Атырауда 80 жастағы зейнеткер сегіз баласы мен бір немересінен өзін күтіп-бағуға алимент талап етіп, сотқа шағым түсірген. Бұл туралы Aikyn.kz сайты “Мой городқа” сілтеме жасап хабарлайды.
Зейнеткер 10 жылдан бері жалғыз тұрады екен.
Айтуынша, туыстарының ішінде бір ұлы ғана хабарласып тұрады. Қалған балалары мен немересі ешқандай материалдық, моральдық қолдау көрсетпейді. Қазір қарияның денсаулығы сыр берген. Сондықтан материалдық жағдайының нашарлауына байланысты туыстарының көмегіне зәру.
“Заң бойынша кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж мүгедек ата-анасын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Олар кәмелетке толған еңбекке жарамды немерелерінен алимент өндіруді сот арқылы талап етуге құқылы”, – деді сот.
Атырау қалалық соты тараптардың әрқайсысының материалдық және отбасылық жағдайына талдау жасап, талапкердің талаптары ішінара қанағаттандыруға жатады деген қорытындыға келді. Сот оның 8 баласы мен немересінен зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегі үшін 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде алимент өндіру туралы шешім шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.