемлекеттен миллиардтап бөлініп жатқан қаражат бар, демек оның нақты қайтарымы медаль мен нәтиже болуға тиіс. Күрес федерациясы да мұны сезінуі керек, – дейді спорт журналисі Аслан Қаженов.
Әсет ҚАЛИ