Астанада 6 жасар Медина ауладағы әткеншектен оңбай құлап, төсек тартып қалды. Бұл туралы Аikyn.kz 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 4 тамыз күні елордадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Әткеншек теуіп отырған кішкентай қыз абайсызда ұшып кетіп, қатты екпінмен жерге құлаған.
“Қазір Мединаның жағдайы онша емес. Басы жарылған, маңдайынан артына дейін сынған. Жағы сынған, тісі сынған. Үстіңгі тістері босап кеткен. Үстіңгі ерні жыртылып, оны енді тіктірді. Қазір тамақ іше алмайды. Таңнан кешке дейін дәрі алып жатыр”, – дейді қыздың анасы Ақтолқын Қасымова.
Оның айтуынша, Мединамен бірге ауруханада әкесі жатыр. Өзі декреттік демалыста, ал үйдің жалғыз асыраушысы – жұбайы. Сондықтан ақылы палатадағы шығынды отбасының қалтасы көтермейді.
Сондай-ақ Ақтолқын Қасымова мұндай жағдайдың бірінші рет емес екенін атап өтті. Дәл осы әткеншектен бұған дейін де бірнеше бала құлап, түрлі жарақат алған. Әткеншек тым ескі, ол аздай ортасынан морт сынған. Алайда ата-аналар дабыл қаққанымен, жауапты мекемелер ешқандай шара қабылдамаған.
“Әткеншектер мен сырғанақтардың бәрі сынып тұр. Баланың қауіпсіздігі үшін төселетін жұмсақ жабындылар да жоқ. Ештеңе қарастырылмаған. Пәтер иелерінің кооперативінен ештеңе жоқ. Мүлік иелерінің бірлестігі мүлдем жұмыс істемейді”, – дейді тұрғындардың бірі Гүлдана Жанғарашева.
Тұрғындардың айтуынша, жауапты мекемелерге бірнеше рет хабарласып, жөндеу жұмыстарын жасауды өтінген. Алайда еш өзгеріс болмады, қауіпті әткеншектің өзі бүгін ғана қоршалды деп отыр.